Шопан ата кәсібінің бүгінгі жайы қалай?
Уақыт керуені алға жылжыған сайын, кеудесі тарихқа толы туған жердің әрбір соқпағы мен әрбір көшесі өткен күннің ұлы шежіресінен сыр шертеді. Біздің ауыл — ежелден құт қонған, төрт түлікті өргізіп, даңқы Кеңес Одағының түкпір-түкпіріне дүрілдеп жеткен қасиетті мекен. Бұл топырақтың атын шығарып, мерейін үстем еткен — атақ-даңқ қуғандар емес, маңдай терімен жер емген, адал еңбектің туын тіккен қарапайым еңбек адамдары еді. Бүгін ауыл көшелерімен жүріп өткенде, бой көтерген еңбек озаттарының, даңқты тұлғалардың суреттеріне қарап, көз алдыңа тұтас бір дәуірдің тарихы келеді. Ол суреттер – жай ғана бейне емес, Сыр өңірінің маңдай терімен жазылған даңқ шежіресі.Кеңшар заманында бұл аймақта көбісі шопан болып, даланы ақ селеудей қаптаған қойға толтырды. Сол бір берекелі кезеңде Сұлутөбе, Бірінші Май (бұрынғы «1 Май» колхозы), Бірлестік ауылдарының аты озаттар қатарынан түспейтін. Мен де – сол ақ таяғын серік еткен, жусан исі аңқыған далада еркін өскен шопанның тікелей ұрпағымын. Менің ата-әжем – Үмітхан мен Дәуренбек Жусанбаевтар мал шаруашылығының майталманы, өз ісінің хас шебері атанған озат шопандар еді. Олардың маңдай тері еленіп, Кеңес Одағының ең жоғары мемлекеттік наградаларын кеудесіне тақты. Еңбек адамының қадірі аспандаған сол жылдары, облыстың белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі Қызылорда облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Сейілбек Шаухамановтың өзі біздің шаңыраққа арнайы ат басын бұрып, атамның үйіне қонақ болып, әжемнің қолынан дәм татқан екен. Сыйлы қонақтың дастарханынан дәм татып, еңбек адамына деген шынайы құрметін көрсетуі – сол дәуірдегі малшы қауымның мәртебесінің қаншалықты биік болғанының айқын дәлелі.
Алайда, тарих сахнасы алмасып, Кеңес Одағы ыдыраған тұста «1 Май» колхозы да өзгелермен бірге тарихи келбетін өзгертіп, тарап кетті. Мыңғырған малдың соңында жүрген ел шашырап, үлкен өндірістік жүйе бөлшектелді. Соған қарамастан, Сұлутөбе, Бірінші Май, Бірлестік ауылдарының тұрғындары ата кәсіптен қол үзбей, әлі күнге дейін сол мал шаруашылығының арқасында отырықшы болып, түтінін түтетіп отыр.
Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жыл «жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, еңбек адамдарына деген құрмет қайта арта түсті. Еңбек адамын ұлықтайтын осы кезеңде, өткен күннің ұлы тарихына мақтанышпен қарай отырып, бүгінгі қой шаруашылығының қазіргі тағдырына, ертеңгі болашағына іштей қатты алаңдайсың. Жасыратыны жоқ, бүгінде Шопан ата кәсібі үлкен сын сағатында тұр. Сары даланың төсінде ерінбей еңбек етіп, мал соңында жүретін қарияларымыз азайған сайын, «ата кәсіптің алтын діңгегін кім жалғастырады?» деген заңды сұрақ туындайды.
Қазіргі таңда мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары көптеген кедергілермен бетпе-бет келуде. Ең басты түйткіл – жайылымдық жерлердің тарылуы, су көздерінің тартылуы және мал өнімдерін (ет, сүт, әсіресе қой жүні мен терісін) өткізетін жүйелі нарықтың жоқтығы. Кезінде алтынға бергісіз болған қойдың жүні мен терісі бүгінде еленбей, далада қалып жатқаны жаныңды ауыртады. Оның үстіне, заманауи техника мен жаңа технологиялардың заманында ауыл жастарының мал бағуға ынтасы төмендеп барады. Шопан ата кәсібінің беделін көтермей, оларға мемлекеттік деңгейде жүйелі қолдау көрсетпей, бұл саланың тамырына қан жүгірту қиын.
Сұлутөбе мен Бірінші Май, Бірлестіктің кең даласында Шопан атаның ақ таяғының ізі үзілмеуі тиіс. Көшедегі еңбек озаттарының суреттері бізге тек мақтаныш сезімін ұялатып қана қоймай, мойнымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Өткеннің өнегелі тарихын сақтап, ата-әжелеріміздің аманатына адал болу – бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Еңбек адамының қадірі артқан жылда, ауыл ажары болып табылатын қой шаруашылығын заман талабына сай қайта жаңғыртып, малшы қауымға шынайы жағдай жасау – ауылдың болашағын сақтап қалудың бірден-бір жолы. Даламыз малға толып, Сыр өңірінің құт-берекесі арта берсін!
Мақпал Жусанбаева,
1 Май ауылы








