Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОЙ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

ҚОЙ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ



Аудандық ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік,
Ветеринария бөлімдерінің назарына
Қазақтың мыңдаған жылдық тарихына көз жүгіртсеңіз, біздің мұқым бітім-болмысымыз бен тұрмыс-тіршілігіміз, салт-дәстүріміз бен күндік ғұрпымыз бәрі-бәрі малшаруашылығымен біте қайнасып жатқанын байқаймыз. Жартылай көшпелілік дала дәстүрін ұстанған бабабаларымыз малшаруашылығының жоғары экономикалық-мәдени-тарихи даму бағытын замана ағымына сай табиғи және әлеуметтік ерекшелектерді бағамдай отырып қалыптастырған екен. Қыстау, көктеу, жайлау, күзеу сынды қоныстық орындардың шекарасын сандаған рулар арасында қарулы қақтығыссыз шешіп отырудың өзі мемлекеттік басқарудың жоғары дәрежеде жүргізілгенін көресетеді. Иә, кешегі күнгі әйгілі алып империяларды құрған көшпелі жұрттың айбынын асқақтатқан негізгі ұстын осынау шаруашылық болса керек.
Әлқисса, мақаламыздың басын бұлайша бастап, біз бір ғылыми-тарихи-танымдық мақала жазғалы отырған жоқпыз. Негізгі бағытымыз еліміздегі мал шаруашылығының жайы болмақ. Баршамызға белгілі КСРО тарқағаннан кейін Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуеттік көрсеткіші күрт шатқаяқтаған еді. Бұрынғы социалистік жүйедегі одақтас елдермен қатар Қазақстанда өз тәуелсіздігін алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшу жолына түсіп, баяғы мамандандырылған ірі мал совхоздар мен колхоздар жекешелендіріліп, тарап, ел-елде, жер-жерде кіші-шағын әулеттік қожалықтар мен шаруашылықтар құрылып жатты. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған бұндай қожалықтардың көбісі нарықтың қыспағына шыдамай тоз-тозы шығып, малдың басы азайып, тіптен кейбір ірі мал совхоздары жойылып та тынды. Нәтижесінде мал шаруашылығы бойынша өзіндік қайталанбас мыңдаған жылдық қалыптасқан дара дәстүрі бар Қазақстан ет, жүн, тері өнімдерін шет елден экспорттайтын өндіруші емес, тұтынушы елге айналып шыға келді. Экономиканың тау-кен өндірісіне бағытталған секторына берілген негізгі басымдық агросаланың салын суға кетіре жаздады. Бұл – тарих. Дегенмен, соңғы он жылдықта отандық агросекторға мемлекет қолдау білдіріп, түрлі бағдарламалар қабылдап, оны аяғынан тік тұрғызу үшін құмбыл іске кірісіп кеткенін де атағанымыз жөн. Бүгінгі таңда мемлекет қабылдаған «Құлан», «Алтын асық», «Сыбаға», «Ырыс» атты бағдарламалар мал шаруашылығының даму үрдісіне тың серпін беріп жатыр. Шиелі ауданында да шаруашылықтың бұл бағыты бойынша айтарлықтай ілгерілеушіліктер бар. Бұл жөніндегі нақты деректер мен дәйектерді мақаланың соңында арнайы келтіруді жөн көрдік. Ал әзірге тағы да өткенге аз-кем шегініс жасасақ дейміз. Еліміздегі мал шаруашылығының құлдырау, тоқырау, даму және өркендеу көрсеткіштерін бір сәт ой елегінен өткізсек артық етпес деген ойдамыз. Себебі, сонау 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Қазақстандағы 29 миллионнан асып жығылған мал басының саны 1930 жылдардың ортасында бар-жоғы 3 миллионға жетер-жетпес бейшаралық көрсеткішті құрап қалғаннан кейін КСРО басшылығы қандай шешімдер шығарды? Мал басы мен жан басының артуы үшін қандай қадамдарға бардық? Ұжымдастыру сынды елде жүргізілген сауатсыз, дүмбілез саяси-экономикалық басқару тәсілі ақырында мал басын ғана жұтып қоймай, қазақ халқын қырғынға ұшыратып, бір кездері республика халқының 98 пайызын құраған қазақ ұлты айналдырған 20 жылда елдің 24 пайызына әзер жетіп, қырылып қала жаздағанымыздың несін жасырайық. Жауырды жаба тоқығанымен бәрібір шындықтың қаны сорғалап шығып, тарихта тайға таңба басқандай жазылып тұрған жоқ па? Иә, ұжымдастыру, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін одан кейінгі келген екінші дүниежүзілік соғыс атты ұлы нәубеттер ел еңсесін тіктетпей қойған еді. Дәстүрлі шаруашылығынан күштеп айырылған қазаққа КСРО бірінші басшылары И.Сталин мен Н.Хрущевтің кезінде де айтарлықтай қамқорлық пен жақсылықтың жасала қоймағанын білеміз. Есесіне, Л.Брежневтің кезінде жағдай біршама жақсарып, әсіресе, дәстүрлі мал шуарашылығын дамытуға аса ден қойылғанын байқаймыз.
1974 жылы республиканың бас қаласы Алматыға КСРО Бас хатшы Л.Брежнев келіп, «Тыңды игерудің 20 жылдығы» құрметіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараның мәртебелі мейманы болады. Сондағы үлкен залдағы шаршы топта сөз сөйлеген бас хатшы қазақстандықтарға ІІ тыңды игеруді ұсынады. Генсек көтерген екінші тыңымыз осы қой шаруашылығын дамыту болатын. Л.Бережнев өз сөзінде «Біз жуырда Қонаев азамат екеуміз сөйлестік. Қазақстанға жасалып жатқан жақсы жағдайлар туралы айттық. Мен Қонаев жолдасқа, барлығы әлі толық орнына келе қойған жоқ. Енді біз қой шаруашылығын дамытайық дедім. Неге бұл салаға тоқталып отырғандығымды түсіндірейін. Мен осы жерде жұмыс жасаған адаммын. Қазақтар үшін қой шаруашылығы қалыптасқан дәстүрлі тіршілік екендігін де жақсы білемін. Бұл жердің табиғи жағдайы да осы салаға сәйкес келеді. Нәтижесінде біз екеуара келісе отырып, Қазақстан жақын болашақта қой басын 50 миллионға жеткізе алады деген шешімге келдік», – деп республика басшыларына негізгі тапсырманы беріп кетеді. Қазақ халқына жүктелген міндеттеме 1983 жылға дейін еліміздегі қойдың санын 50 миллионға жеткізу болатын.
Осыған орай республикада арнайы маманданған шаруашылық, совхоздар, фермалар құрылып, Жетісу, Шығыс аймақтардағы қой шаруашылығы жедел дамып, фермалар автоматтандырыла жөнеледі. Содан бір жылдан кейін, яғни, 1975 жылы еліміздегі қойдың саны 35 миллионнан асады. КСРО-дағы еттің 30 пайыздан астамы ал, сол кездің өлшемімен бағасы алтынға пара-пар болған қаракөл елтірісінің 33 пайызы қазақ шопандарының үлесінен өндірілген. Осы жылдары Шиелі ауданындағы қойдың саны 200 мыңнан асып, көбейген. 1975 жылы Шиелі 9 900 гектар жерге күріш ексе, мал басының көрсеткіші тіптен жоғары болғанын байқаймыз. Мәселен, осы жылдары мүйізді ірі қара саны 18 мың 334, қойдың саны 229 мың 371 басты құраған. Жылқы малы 4 131 бас болыпты.
Шиелі ауданы сол 1975 жылдың өзінде мемлекетке 332 мың 604 дана қаракөл елтірісін өткізген. Л.Брежневтің жоғарыдағы тапсырмасы бойынша Шиеліде егіншіліктен бөлек, арнайы қой совхоздары құрылады. Мәселен, Қарғалы, Телікөл, Еңбекші совхоздары осы ұранның нәтижесінде құрылып, іргелі жұртқа айналады.
Нақты деректерге жүгінер болсақ, ауданда осы жылдары жаңадан 3 қой совхозы ұйымдастырылып, тікелей 5 совхоз малшаруашылығымен 5 колхоз бен 1 совхоз егіншілік және ет, сүт бағытындағы малдарды өсірумен бірыңғай мамандандырылады. Шиеліде колхозаралық құрылыс ұйымдарындағы, механикаландырылған жылжымалы колонналардағы, темір жолдағы, «Казсельхозтехника» бірлестігінің аудандық бөлімшесіндегі комплексті мамандандырылған бригадалар мен звенолардың, цехтардың жұмысы қыза түседі. Мал шаруашылығына қажетті құрылыс нысандарының шаңы Шиелі аспанын күннен тұтып тұрды десек артық айтқандық емес, сірә. Осындай қызу еңбектің нәтижесінде малдың жағдайы, малшының жағдайы жақсарып, ауданда ірі қара мен уақ мал саны еселей артады. Бұған қарапайым еңбек адамдарының да қосқан еңбегі ұшан теңіз. Сол кездегі «Қазақстанның 30 жылдығы», «Телікөл», Ленин атындағы колхоздардың мақтауға тұрарлық озат малшылары С.Арғынбаева, М.Қожаев, А.Қонарбаев, М.Алмасбаев, А.Әбуов, Н.Сәденов, Ж.Қапанов, У.Әлихановтардың есімдері архив құжаттарында сайрап жатыр.
«Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы совхозда 18 мың 159 бас аналық қойдың әр жүз саулығынан 119,5 қозыдан алынғандығы мақтанышпен жазылған екен.
Сол жылдары үздік шыққан шопандар қатарына да арнайы тоқтала кетуді жөн санап отырмыз. Мәселен, Ленин атындағы колхоздың шопаны А.Сүлейменов әр жүз саулықтан 156, Б.Қожаев 150 қозыдан алған. Тізімді әрі қарай аз-кем толықтыра түссек. «Коммунизмдік» Н.Сәденов 100 саулықтан 205 бас қозы, Ш.Мұсабаев 160 бас қозы, «Гигант» совхозынан Ж.Қапанов 214 бас қозы, Ә.Мәденов 160 бас қозы, «Төңкерістен» Б.Нұртаев 130 бас қозы, С.Ыбырайымов 124 бас қозы, «Қазақстанның 30 жылдығынан» У.Әлиханов 212 бас қозыдан, С.Арғынбаева 160 бас қозы, «Сырдариядан» К.Мыңбаев 161 бас қозы, А.Күзбеков 139 бас қозы, «Қарғалыдан» Е.Сүгірәлиев 145 бас қозы, У.Жайсаңбаев 137 ба қозыдан, «Қызылтудан» С.Мәлібеков 147 бас қозы, Ж.Палмағанбетов 142 бас қозы алса, ал өзіміздің «Өскен өңір» газетінің бүгінгі штаттан тыс тілшісі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Жұмабек Айтбаев әр жүз саулықтан 130 бас қозыдан алып, ерен еңбектің үлгісін танытады. Осылайша шиелілік шопандар ел қазынасын еселей түседі. Еңбек етеді. Еленеді. Елдің алдыңғы қатарлы азаматтары болып, ардақталады. Марапат төріне шығып, құрметтеледі. Қарапайым еңбек адамдарының абыройы артып, жүзі жарқын болады. Шопандарға әлеуметтік көмектің, қолдаудың барлық түрі жасалады.
Енді осы мақаланың авторы құшақтай түскен суреттегі қошқардың бұл жазбаға қатысы қанша десеңіз, оған да арнайы тоқтала кетудің сәтін алыстан орағытып, қайыра әкеліп отырған жайымыз бар. Ендеше әңгімені әрі қарай қозғай түссек. Бұл қошқар Ақмаядағы қойдың төлін арттыру мақсатында сатып алынған. Екі жылдан бері ауылдағы қой төлін асылдандыру бағытында пайдаланылып келеді. Жуырда Ақмая ауылында облыстық «Дала күні – 2019» атты Сыр б­ойы диқандарының дүбірлі шарасы өткен еді. Бұл жөнінде оқырмандарымыз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қанық болса керек. Семинарға республика, облыстан арнайы мамандар, басшылар, шаруашылық төрағалары мен ғалымдар қатысты. Аймақ басшысы егіске себілген дәннің өнімді болуына тілектестігін білдіріп, Ақмаядан 16 Социалистік Еңбек Ері шыққанын тілге тиек етті. Енді осы жерде назар салып, тоқтала кетерлік негізгі мәселе мынау. Ақмаялық Еңбек Ерлерінің арасында бірде-бір шопан жоқ. Неге? Шопаннан Еңбек Ерлері шығатындай-ақ ауылда осы салаға орасан зор маңдай тері сіңген азаматтар көп еді ғой. Мәселен, Тұрар Балғабаев, Темен Әлібеков, Әлібай Нағашыбеков, Тоқтан Ақылов, Тоқберген Жаншораев, Сәрсенбек Сенбеков, Дәуке Рахимов, Қарабек Баймағанбетов сынды ардагерлер Ақмаяның ырысын арттырған, малын мыңғыртқан айтулы шопандар еді. Ауылды айтамыз-ау, 41 Еңбек Ері шыққан Шиелі ауданындағы мал шаруашылығына мамандандырылған совхоздардың өзінен жалғыз ғана Еңбек Ерінің шығуы тіптен түсініксіз емес пе? Егер коммунизмдік Нар­тай Көкиев ағамызға бұл атақ берілмегенде жоғарыдағыдай көрсеткіштермен тіптен ұятқа қалатындай-ақ жағдайда екенбіз.
Тақырыптың ауаны Ақмаяға бұрылған соң сөз желісін ары қарай сабақтай түс­сек. Аудандағы ірі совхоздардың бірі Ақмая­ның 1975 жылға дейін төскейде малы мың­ғырып, тау мен құмдағы қойының есебі қисапсыз көп болғанға ұқсайды. Деректерге көз жүгіртсек ауыл айналдырған бір жылда қой шаруашылығынан қол үзеді. Неге? Енді қайтадан тарихтан аз-кем сөз қозғасақ. Әлгінде, бас хатшы Л.Брежневтің ұсынысымен қолға алынған ІІ тыңды игеру үшін республикада шұғыл қой совхоздары құрылды дедік қой. Міне, осы жылы ауданда құрылған жоғарыда аты аталған совхоздарға басқа ауылдар қойларын өткізе бастапты. Мәселен, Еңбекшіге Төңкеріс пен Н.Бекежанов, Телікөлге Алғабас пен Ы.Жақаев ауылдары өздеріндегі шопан ата түлегін түгел өткізеді. Ал, дарияның арғы бетіндегі Қарғалы қой совхозына бүгінгі Бидайкөл мен Ақмая ауылдары мыңғырған қойын айдап апарып, тапсырады. Сөйтіп, бұл ауылдардың шопандары қойшы таяғын диқанның кетпеніне айырбастайды. Деректер бойынша Бидайкөл мен Ақмая Қарғалыға 40 мың бас қой өткізіпті. Бұл қойдың кемінде 20 мыңға жуығы немесе астамы Ақмаяға тиесілі болса керек. Осылайша 1975 жылдан ауыл түпкілікті диқаншылықты кәсіп еткен. Айтпақшы, Ақмаяның шопандары отырған, ауылдың қарауындағы Қаратаудағы салқын самал, көкорай шалғын көктеу мен жайлаулар көршілес совхоздарға өтіп кетеді. Бүгінде, Ақмаяда 2 мыңға жетер жетпес уақ мал бар. Оның өзіне жайылымдық жер тапшы. Айналасының барлығы егістік. Соған қарамастан мал шаруашылығын дамытуға халық құмбыл. Өйткені пайдасы көзге көрініп тұр. Қазақ ет жемей тұра алмайды. Оның үстіне соңғы жылдары мемлекет бұл салаға айрықша мән бергендігін жоғарыда атап өттік. Шиеліліктер де мал басын көбейтуге, асылдандыруға күш салып, еңбек етіп жатыр. Ауданда бүгінгі таңда 55 мың 735 бас мүйізді ірі қара, 13 мың 257 бас жылқы бар болса, уақ мал яғни, қой-ешкінің саны 77 мың 609 бас­ты құрап отыр. Біз деректер келтіріп отырған 1975 жылмен салыстырғанда ірі қарада 2-3 есе өсім болғанымен, уақ мал бойынша көрсеткішіміз 3-4 есе төмендеп кеткендігін байқаймыз. Біз архив деректері арқылы Шиелінің табиғаты, климаты, жайылымдық жерлері 300 мыңға жуық уақ малды жайлыммен еркін қамтамасыз еткендігінен хабардар болдық. Олай болса, осы салаға айрықша мән беретін уақыт келген жоқ па? Аудан әкімі Әшім Оразбекұлымен жуырда сұхбат жүргізген едік. Сұхбат барысында өңір басшысы мал басын асылдандыруға, уақ малды көбейту, ет өнімдерін шығаратын, өңдейтін кәсіпорындар ашу, құру туралы өзіндік тың жоспарларымен бөлісті. Сол жос­парлар аясында ауданда бүгінгі таңда заманауи мал бордақылау алаңдары салынып жатқандығын сөз етті. Сонымен қатар, аудан әкімі шаруашылықпен шұғылданып, мал басын асылдандыру, көбейту, субсидиялау, жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша мән беріп, тиісті қолдаулар жасайтындығын да атап өтті. Осының негізінде бүгінгі таңда Төңкеріс пен Ақмаяда асыл тұқымды қой шаруашылықтары құрылып, бір кездері Л.Брежневпен кеткен қойдың басын ауыл­ға қайта қайтару мақсатында жүйелі жұмыстардың жасалып жатқандығынан хабардар болдық. Қуандық. Бәрекелді дестік. Қазақта «Судың да сұрауы бар» деген тамаша тәмсіл бар. Иә, бір кездері бізге молшылық сыйлаған жерасты шикізат қорының түгесі­луге жақындағанын жұртшылық айтып жатыр. Қызылорданың мұнайы да бітуге таяу қалыпты. Оны аймақ басшысы өз есебінде де жиылған көпшілікке жасырмай айтып жатыр. Ендігі қам-қарекет шағын бизнес, кәсіпкерлік, шаруашылықта емес пе? Оның ішінде біздің оң жамбасымызға келетіні малшаруашылығы болса керек. Бүгінгі таңда халық тұтынатын еттің де нарықтағы бағасы шаруаның ыңғайына қарай келіп тұр.
Мал шаруашылығы бұрыннан жақсы қалыптасқан мынау Жамбыл, Түркістан, Талдықорған, ШҚО облыстары бүгінгі таңда Еуропаға, Таяу Шығыс, Кіші Азия аймағына бағытталған ет экспортын жолға қойып, бұл саланы дөңгелетіп, шаш-етектен пайдасына кенеліп отырғандығын күнделікті БАҚ арқылы баршамыз естіп, көріп, оқып, біліп отырмыз. Қойларының саны 20-30 мыңнан асатын ірі шаруашылықтары көп. Жамбылдағы Сайрамбай Дөненбаев басқарып отырған бір ғана Шәушен қожалығының өзінде 52 мың бас қой бар. Аталған шаруашылық жылына 10 мың қой бордақылап, Ресей федерациясына арнайы келісім-шарт негізінде өткізіп, саудасын жүргізіп отыр. Талдықорғандық кәсіпкер-шопан «Қазына» агрохолдингінің жетекшісі Алмасбек Садырбаевты қойшы қауым жақсы таниды. Интернетке кіріп, «ютубтен» канал ашып, «Әр қазақ бай болсын» атты бағдарламасы арқылы осы саланы насихаттауда. Оның біріккен кооперативтік шаруашылығында 35 мыңнан астам асыл тұқымды гемпшир-қазақ қойы тұқымымен будандасқан асыл тұқымды патенттелген қойы бар. Асыл тұқымды, бұл қойдың еті Еуропада аса жоғары сұранысқа ие. Сол жақтың ет комбинатымен келісіп, болашақта жылына 100 мың бастан астам қой етін экспорттауды жоспарлап отырған көрінеді. Бұл тұқымның бір айлық қозысының салмағы 20-22 кило тартады. Майлылығы аз. Сондықтан да өтімді және салмақты. Бәрекелді дестік. Ал, өзіміздің Сырдария ауданы Бесарық ауылындағы «Абай-Дәулет» шаруа қожалығы Кіші Азия аймағындағы Түркиямен сауда жасасып,жақын болашақта қой санын 25 мыңға жеткізсек дейді. Казір, жаңақорғандық шопандарда бұл бағыттағы жұмыстарын жүйелендіріп қойған. Ендігі қам мен қарекет бізге келді. Бізде өзімізге тиесілі сыбағадан құр қалмаудың жолын қарастырғанымыз абзал емес пе? Бүгінгі таңға дейін облыстағы ірі шаруашылықтар малдарын Шымкент, Тараз қалаларындағы ет комбинаттарына өткізіп, тіптен араб, парсы, түрік елдеріне қой басын тірідей саудалап келген еді. Бұл бір жағынан жол, тасымал, уақыт шығынын келтіріп жататын. Мәселен былтыр Қызылорда облысы 10 мың 400 бас қой, 100 бас мүйізді ірі қара, 366 бас түйе және 300 тоннадан астам тірідей салмақтағы етті Өзбекстан, Ресей, Иран, Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттаған. Биылдан бастап аймақ басшысы облыс орталығында ет комбинатын салу туралы жұмыстар жүргізілетіндігін хабарлаған болатын. Мінекей, көп ұзамай өткен аптада Қызылордада ет комбинатының іргетасы қаланды. Облыс орталығында салынып жатқан комбинат ваккумдық қаптамада жылына 5 мың тонна терең өңделген ет өндіруге мүмкіндік береді. Аталған ет комбинатының негізгі инвесторы «Сыр маржаны» серіктестігі болып табылатындығы жөнінде ақпаратқа қанықтық. Аталған комбинат құрылысы бітіп, жұмысын бастаса, облыс шопандары, оның ішінде шиелілік шопандар, мал шаруашылығымен шұғылданып отырған кәсіпкерлер де өз өнімін өткізетін орынды қиналмай, алыстан іздемей сонда апарып өткізеді. Пайдасын көреді. Малдың басы да арта түседі. Оның үстіне облыс әкімдігімен әзірленген агрокарта жоспарына сәйкес Қызылорда облысы 2022 жылға дейін ет өнімдерінің экспортын 5 есеге дейін ұлғайтып, алдағы 3 жылда осы бағытта 76 жобаны жүзеге асыра отырып, дамытып, 500-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашуды мақсат етіп отыр. Қазақта «Мал баққанға бітеді», «мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір» деген аталы сөздер бар. Оның үстіне иісі мұсылман үмбеті қой баққанды сүннетке балап жатады. Бұл ұғым жаратушы мен адамзат арасындағы елшілік қызметін атқарған расуллдардың дені өмірінің белгілі бір бөлігін қой бағумен өткізгендіктен туындаса керек. Олай болса, ауылдардағы жұмыссыз жастар осы іске белсене кірісіп, мал басын арттыру жолына жұмылдырылса, үйінде отырған әке-шешесі баласын, ер азаматын соған бағыттап, насихаттап, қызығушылығын оята білсе, ешкімге алақан жаймай өз күнін өзі көруге қауқарлы жастарымыз ел экономикасын арттыруға өзіндік үлесін қосып, жұмыссыздар санында қысқарта түсер еді. Осы орайда, аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, ветеринария бөлімдері мал шаруашылығымен шұғылданғысы келетін жастарға ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, кәсіпкерлік құру, несие алу, мал басын арттыру, субсидияға қол жеткізу, асыл тұқымды малдың ұрықтарын ауданға әкелу, мұздатылған, ұрықтардың ауданға келу жолдарын, келген мезгілін ауыл әкімдеріне хабардар ете отырып, тұрғындарға уақытылы хабарлау жұмыстарын ұйымдастыру, ветеринар дәрігерлердің жұмысына тұрақты мониторинг жүргізіп, олардың да материалдық-қаржылық жағдайына мән беру, мемлекеттен тегін бөлінетін дәрілер мен көрсетілетін 13 түрлі қызметтің тізімін елді мекендердегі халық көп шоғырланатын жерлерге орналастыру, арық-канал бойындағы мал ішетін су көздерінің құрамына тұрақты зерттемелер жүргізу, бауыр және ішек құрт ауруларының алдын алу, ауылдық округтерде арнайы салынған мал тоғыту орындарының стандартқа сәйкестігін анықтау, ауыл әкімдері жылына екі мезгіл тоғыту жұмыстарын ұйымдастыру (кейбір ауылдарда малдарды тоғыту жұмыстары тіптен ұйымдастырылмайды) секілді жұмыстарды бақылауға алып, тиісті деңгейде жүргізе білсек, шиелідегі малдың басы арта түседі. Бұның ішінде әсіресе, сервикалды және лапороскопиялық ұрықтандыру жұмыстары мен осминаторлық қызметті қайта жандандыру жолдарын қарастыру күн күттірмейтін мәселе болса керек. Жоғарыда аты аталған бөлімдер осынау жұмыстарды үйлестіру арқылы аудан әкімінің жұмыс жоспарының уақытылы орындалуы мен ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінің артуына мүмкіндік туғызбақ. Әрине, біз осынау ұсынымдар арқылы бұл бағыттағы жұмыстар ауданда түбегейлі жасалмай, жүргізілмей жатыр деуден аулақпыз. Тек мәселенің одан әрі дамыту жолдарын қарастырса деген ниетпен ұсынып отырмыз. Мақаланың ортасында еңбегі ерен шопандардың төл алу көрсеткішін бекер көрсеткен жоқпыз. Бұның барлығы осындай ұйымдасқан жұмыстардың нәтижесі болатын.
Бүгінгі таңда бұл салаға ел-жұрттың қызығушылығы айтарлықтай артып келеді. «Темірді қызған кезінде соқ» деген халық даналығын естен шығармай, аталған бөлімдердегі мамандар мен ауыл әкімдері бүгінгі мүмкіндікті құр өткізіп алмаса деген ойдамыз.
Жуырда, кәсіпкер Ербол Жеңсікбаевпен жүргізілген сұхбат барысында білгеніміз ол азаматтың да жақын болашақта осы салаға бетбұру, етті бағыттағы асыл тұқымды қой санын арттыру жоспарында бар екендігі белгілі болды. Бұл жалғыз оның ғана емес, басқа да белгілі кәсіпкерлердің назарында жүрген дүние болса керек.
Жеке адамдар, кейбір жұмыссыз жастар­ымыз да шопан және шекшек ата баласын баптап, көбейтіп жатыр. Мемлекет, облыс, аудан әкімдігі аталған салаға айрықша мән беріп отыр. Олай болса, Құдай қаласа, уақ мал көрсеткіші бойынша Шиелі 1975 жылғы межені бағындырады деген сенімдеміз.

Нұрболат Сәдуақасұлы,
Суреттің авторы Ерлан Жұмағұл.

21 мамыр 2019 ж. 2 705 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930