ӘКЕ СӨЗІМЕН ӨРІЛГЕН ТӘРБИЕ
Әке – отбасының тірегі, шаңырақтың қорғаны, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін асыл тұлға. Қазақ халқы әркез әкенің қадірін жоғары қойып, оны отбасының ғана емес, тұтас әулеттің берекесін сақтаушы азамат ретінде бағалаған. Әке тәрбиесін көріп өскен бала елін сүйетін, еңбекті қадірлейтін, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болатын азамат болып қалыптасады. Сондықтан да әке мәртебесін көтеру, отбасы құндылықтарын дәріптеу және жас ұрпақ санасына әке өнегесінің маңызын сіңіру бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.Осы мақсатта 21 маусым – Халықаралық әкелер күніне орай Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жалынды жастар» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жергілікті әйелдер кеңестері жұмысын дамыту және отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау бағытында шараларды ұйымдастыру қызметі» әлеуметтік жобасы шеңберінде «Ойлан, тап» атты интеллектуалдық сайыс өткізілді. Тағылымды шара «Арман» мәдениет үйінде ұйымдастырылып, аудан тұрғындары мен қонақтарының басын қосты. Мерекелік кеш әкелердің қоғамдағы орны мен отбасы алдындағы жауапкершілігін насихаттайтын бейнероликпен басталып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Одан кейін Мейіржан Қуандықовтың орындауындағы «Менің әкем ең жақсы адам» әні шырқалып, әкеге деген құрмет пен ізеттің мәнін тереңірек аша түсті. Сайысқа ауданның әртүрлі мекемелері мен ұйымдарында еңбек етіп жүрген жеті әке қатысып, білімдері мен тапқырлықтарын о р т а ғ а с а л д ы . О л а р д ы ң қ а т а р ы н д а мұғалімдер, оқытушылар, кәсіпкерлер, өндіріс қызметкерлері мен өзге де сала мамандары болды. Қатысушылардың әрқайсысы өздерінің жан-жақты білімдерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Интеллектуалдық сайыс 3 кезең бойынша өткізілді. Алғашқы «Ойлан, тап» кезеңінде қатысушылар экраннан көрсетілген суреттерге қарап мақал-мәтелдерді құрастырып, қазақ халқының даналығы мен ұлттық мұрасын қаншалықты меңгергендерін көрсетті. Бұл кезеңде қатысушылардың тапқырлығы мен ой ұшқырлығы ерекше байқалды. Екінші «Кім тапқыр?» кезеңінде түрлі жұмбақтар жасырылып, қатысушылар олардың шешімін табуға тырысты. Халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандары саналатын жұмбақтар арқылы әкелердің білім деңгейі мен ойлау қабілеті сыналды. Сайыскерлер тапсырмаларды жоғары деңгейде орындап, көрермендердің қызығушылығын арттырды. Ал үшінші «Бұл қандай ән?» кезеңінде қ а т ы с у ш ы л а р ә н м ә т і н д е р і а р қ ы л ы шығармалардың атауын тауып, ән әуеніне қосылып орындады. Аталған кезең сайысқа ерекше сән беріп, қатысушылардың өнерге жақындығын да таныта білді. Зияткерлік додаға әділ төрелік ету Шиелі аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, ауданның құрметті азаматы Нәйлә Әбілқасымқызы, Шиелі аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Дана Смаханұлы және аудандық отбасын қолдау орталығының бөлім меңгерушісі Қымбат Қанатқызына жүктелді. Сондай-ақ тағылымды кездесуде ұлағатты ұстаз Айжамал Әбдіхамитқызы сөз сөйлеп, әке мәртебесін ұлықтауға бағытталған игі бастаманың маңызын атап өтті. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, барша жиналған қауымға ақжарма тілегін арнады. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша Бас жүлдені «KAP Logistics» ЖШС-нің «Шиелі – Сұңқар» филиалының қызметкері Талғат Досыбеков жеңіп алды. Ал І орын жеке кәсіпкер Азамат Дулығаұлына бұйырса, ІІ орынды №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Сәкен Есмұхамбетов иеленді. ІІІ орын Шиелі индустриялық-аграрлық колледжінің жалпы пәндер оқытушысы Орынбасар Әділханұлына табысталды. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар сайысқа қатысқан барлық әкелерге алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталып, олардың отбасы мен қоғам алдындағы еңбектеріне құрмет көрсетілді. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Өнерпаздар орындаған әсем әндер кештің көркін қыздырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Әсіресе әке тақырыбына арналған әндер көпшіліктің жүрегіне жол тауып, мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.
Айнұр ИБРАШЕВА







