Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырықтыққа қыры бар адам бар ма?

Қырықтыққа қыры бар адам бар ма?

Төскейде төрт түлігі қосылған қазақ халқы қой өсіруге ерекше ден қойған. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір» деуі содан болар. Яки қойдың әр мүшесі бір бұйым екенін біліп айтты ма? Мәселен, тобығын тығып, асығын атып ойнай бересіз. Кәрі жілігін – біз, ортан жілігін – шүмек қылуға да болады. Жүнінен пима тігіп, киіз басады. Шопан ата баптаған қойдың қадір-қасиетін тізбектей берсек жетерлік. Десек те бұл күндері екінің бірі қызыға бермейтін қой қырқу және оның терісі мен жүні турасында сөз қозғамақпыз.
Сонау КСРО тарқағаннан кейін Қазақстанның мал шаруашылығы бағытындағы әлеуеттік көрсеткіш күрт төмендеп кеткені баршамызға мағлұм. Бұрнағы социалистік жүйедегі одақтас елдермен қатар Қазақстанда өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, нарықтық экономикаға көшу жолына түсті. Түпкір-түпкірдегі ірі мал совхоздары мен колхоздар жекешелендіріліп, әр жерде кіші-шағын әулеттік қожалықтар мен шаруашылықтар құрыла бастады. Ақыр аяғы жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған майда қожалықтар нарық заманының қыспағына шыдамай ыдырап тынды. Содан соң ет, жүн, тері өнімдерін өндіретін қазақ елі экспорттаушы емес, шет елден сол өнімдерді тұтынушы елге айналып шыға келді.
Сөзіміздің ауанын әріден тартып, қағазға түскен тарихтың шаңын қағуымыз да бекер емес. Осыдан біраз бұрын, нақтырақ қой қырқымның таяған сәті еді. Шиелілік ағайын «Қырықтыққа қыры бар азаматтар бар ма?» деп дабыл қағып іздеу салуда. Бұл хабардың шет-жағы біздің де құлаққа тиді. Отар-отар қой баққан қожалықтар үшін маманданған, тиянақты, жылдам қырқымшы керек екені анық. Не керек, Шиеліде атакәсіпті қолға алып, «мен істеймін» деген азаматты кезіктіре қоймадық. Есесіне қойы қоралас жатқан көрші ауданнан табыла кетті. Шиелілік шаруалар жағдай айтып арнайы шақыратын Жолдасбек Нүрдиновты ел мақтағанда сене қоймағанымыз рас. Жаңақорған ауданы Сүттіқұдық ауылының тумасы 26 жылдан бері қой қырқу ісімен айналысып келеді. Көктем мен күзгі науқан уағында Жолдасбек ағамен жолығу қиынның қиыны. Жаңақорғанның ғана емес берісі Шиелі, Сұлутөбе, Қызылорда, Сарысу, Жезқазғаннан шақырту түсіп, жан-жаққа жолға шығатын қырқымшы кәнігі шебердің өзіне айналған. Оған Ақмая ауылындағы отар қойдың артық қоңын 2 күнде қырқып шыққан ісі дәлел. «Уақытыңа қарап қой» деген қырқымшы әп-сәтте қойды ырқына жығып, қолдағы қайшысымен 2 минут 45 секундта жүнін қырқып шықты. Біз аң-таңбыз. Қасына ерткен шәкірттері Тұрсынхан Аққұтанов пен Ғазиз Бегайдардың да жылдамдығына көз ілеспейді.
– Қойдың өз лимиті болады. Оны байлап не болмаса күшке салып бір қалыпта ұстап тұру қателік. Ондай жағдайда қойдың қозғалысы көбейіп, жүні дұрыс қырқылмайды. Сондай-ақ қайшының өткірлігі, оны дұрыс ұстау, қолдану сынды тәсілдерді де жетік меңгерген дұрыс. Бүгінгі таңда бұл атакәсіпті жалғап, қой қырқуға жастардың ынтасы жоқ. Көзін тапқанға бұл да кәсіп, – дейді Жолдасбек аға.
Расында, 1 қойдың жүнін қырқу үшін 200 теңге алады. Ал олар 2 күнде 600-ге тарта қойдың жүнін қырқып, 120 000 теңге қаржы тапты. Бір күні бос емес қырқымшылар одан әрі тағы малшылар ­ауылына тартты. Осындай қарқынмен айына 600 000 теңгеге жуық табыс табатын 3 қырқымшының айлығы жобамен 200 000 теңгеден келеді екен. Жыл сайын жайлауды жағалап, өз ісіне кірісетін қырқымшыларға жылдан жылға сұраныс артып келеді. Өткен жылы Жаңақорған ауданында өткен қырқымшылар байқауында І орын алып, «Алтын қол» номинациясын иеленген Ж.Нүрдиновтың айтуынша қой қырқу ісі әрі өнер, әрі спорт. Ол адамның дене қозғалысын арттырып, қан айналымын жақсартады.
Ұлттық құндылықтарымызға жататын бағзы бабалардың кәсібін ұмыт қалдырып, қырқымшы іздегендердің қатары күн санап қалыңдап бара жатқанын сөз басында да айтқан болатынбыз. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «қайта жаңғыруды қажет ететін құндылықтарымыз баршылық» деген болатын. Турасында қой қырықтықтың қыр-сырын ұмытсақ, сөздік қорымыздың да жұтаңдап кететінін ескергеніміз абзал. Мәселен, «түте-түтесін шығарды», «ұршықтай иірді» деген сөздер сол жүн түтіп, жіп иірген қазақтың іс-әрекетінен туған. Одан қалды текемет, киіз, алаша сынды жүннен жасалған төсеніштердің де дәуренін түріктің кілемдері басқанымен ұлттық құндылықтарымыздың қатарынан жоғалмауы тиіс қазыналарымыз екені даусыз емес пе? Бір ғана киіз үйдің өзі әлем елдерінің таңданысын тудырып, сұранысқа ие екенін де білесіздер. Сондықтан қой қырқып, жүн түткеннің есесі кетпесі анық.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
15 қараша 2020 ж. 573 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930