Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚ ЖАУЛЫҚТЫҢ АБЫРОЙЫН АСЫРҒАН КЕШ

АҚ ЖАУЛЫҚТЫҢ АБЫРОЙЫН АСЫРҒАН КЕШ

Қазақ үшін отбасы – қасиетті ұғым. Шаңырақтың шаттығы мен берекесі, ұрпақ тәрбиесінің өзегі, ұлттың ұлағаты ең алдымен отбасыдан бастау алады. Ал сол отбасының алтын діңгегі, береке-бірліктің ұйытқысы – келін. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген дана халқымыз жас келіннің тәрбиесіне, оның инабаты мен парасатына үлкен мән берген.
Осындай асыл құндылықтарды арқау еткен тағылымды шара жуырда аудандық «Руханият» орталығында кең көлемде ұйымдастырылды. Отбасы күніне орай Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында «Жалынды жастар» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жергілікті әйелдер кеңестері жұмысын дамыту және отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау бағытында шараларды ұйымдастыру қызметі» әлеуметтік жобасы бойынша «Пай-пай қазақтың келіндері-ай!» атты аудандық келіндер байқауы өтті.
Шараның негізгі мақсаты – жас келіндерді ұлттық рухта тәрбиелеу, отбасындағы сыйластық пен адамгершілік қасиеттерді насихаттау, қазақы тәлім-тәрбиені дәріптеу, отбасы бірлігі мен әйел-ананың қоғамдағы рөлін айқындау болды. Байқау барысында қазақ келініне тән ибалық, инабаттылық, өнер мен парасат қатар көрініс тауып, қатысушылар көпшілік ықыласына бөленді.
Кештің шымылдығы қазақы дәстүр мен әсем әнге ұласып, көрермен қауымды ерекше әсерге бөледі. Сахна төрінде ұлттық нақыштағы киім киген келіндер көрінген сәттен-ақ зал ішін жылылық пен әсемдік кернеді. Әр қатысушының жүріс-тұрысынан ибалық, сөз саптауынан парасат, өнерінен қазақы тәрбие аңғарылып тұрды.
Тағылымды кешке аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, Шиелі ауданының құрметті азаматы Найлә Әбілқасымқызы, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлы, Шиелі ауданының құрметті азаматы, Қазақстан ­Журналистер одағының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Айжамал Әбдіхамитқызы төрелік етті.
Байқаудың ашылуында сөз алған аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаев мұндай шаралардың қоғамдағы тәрбиелік маңызына тоқталып, жас келіндерге ақжарма тілегін жеткізді. Ол отбасы құндылығын сақтау – ұлттың болашағын сақтау екенін атап өтті.
Сайысқа кент пен ауылдық округтерінен келген сегіз келін қатысып, үш кезең бойынша бақ сынады. Әр кезеңде қатысушылар өздерінің өнерін ғана емес, тапқырлығы мен ұлттық дәстүрге деген құрметін де көрсете білді. Бірі қазақы салт-дәстүрді сахналап, бірі әуелете ән салса, енді бірі қолөнері мен аспаздық шеберлігін паш етті. Келіндердің бойындағы қарапайымдылық пен мәдениет көрермен көңілінен шығып, қошеметке бөленді.
Байқау қорытындысында Бас жүлде Бәйгеқұм ауылының келіні Ақтоты Мұратқызы табысталды. Өзінің жан-жақтылығымен, сахнадағы еркіндігімен және ұлттық дәстүрді терең меңгергенімен ерекшеленген ол көрермен ықыласына бөленді.
Жүлделі І орынды Байсын ауылының келіні Бекзат Рахатқызы иеленсе, ІІ орынды Бәйтерек ауылынан Гүлсім Төреханқызы мен Еңбекші ауылынан Алуа Талғатқызы өзара бөлісті. Ал ІІІ орын Телікөл ауылынан Гаухар Алтынбекқызы мен Ақтоған ауылынан Ақбота Еркінқызы бұйырды. Байқауға қатысқан өзге келіндер де марапаттан тыс қалмай, алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Бұл кеш – қазақ келінінің тек бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың тәрбиесін арқалап жүргенін тағы бір мәрте дәлелдегендей болды. Қай кезеңде де ақ жаулықты аналарымыз бен ибалы келіндеріміз ұлттың ұстынына айналған. Бүгінгі жас келіндердің бойынан сол асыл қасиеттің жалғасын көру – көңілге қуаныш, келешекке сенім ұялатады.

Күләш ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
27 мамыр 2026 ж. 64 0