БИДАЙКӨЛГЕ БАҚ ҚОНҒАН БЕРЕКЕлі СӘТ
10 желтоқсан күні Бидайкөл ауылы ерекше бір жылылыққа толы күйге оранды. Таңсәріден жиналған ауыл тұрғындары мәдениет үйінің алдына тігілген ақ шаңқан киіз үйдің маңына ағылып, бір-бірімен амандасып, қуанышты күннің куәсі болуға асықты. Желбіреген оюлы туырлық, есік алдында әзірленген өнім көрмесі, күздің соңғы жұпары аңқыған алаң – барлығы да Бидайкөлдің берекелі мерекесінің бейнесін айшықтап тұрды.Ауылдық мәдениет үйінің іші де күздің молшылығындай сәнге толы еді. Сары алтындай безендірілген сахна, дән бейнесін суреттеген көркем композициялар, егіннің иісі сіңгендей самалы бар зал мерекенің рухын сездірді. Фанфар үні естілісімен көпшілік тыныштала қалып, ауылдың алтын дәстүрін жалғаған салтанат өз бастауын алды.
Жүргізуші ауыл еңбеккерлеріне деген құрмет сөзін арнап, алтын күздің әр дәні – маңдай тердің жемісі екенін атап өтті. Ауылдың бүгінгі тынысын, диқандардың қажырлы еңбегін бейнелеген көрікті тіркестері залға жиналған жұрттың жүрегіне жетті.
Салтанатты шарада еңбек адамдарына деген жылы лебіздер айтылып, құттықтау сөз кезегі Бәйтерек ауылдық округінің басшысы Серік Жүсіпов пен «Бидайкөл» шаруа қожалығының төрағасы Талғат Байдалиевке берілді. Олар ауыл шаруашылығы саласындағы биылғы жетістіктерді атап өтіп, жыл бойы тынымсыз еңбек еткен диқандар мен ұстаздар тәжірибелі мамандарға алғыс білдірді.
Көп күттірмей, мерекенің ең басты сәті – еңбек озаттарын марапаттау рәсімі басталды. Бірінен соң бірі сахнаға көтерілген аграрлық сала қызметкерлерінің жүзінде мақтаныш та, қарапайымдылық та қатар көрінді. Олардың әрқайсысы – бір үйдің тірегі, бір алқаптың иесі, бір ауылдың өркендеуіне үлес қосқан жандар.
Осы игілікті сәтте маңдай терін төгіп, мол өнімнің мерейін өсірген звено жетекшілері – күрішшілер Ерлан Айдаров, Нұрмахан Әшірбаев, Айдарбек Молдраймов және Жұмаділда Рахатов зор қошеметпен сахна төріне шақырылды.
Дала төсін тербеген еңбектің қадірін ұғынған жандарға тиісті деңгейдегі сыйақылары табысталып, олардың еңбегіне деген құрмет зал ішін жылы лепке бөледі.
Алып техниканың тізгінін берік ұстап, күзгі науқанның үздік үлгісін көрсеткен механизаторлар да назардан тыс қалмады. Темірді тілсіз түсінетін, егіннің әр талын көзінің қарашығындай қорғайтын Ғабит Омаров, Ғани Барлыбаев, Самат Шорабаев және Жақсылық Төлебаев марапат мінберінен көрінді. Олардың еңбегін бағалаған көпшілік ұзақ қол соғып, ауылдың тірегі болған азаматтарға алғысын жаудырды.
Мұнымен шектелмей, ауылдың ырысты жылы үшін тер төккен өзге де еңбек озаттары қомақты сыйақылармен марапатталып, сахна төрі шырайлана түсті.
Мерекенің ажарын аша түскен ерекше сәт – ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі» медалінің иегері, ақын Кенжебай Жүсіптің сахнаға шығып, Бидайкөл халқына арнаған жыры болды. Оның әр өлең жолында туған жерге деген махаббат, еңбекке деген құрмет, ауыл адамдарының болмыс-бітімі көркемдікпен өрілді. Ақынның жыры залды толтыра тербеп, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.
Шара соңында жүргізуші ауылдың болашағына деген үміт пен сенімге толы қорытынды сөзін айтты. Берекелі Бидайкөлдің алтын дәнді даласы, ынтымағы жарасқан халқы, еңбекпен еңсе көтерген ерлері – мерекенің нағыз көркі болды. Күздің соңғы шуақты сәті ауылға құт болып қонғандай, елді тағы да бірлікке, еңбекке, ырысты күндерге бастап тұрғандай әсер қалдырды.
Осылайша Бидайкөлдің берекелі күні, алтын күздің айрықша мерекесі өзінің мән-маңызымен, сән-салтанатымен, жүректі жылытқан қуанышымен есте қалды. Ауылдың өнегелі тірлігі мен еңбекке адал тұрмысы бұл күнді шын мәнінде бақ қонған береке сәтіне айналдырды.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ








