Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелінің жұлдызды шамшырақтары

Шиелінің жұлдызды шамшырақтары

Қазақтың қаһарман бес қызы туралы

Сонау 60-шы жылдардың ортасынан бастап Шиелі өңірінде еңбек қарқыны қыза бастады. Төрт түлік мал мен күріш өсіру үрдіс қолға алынды. Жүгері дақылына да мән берілді. Осы кезде аудандық газет беттерінде «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір», «Бағар көбейсін, көген кеңейсін», «Күріш – ырыс кепілі», т.б. еңбектің әр саласын қамтыған газет айдары көптеп бой көрсетті...

Аудан жұртшылығын ерен еңбекке үндеген арнаулы беттер өлең жолдарымен өрілген шапкалармен беріліп отырылды. Газетте қолданылатын «шапка» сөзі арнайы газет беттерінің мақсатын айқындайтын, бағытын білдіретін ұранды сөз. Айталық, еңбек ұжымдары мемлекетке азық-түлік өндірудің мемлекеттік тапсырмасын мерзімінен бұрын немесе артығымен орындап шыққанда арнайы беттер дайындалады. Газет бетіне тапсырманы жүзеге асыруға атсалысқан еңбек озаттары туралы жазылған мақалалар, өлең-жырлар топтастырылады. Айдар сол беттің туын ұстаушы, сол беттің бастаушысы. Кейде мұндай табысты шақтарға газет өзінің бір номерін арнап жатады.
Әлі есімде 1967 жылы аудан күріш өндіріп, оны мемлекетке тапсыру міндеттемесін артығымен әрі жарыстас Жалағаш ауданынан бұрын орындап шықты. Сөйтіп, Отан қоймасына 1 миллион пұт Сыр маржанын құйды. Бұл бұрын-соңды Шиелі диқандары қол жеткізбеген рекордтық көрсеткіш болды. Сол күнгі газет ерекше түрлі-түсті бояумен безендіріліп шықты. Нөмірі түгелдей аудан қуанышына арналды.
«Шиелі – ел мақтаған ерлерімен даңқты,
Ерлері ел сүйсінткен еңбегімен даңқты» деген айдарлар газетке көрік беріп, басында бөрік болып тұрды. Демек, шапка сөзін газеттің бөркі, көркі деуге әбден болады.Газеттің жаңа жылға арналған сандарында:«Шиеліде қыз өссін ақ шынардай,
Ұл өссін күміс балақ жас қырандай.
Қаратаудай мәңгілік қарт жасасын,
Ай мен күні, әмәндә, жақсы болғай!» – деген сияқты елдік, ерлік мәні бар айдарлар болатын.
Шиелінің даңқын елімізді былай қойғанда, әлем білді.
«Өмiрi – өркен, пейiлi – көркем, жерi – нұр,
Әнi – күрiш, сәнi – ырыс, демi – жыр,
Куба, Бирма, Вьетнам түгел бiлетiн
Ақ күрiштiң ақ ордасы – Шиелi бұл!» – деп кезінде жырлағанбыз. Қырық бір Социалистік Еңбек Ері шыққан аудан елімізде, көрші мемлекеттерде болса да біреу, екеу шығар... Айтпағымыз бұл емес. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні құрметіне 41 еңбек ерінің ішінен 5 еңбеккер ананы бөліп алып, солар жайлы әңгімелеуді жөн көрдік. Олардың ерен істері аудан мен облысты айтпағанда, бүкіл елімізге мәлім ғой. Біз Шиелінің қаһарман қыз-келіншектерінің қайсар мінезін, бітім-болмысын көрсетуді мақсат тұттық. Сонымен, бүгінгі кейіпкерлерім: «Социалистік Еңбек Ері» Айша Меңдібаева, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Заһира Ержанова және Жадыра Таспамбетова.

Қой өсірудің шебері
Айша Меңлібаева 1912 жылы Сырдария облысы (қазіргі Қызылорда) 11-ауылында туған. 1930 жылы 1 май атындағы колхоз құрылғаннан бастап, шопаны болып еңбек жолын бастайды. 1941 жылы майданға аттанған ерінің орнын басып, қажырлық пен ерлікті талап ететін аға шопанның таяғын қолына алды.
Қайсар келіншек қоралы қойымен боранда, қарда, көк тайғақ күндері далада талай рет қалып та қойды. Бірақ, қиындықтардың бәрін де жеңе білді. 1957 жылы оның жадында ерекше сақталды. Осы жылы әрбір 100 саулықтан 139-дан қозы өсіріп, әр қойдан 31 кг.жүн қырықты және қаракөл елтірісінің 73 пайызын бірінші сортпен өткізді.
Бір ғана Айшаның отарынан колхозға 100 мың сом (ескі ақшамен) кіріс кірді. Бұл сол кездегі ең мақтаулы, ыңғайлы әрі қымбат «Волга» автокөлігінің 10-ын сатып ауылға жетеді деген сөз. Қойларды электр қайшымен өзі қырықты. Осы еңбектері үшін Айша Меңлібаеваға 1958 жылы 29 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының указымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осы жылы ол «Қазақ ССР-нің социалистік мал шаруашылығына еңбек сіңірген шебері» атағына ие болды.
1958 жылы ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат және Қазақстан Компартиясының ХІІ съезіне делегат болып сайланды.

Ғасыр жасаған жомарт жүрек
Шырынкүл Қазанбаева ғасырға жуық ғұмыр кешті. Бар өмірі еңбекке арналды. Өмірге еңбектеп келіп, еңбекпен көзін ашты, ержетті, ел ықыласына бөленді.
Жомарт жүректі ана өткен ғасырдың 20-жылы бұрынғы «Атбайлар», қазіргі «Нартай ақын» ауылында дүниеге келді. 19-20 жасында Сұлутөбедегі бухгалтерлік курсты бітіргенімен, негізгі кәсібіне айналмады. Ұлы Отан соғысы басталар жылы Шиелідегі МТС-тің тракторшылар дайындайтын 3 айлық курсын тәмамдап, трактор руліне отырды. Жәй трактор емес, заманында алып НАТИ атанған тарихы трактор. 1937 жылы Сталинград пен Харьков трактор зауыттары СХТЗ 15/30 дөңгелекті тракторды шығаруды доғарып, шынжыр табанды СХТЗ-НАТИ тракторын шығаруға көшеді. 52 аттың күші бар бұл трактор 1952 жылға дейін шығарылды. Шырынкүл апаның айдаған «алып НАТИ-і» осы трактор.
Ел шебіне жау кірген тұста ері Жұмаділдә, ағасы Әбдіхалық, немере інісі Жайынбай, баласы Тасболат майданға алынады. Ерлердің орнына ерлерше еңбек етуге тура келеді. Сөйтіп, ол тәулігіне 2-3 сағат қана демалып, колхоз жұмысында жүреді. 1946 жылы үлкен қызы Әсияны босануға 10 күндей мерзім қалғанда ғана трактордан түсіпті. Онда да енесінің ауданнан келген өкілге шағымданғаны себеп болыпты. Ері Жұмаділлә майданнан келген соң екеуі егіс алқабында еңбек етті. Жер жырту, дән себу жұмыстарын трактормен өзі атқарды. Соғыстан алған жарақатының салдарынан жұбайы Жұмаділда өмірден өткен соң, Шырынкүл күріштіктің басында тағы да жалғыз қалды. Дегенмен, еңбегі ақталып, күріштен барынша мол өнім алған ол, мемлекеттік марапаттарға ие бола бастады. Әр гектарынан 100 центнерден тұрақты өнім берген еңбегі үшін 1972 жылы Еңбек Ері атағын иеленді. Сегіз мәрте халық қалаулысы болып сайланды. 4 рет ВДНХ-ның Алтын медалін алды.

ЖЕР-АНА ДАҢҚЫН АСЫРҒАН
«Майданға 60 тонна күріш, 40 тонна балық жөнелтілді...» (Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың естелігінен) 1940 жылы қолмен қазылған Шиелі каналы сол өңір халқының аштықтан да, соғыстан да аман қалуына бірден-бір себепкер болғанына тарих куә. Бейбіт өмір орнағасын, ел азаматтары майданнан келгесін жаппай күріш егу басталды. Күрішті егетін, оратын техника жоқтың қасы. Барының өзі жетіспейді. Негізгі күш – ауыл адамдары, әсіресе жастар. Аудан еңбеккерлерінің егінді жинап болған соң қараша айының бас кезінде Қаратаудың бітер тұсындағы Шәулімше шоқысына жиналып, жыл қорытындысын тойлайтын дәстүрі бар еді сол кезде. Оның соңы ат бәйгесіне ұласатын. Бұл бір жағы ер азаматтары майданға кеткен ауданның қамкөңіл халқының көңілін аулау болса керек. Шиелі еңбеккерлерінің күзгі бір тойына қан майданнан арнайы келген үш жауынгер қатысады. Майданнан қаралы қағаздан басқа еш нәрсе келгенін көрмеген аудан жұртшылығы үш солдатты көзіне жас алып, құшақ жайып қарсы алады. Солардың бірі – кейін елімізге белгілі қаламгер болған Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Әзілхан Нұршайықов еді. Бұл туралы көрнекті жазушы өз естелігінде былай деп толғана сыр шертеді: «1944 жылы 7 қарашада Шиелі ауданында, Шәулімше деген төбенің етегінде қазан төңкерісінің 27 жылдығына арналған мереке өтті. Ол мерекеге 1-Белорусь майданынан Қазақстанға делегат боп келген үш аға сержант қатысты. Ол үш жауынгердің бірі мен едім. Бізді аудан еңбекшілері кұрметпен қарсы алды. Аудан, облыс басшыларымен бірге біз де сөз сөйледік. Мен жиналған жұртқа осы облыс азаматы Еріш Серікбаевтың:
«Болсын десең дұшпаннан күші басым,
Жұқсын десең бойыма ішкен асым –
Сырдарияның суынан бір тамшысын,
Әдейі арнап ала кел, құрбыласым», – деген өтініш сәлемін айттым.
Майдангерлердің бұл өтініш-сәлеміне халық ақыны Нартай Бекежанов сырнайға қоса шырқап, ұзақ өлеңмен жауап қайтарды. Халық бізге «Жауды жеңіп, тез қайтыңдар» деп бата берді.
Содан соң, Қызылорда елінің майданға берген сәлем-сауқатын (60 тонна күріш, 40 тонна балық) алып майданға қайттық. Шетелде (Польшада) азық-түліктен таршылық тартып жатқан дивизиямызға осыншама олжа әкеліп, абыройға бөлендік. Полктан полкты аралап жүріп, жауынгерлерге айтқан ел сәлемін жеткіздік...».
Сол кезде жазушы әлемдік рекорд жасаған Ыбырай Жақаевты және оның шәкірті Ұлбала Алтайбаеваны көргенін, жүздесіп әңгімелескенін, Сыр диқандары майданға жіберген 60 тонна күріште жасы 20-дан енді асқан бойжеткен шиелілік Ұлбаланың да үлесі бар екенін жазады.

«Ах, самара-городок»
Ұлбала Мәскеуде өткен Азия әйелдерінің конгресіне қатысып, тұңғыш космонавт әйел Валентина Терешковамен кездесті. Айтпақшы, осы кездесуде бір қызықты оқиға орын алады. Конгресте Ұлбала Алтайбаеваға арнайы сөз беріледі. Ол уақытта қазақ жерінде өскен қазақ мектебінде оқыған қазақ қызына алқалы топта орыс тілінде сөйлеудің оңай болмайтыны белгілі. Бірақ, тумысынан зерек, зерделі Ұлбала бұл қиындықтан шығудың жолын табады. Мінберге шыққан бойда «мен орысша білмейтін едім» деп жасып, жабырқамастан бірден «Ах, Самара-городок» әнін шырқай жөнеледі:
«Платок тонет и не тонет,
Потихонечку плывет.
Милый любит и не любит
Только времечко идет.
Ах, Самара-городок,
Беспокойная я,
Беспокойная я,
Да успокой ты меня, ох...»
Болмысы ұяң қазақ қызынан мұндай батылдықты күтпеген конгресшілер ду қол шапалақтап, үлкен сарайдың іші у-ду болады. Мәскеуде өткен Азия әйелдерiнiң конгресiне қатысқан Алтайбаева жайында кейін деректі фильм түсірілді...

«Бұл бір тамаша әйел, батыр ана...»
1955-1970 жылдары «Коммунизм» колхозында колхозшы, 1970-1972 жылдары «Гигант» колхозында күріш звеносының жетекшісі, 1972-1976 жылдары «Коммунизм» колхозында күріш звеносының жетекшісі болып, белсене еңбек етті. Ұстазы Ыбырай Жақаевтың күріш өсірудегі озат үлгісі мен ғылымдағы озық жетістіктерін шебер қолдана отырып, диқаншы ретіндегі өзіндік тәжірибесін жетілдіріп, шеберлігін шыңдай түсті. Соның нәтижесінде 1966 жылдан бастап күріш дақылынан жоғары өнімге қол жеткізе бастады. Еліміздің өркендеуіне өз үлесін еселеп қосты. 1971 жылы күріштің әр гектарынан 72,7 центнерден, 1972 жылы 109,3 центнерден өнім алды. Осы ерен еңбегі үшін Ұлбала Алтайбаеваға 1972 жылы, күзде «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, алтын жұлдыз тақты. Ұлбала қолына кетпен мен бесікті қатар ұстап, ері Сұлтанханмен бірге 13 бала тәрбиелеп өсірді. Олардың – 5-уі ұл, 8-і қыз. Осылайша, Алтайбаева ұрпақ тәрбиесіне де, халқымыздың санын көбейтуге де қомақты үлесін қосқан абзал ана. Еңбек сүйгіш ананың 13 бала тәрбиелеген еңбегі елеусіз қалмады. Ол «Батыр Ана» алтын медалінің иегері атанды. Осы орайда, қос енесі Балжан мен Дапыл шешелердің еңбегін айта кеткен ләзім. «Мен туғанды ғана білдім, ал бағу-қағу, өсіру, сол екі кісінің еңбегі», – деп толғанатын Ұлбала анасындай болған аяулы қос енесін есіне алып.
«Бұл бір тамаша әйел, батыр ана. 20 гектардың әр гектарынан 109 центнерден күріш жинап, сол үшін оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Демек, Алтайбаева жолдас екі мәрте-Ер», – деп атап көрсетті бас хатшы Леонид Брежнев тың игерудің 25 жылдығына орай Алматыда өткен салтанатты жиын мінберінен сөйлеген сөзінде.
«...Бақытты сырдың күрiшi қос ана төсiн тел емген»
Батыр ана мол өнім алған алқапқа редакцияның тапсырмасымен бардым. Ол кезде Шиелі аудандық (Қызылорда облысы) «Өскен өңір» газетінің тілшісі едім. Жеке көлігіммен (мотоцикль) күн шықпай егістік басында болдым. Диқан ана менен бұрын жеткен екен. Төңірегіне алтын нұрын шашып күн көкжиектен көтеріліп келеді. Күріш алқабы иесін күткендей керіліп жатыр.
Диқан ана кетпенін иығына асып алып атыз-атызды жағалап жүр. Бұл – күріштің суын тартып жатқан кез, тамыз айының іші болатын. Атыз суларының деңгейі бірдей болуы керек. Су мөлшерден көп болса, күріш судың астында қалып, тұншығады. Ерте келіп, егістікті аралап жүргенінің себебі, сол болса керек. «Жер-ана мен ер ананың мейіріміне бөленген Сыр күріші не деген бақытты» деген ой келді маған. Осы ойларым сол заматында өлең болып ақ қағазға түсті. Ертесіне газетке басылды. «Жер-ана мен ер ана» деген сол өлеңімді қаз қалпында жария­­­лап отырмын.
«Жадырап жарқын таң атты,
Алапты жапты абат нұр,
Шұғыласын шашып алтын күн,
Ақсия көктен қарап тұр.
Бұзылды түнгi тыныштық,
Қызынды күн де тымырсық.
Иесiн күтiп емiнiп,
Керiлiп жатыр күрiштiк.
Оянған алаң-елеңнен,
Арайға таңғы бөленген.
Иығында кетпен Ұлбала,
Барады асып белеңнен.
Алаулап отты жанары.
Егiске мақпал қарады.
Жер-ана даңқын асырып,
Ер ана кетiп барады.
Қайнарын алып тереңнен,
Тағынған алқа зереннен.
Бақытты Сырдың күрiшi,
Қос Ана төсiн тел емген».
«Өскен өңір» газеті, 1973 жыл.
Осы жылы диқан ана Ұлбала әр гектардан 107 центнерден күріш өндірді. Бұл жоғары өнімге қол жеткізу дәстүрі сақталды, жалғасын тапты деген сөз.

Дала аруы
Өзінің колхозында оны осылайша, «Дала аруы» деп атаған. Зәкира Ержанова еліміздің күріш өсірушілері арасында жаңашыл, мол өнім жинаудың шебері ретінде мәлім. Бұл жұмыста шыққан биігі, алған асуы да аз емес, ақ күрішті өсірудің нағыз шебері болды. Зәкира Ержанова он жыл қатарынан атақты күріш өсіруші Ыбырай Жақаевтың звеносында істеді. Оны күріш өсіру жөнінде Жақаевтық мектептің ғылыми курсын бітірді деуге болады. 1958 жылы Зәкира звено жетекшісі болып тағайындалды. Зор сенімді ақтау үшін ол бар білімін, тәжірибесін шеберлікпен қолданды, бар ынтасымен жұмыс істеді. Сол күздің кезінде оның звеносы жақсы өнім жинады. Көлемі 25 гектар егістіктің әр гектарынан 42 центнерден дән бастырды. 1960 жылдың жазы өте ыстық болып, судың деңгейі күн сайын төмендей берді, мұның өзі егіннің шығымына қауіп -қатер туғызды. Алайда, Ержанованың звеносы 15 гектар егістіктің әр гектарынан 45 центнерден өнім алды. Осы зор табысы үшін Зәкира Қазақ ССР Жоғарғы Советінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Еңбек процестерін механикаландырып, агротехникалық білімін тереңдете отырып, Зәкира өз участогынан жыл сайын мол өнім жинады. 1962 жылы звено әр гектардан 72 центнерден, күріш алды. Бұл жетістігі үшін звено жетекшісі Қазақ ССР Жоғарғы Советінің «Құрмет» грамотасымен екінші рет марапатталды.
Звено жетекшісінің тәжірибесі, білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті 1965 жылы айқын көрінді. Сол жылғы құрғақшылық егінді қуратып жіберу қаупін туғызды. Ержанова бастаған звеноның мүшелері егінді сақтап қалу үшін асқан қажырлылық көрсетті. Сөйтіп, табиғаттың қатыгездігін жеңіп шықты. Күріштің әр гектарынан 61 центнерден дән жинады.
Астық өндіру және оны дайындау, техниканы тиімді пайдаланудағы қол жеткен табыстары үшін КСРО Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Зәкира Ержановаға «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді.

Қазақтың қайсар қызы
Жадыра Таспанбетова 1953 жылы 30 наурызда бұрынғы Ақтоған, қазіргі Досбол би ауылында дүниеге келді. Зағип әкесімен соңына ерген жас іні-қарындастарының қамын ойлаған қайсар қыз «Қызыл Ту» колхозының егін алқабына шығып алдымен трактор, сонан соң комбайн штурвалына отырады. Еңбек десе ерінбейтін, жасынан-ақ алғы шептен табылуға тырысатын ол комбайнерлер түскі асқа кеткенде де жұмыс істей беремін деп,байқаусызда комбайн бункерінің шнегіне аяғынан ілініп, бақытсыздыққа ұшырап, мүгедек болып қалды. Бірақ, қайсар қыз бұл қиындыққа мойымады.
Ауруханадан шыққан соң протез салынған аяғымен қайтадан трактор рөліне отырады. Осылайша тағдыр тәлкегіне қасқайып қарсы тұра білген Жадыра замандастарының көз алдында нағыз қаһарманға айналды. 32 жасында «Социалистік Еңбек Ері» атанды. Екі рет облысқа депутат болды. Еңбек «Қызыл Ту» орденімен, екі рет Ленин орденімен марапатталды Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты болды.
Ол туралы Халық жазушысы, ақын Хамит Ерғалиев «Қыз-хисса» деген дастан, журналист Мұрат Күлімбетов «Жоқ, мен ораламын» деген очерк, жазушы замандасы Қуандық Түменбай «Қыз құрбым» деген эссе жазды, жергілікті ақындар Дәулетбек Байдрахманұлы мен Қуаныш Уәлішерұлы өз поэмалары мен жырларын арнады.
«Жадыра аудандық ауруханада жатқанда ота жасаған хирург дәрігер әрі сол бөлімнің меңгерушісі Жәкен Махамбетәлиевтің рұқсатымен палатасына барып, қайсар қызбен сұхбаттастым. Жарақаты жазылып қалған екен. «Енді не істемексің, комбайынға қайта оралу ойыңда бар ма? – деп сұрадым». «Шаруашылық басшылары есепшінің оқуына жібереміз. Кеңседе отырып жұмыс жасайсың, енді солай болғаны ыңғайлы деп жатыр» – деді. Бірақ, оның отты жанарынан әлі де өз мақсатына деген құлшыныс сезіліп тұрды. Жадыраның ауыр халін көріп қиналсам да, жасымаған жігерін көріп риза болдым. Жігерін одан әрі жанығым келіп: «Қазақстанда Қасымхан Ізтілеуов, Леонид Картаузов сияқты осындай опатқа ұшыраған әріптестерің бар, біреуінің тіпті екі аяғы да жоқ. Солар еңбектен қол үзбей техникаларын заулатып жүр...» – деп едім, бетіме «рас па?» дегендей тесіліп қарап жатты да «Жоқ, мен ораламын!» – деді басын жастықтан әнтек көтеріп. Қайсар қыздың сол құлшына айтқан сөзін сол қалпында тақырып қылып, газетке жаздым» – деп есіне алады бұл күнде ардагер журналист атанған Мұрат аға.
Туған жердің даңқын, ерен еңбектің адамды мақсатына жеткізетін қасиетін қайратты да жігерлі ісімен, өршіл мінезімен паш еткен біз сөз еткен бес еңбеккер ананың өнегелі өмір жолдары аудан жастарының барлық уақытта жадында сақталып, жарқын істерге бастар бағдаршамы болса игі.
«Шиелі – ел мақтаған ерлерімен даңқты,
Ерлері ел сүйсінткен еңбегімен даңқты» – деген «Өскен өңірдің» байырғы ұранды шапкасы (бөркі) осындай жандарға арналған еді...

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
Қазақстанның құрметті журналисі.


07 наурыз 2019 ж. 1 928 0