Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагер ардақталды

Ардагер ардақталды

Үлкенге құрмет көрсету, сыйлау, орын беру, төрге отырғызу, үлкенсіз ас бастамау, үлкеннің сөзін бөлмеу бұлардың барлығы қағазға жазылмаған заңдылықтардың бірі. Себебі қарты бар елдің қазынасы бар. Қария жүрген жерде береке де бірлік те туын көкке көтереді. Елдің ниеті мен сөзі бір болу үшін атсалысып, елді дұрыс бағытқа бастау жолында білек сыбана кірісетін ақсақалдар әрдайым елдің алғысына бөленіп, құрметтің төрінен көрініп жатады. Сондай жанның бірі – Берікқара Әбдіжапбарұлы.
1937 жылдың көктемінде «Еңбекші» колхозында дүние дидарына келген Б.Әбдіжапбарұлын ауыл-ел жақсы таниды. «Октябрьдің 14 жылдығы» атындағы мектепті, Бәйгеқұм кәсіптік техникалық училищесінің комбайнер-тракторшы мамандығын бітіріп шықты. Мұнан соң, Алматы ауыл шаруашылығы институтында «ғалым-агроном» мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Жастайынан еңбекке араласқан ол өз ісін мүлтіксіз атқара білді. Соның арқасында қайда жұмыс істесе де ұжымдастарының арасында абыройлы болып, құрметке бөленді. Тіпті, зйнетке шыққаннан кейін де, қоғамдық жұмыстардан қол үзбеді. Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне арнаған азамат 20 жылдан астам уақыт бойы Еңбекші ауылында ардагерлер кеңесінің төрағасы болып келеді.
Міне, барлық ғұмырын халықпен бірге өткізген Берікқара Әбдіжапбарұлы өз өтінішімен Еңбекші ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін өзінің ізбасарларына табыстауды жөн санапты. Сенбі күні ауылдың мәдениет үйінде өткен ардагерлердің басқосуында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен ­Исмаил, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбетов, ауданның «Құрметті азаматы» Тұрмат Баймағамбетов және ауыл әкімі Бағдат Серікбайұлы, ауылдың ардагерлері Дүйсенбек Нұрбаев, Орал Керімбековтар сөз сөйлеп, Берікқара Әбдіжапбарұлының еңбек жолын әңгімелеріне арқау етті. Иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Сонымен қатар, ізін басқан, яғни ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін қолға алып отырған Мұхамедқали Бекқожаевтың жұмысына сәттілік тіледі. Ал шара соңында Жиделі ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Рахат Қалкөзов жырдан шашу шашып, ардагерлердің көңілін серпілтті.

Е.ДАТҚА
01 наурыз 2022 ж. 428 0