Шиелінің шынары «Шопан Ана»
Кеңестік кезеңде құт қонған қарт Қаратаудың баурайын жайлаған Шиелі топырағынан 41 Социалистік Еңбек Ері шықты. Солардың бірі – сонау зұлматты жылдары ақтылы қойды ұрыға қақтырмай, қасқырға тарттырмай, жыл сайын отардан отар туындатып, төл түлігімізді төскейге толтыруға зор үлес қосқан Айша Меңлібаева болатын. Еске сала кетейік, Шиелінің шынарына балайтын «Шопан Ананың» туылғанына биыл 110 жыл толыпты.
Сонау 60-шы жылдардың ортасынан бастап Шиелі өңірінде еңбек қарқыны қыза бастады. Төрт түлік мал мен күріш өсіру үрдіс қолға алынды. Жүгері дақылына да мән берілді. Осы кезде аудандық газет беттерінде «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір», «Бағар көбейсін, көген кеңейсін», «Күріш – ырыс кепілі», т.б. еңбектің әр саласын қамтыған газет айдары көптеп бой көрсете бастады. Бұл еңбек адамдарын қолдап, қадір-қасиеттін арттыра түскен сәт болатын.
Сонау 60-шы жылдардың ортасынан бастап Шиелі өңірінде еңбек қарқыны қыза бастады. Төрт түлік мал мен күріш өсіру үрдіс қолға алынды. Жүгері дақылына да мән берілді. Осы кезде аудандық газет беттерінде «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір», «Бағар көбейсін, көген кеңейсін», «Күріш – ырыс кепілі», т.б. еңбектің әр саласын қамтыған газет айдары көптеп бой көрсете бастады. Бұл еңбек адамдарын қолдап, қадір-қасиеттін арттыра түскен сәт болатын.
Қазақ әйелдері туралы жазылған жыр-дастан, қалың-қалың хикая мен әңгіме-эсселер аз ба? Бірақ кім жазса да, Алла тағаладан кейінгі құдірет – Ананың бүкіл болмыс-бейнесін, басқа еңбек-бейнеттерін айтпағанда, сәбиін жарық дүниеге алып келіп, сол перзентін бағып-қағудағы, азамат етіп тәрбиелеудегі, отбасы-шаңырағының қамын ойлап күн кешкен қазақ әйелінің бейнет пен тауқыметке толы өмірін тұтастай ашып көрсете алар ма?! Жоқ, әрине! Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айша Меңлібаева 1912 жылы Сырдария облысы (қазіргі Қызылорда) 11-ауылында туған. 1930 жылы 1 май атындағы колхоз құрылғаннан бастап, шопан болып еңбек жолын бастайды. Сөйтіп табиғатынан өмірге құштар, іске бейім, қайсар мінезді анамыз қамқор жандардың арқасында отызыншы жылдардың бар тауқыметін нәзік иығымен көтеріп, қой бағуға кіріседі. Тарихтан белгілі отызыншы жылдардың аяғында ел еңсесі аштық пен қуғын-сүргін зұлматтарынан құтылып, енді-енді көтеріле бастағанда, Ұлы Отан соғысы басталып кетті де, анамыздың аз ғана шуақты күндерінің аспанын қара бұлт басады. Құдай қосқан жары қан майданға аттанады. 1941 жылы майданға аттанған ерінің орнын басып, қажырлық пен ерлікті талап ететін аға шопанның таяғын қолына алды.
«Балықшы дауылда, егінші жауында, малшы өлгенде тынады» деген тәмсілге сүйенсек, төрт мезгілде де тыным таппай маңдайы күнге күйіп, табаны тасқа тиіп тер төгетін нағыз еңбеккерлер – қойшылар. Олар әрқашан қарбалас қимылдың қызу құшағында жүреді. Дала өрісіндегі өмірі жылжыған жылдармен жалғаса береді. Сол жылдардың ішінде ата кәсіпті тіршілігінің тамыры еткен шаруалардың басынан алуан түрлі оқиға өтеді. Бір күні отары әудім жерге кетіп жоғалса, енді бірде қауіп өз басына төнеді. Осындай алмағайып оқиғалар Айша анамызға да кез болған. Бір емес, бірнеше мәрте. Тіпті кең жайлауда жүрген әр сәтінде десем артық емес шығар. Қайсар келіншек қоралы қойымен боранда, қарда, көк тайғақ күндері далада талай рет қалып та қойды. Бірақ қиындықтардың бәрін де жеңе білді. 1957 жылы оның жадында ерекше сақталды. Осы жылы әрбір 100 саулықтан 139-дан қозы өсіріп, әр қойдан 31 келіден жүн қырықты және қаракөл елтірісінің 73 процентін бірінші сортпен өткізді.
Бір ғана Айша ананың отарынан колхозға 100 мың сом (ескі ақшамен) кіріс кірді. Бұл сол кездегі ең мақтаулы, ыңғайлы әрі қымбат «Волга» автокөлігінің 10-ын сатып ауылға жетеді деген сөз. Қойларды электр қайшымен өзі қырықты. Осы еңбектері үшін Айша Меңлібаеваға 1958 жылы 29 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының бұйрығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осы жылы ол «Қазақ ССР-нің социалистік мал шаруашылығына еңбек сіңірген шебері» атағына ие болды. 1958 жылы ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат және Қазақстан Компартиясының ХІІ съезіне делегат болып сайланды.
Ер азаматтар көтере алмайтын ауыр жүкті бір өзі еңсеріп кете беретін батыр ананың шынайы бар болмыс-бітімі осындай. Бәлкім, біз Айша ананың бейнесін аша алмаған да шығармыз. Бастысы туған жерді түлету үшін тынбай еңбек еткен жандардың есімі тарих еншісіне еніп, ұмытылып кетпесе екен деген тілек біздікі.
Дінмұхамбет Жахаев,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы