Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс арқалаған ардагерлер

Алғыс арқалаған ардагерлер

Дүйсенбі күні Қызылорда облысы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Қазақтың даналық сөздері» атты ардагерлер арасында облыстық байқау өтті.
«Ата-ананың қадірін білмеген, халық қадірін білмес» деген ата-баба сөздері текке айтылмаған шығар. Қазақ қарияны көрсе, ет жүрегі елжіреген халық емес пе?! Қариялардың бағзы заманнан қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа ұштасқан өмірлік мақсаты ел бірлігіне, жер тұтастығына бас-көздік, халықтың бірлігі мен ынтымақтастығын берік дәнекерлеу, ұлттық бай рухани қазынаны шашау шығармай сақтау және молайта түсу еді. Олар қай кезде де осы міндетті жүзеге асыруда көсемдік танытып, бекзаттық пен мәрттіктің рухы бола білді. Өскелең ұрпаққа үлкенге құрмет көрсету, патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған «Қазақтың даналық сөздері» атты байқаудан түйгеніміз осы.
Байқауға Шиелі ауданынан Алғабас ауылының батагөй қариясы Жақай Сақбаев, Тартоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Басаман Пірімбет қатысты. Ардагерлер ескірмейтін есті сөздер, ғибратты әңгімелерден, дала өркениетінің көне мәдениетінен жыр-дастандар айту шеберліктерін көрсетіп алғысқа бөленіп қайтты. Арамызда жүрген осындай көне көз қариялардан жастардың алары көп. Құйма құлақтар халқымыздың даналық сөздерін осылай ұрпаққа жеткізіп, мұра етіп қалдырып ­отырса құба-құп емес пе?
«Жас жүрген жер – мереке, Қарт жүрген жер – береке» дегендей мерекелі күндермен көл көсір берекелі сәттеріміз толастамасын. Қазыналы қарттарымыздың ұрпаққа қалдырар өнегелі жолдары ғибратқа толы болсын.

Айжамал Әбдіхамитқызы,
Алғабас ауылы
05 желтоқсан 2022 ж. 244 0