Қарт жүрген жер береке
Жалпы біздің қоғамда ардагерлерге деген құрмет – күнделікті өмірге енген байыпты көрініс. «Қарт жүрген жер – береке» деген өсиет бүгінде аудандағы атқарылып жатқан тәрбие төңірегіндегі ауқымды істердің ұйытқысы болуда.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаилдың «Ардагерлер ел ұйытқысы» деген көлемді мақаласында «Олар әрдайым қоғам жұмысының бел ортасында табылады» деген салиқалы сөзінің мағынасы тереңде жатқаны көптеген келелі істердің орындауына жол ашқандай.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаилдың «Ардагерлер ел ұйытқысы» деген көлемді мақаласында «Олар әрдайым қоғам жұмысының бел ортасында табылады» деген салиқалы сөзінің мағынасы тереңде жатқаны көптеген келелі істердің орындауына жол ашқандай.
Әр өңірдің өзіндік тарихы тереңде. Оның атауында көптеген сырдың жататыны анық. Қарт Қаратаудың қойнауында орналасқан Бестам ауылының арғы тарихы жалпы Сыр бойы тарихымен өзектес. Ғасырдан астам уақыт ішінде халқының бірлігі мен ынтымағының арқасында үнемі ілгерілей отырып, көп жетістіктерге жеткен елдің бірі. Ауыл ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңестің әкімдікпен бірлесіп, бір шешімге келіп, өткен күндерді еске алып, еңбекші қауымның мерейін үстем ету, марапаттау айтулы дәстүрге айналған.
Екі дәуірді басынан кешірген, еңбектен зейнет тапқан, ақ адал табан ақы маңдай терімен қызмет еткен берекелі қарттардың мекеніне айналған құтты мекен. Еңбек еш уақытта көлеңкеде қалмақ емес. Өткен кезеңмен салыстыра отырып, қарттарды құрметтеп, олардың қиын-қыстау кезеңдегі көрген бейнеттерін бағалауды бірінші кезекке қойған. Сондай ардагерлердің бірі, тоқсанның төбесін көрген Нұртаза Смаиловтың бүкіл ғұмыры дала қосында өтсе, жетпістің желкесіне мінген Серікбай Досанбаев темір тұлпарды тізгіндеген, табандылығымен ерекшеленген, қара жұмыстың қазанында қайнап піскен қариялардың еңбектері бағасын алып, «Ел құрметі» қоғамдық қорының «Ел ардақтысы» медалін кеуделеріне тағып, марқайып қалды. Сексеннің сеңгіріне шыққан Бестам ауылының тумасы, бүкіл өмірін сол ауылдың өсіп өркендеуіне арнаған Мұхамедияр Сатанов, Құрманкүл Ахметовалар «Ел құрметі», ұстаз Нәзипа Абызбаева «Ел ардақтысы», Бибісара Бәкібаева мен Мақсұт Ысқақұлы «Еңбек даңқы» медальдарын иеленді. Білім саласының үздігі Кенжебек Қыпшақбаевтың қоғамдық жұмыстағы орны ерекше. Қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде ел ішіндегі келеңсіз әрекеттерге тосқауыл жасауда жастармен бірлесе отырып, жұмыс істеудегі еңбегінің нәтижесінде «Еңбек даңқы» орденімен және аудан әкімі Н.Ахатовтың құттықтауына ие болды. Ардагерлерге қамқорлық жасаудағы еңбегі үшін ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбділда Ыбыраев та республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қоры атынан «Еңбек даңқы» орденімен марапатталып, төрден көрінді.
Марапат иелерін «Бестам елі» ЖШС төрағасы, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Балтабай Қошқаров, Бестам ауылының әйелдер кеңесінің төрайымы Қазима Дүрімбетовалар жүрек жарды тілектерімен құттықтады.
Бұл – бүкіл саналы өмірін елге, халыққа тек адал қызмет етуге арнаған, ұрпағымыздың өсіп өркендеу жолында аянбай еңбек еткен жандарға деген лайықты құрмет. Қазыналы, ақылшы қарияларымыз аман болсын.
Айжамал Әбдіхамитова,
Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»