Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш екендігін ұмытпайық

Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш екендігін ұмытпайық



Осыдан бірнеше уақыт бұрын бұл мақала­дағы көтерілген ой-пікір газет бетінде жарияланған еді. Одан беріде уақыт өтті, заман көшті. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық маңызды мақаласы жарыққа шықты. Енді міне, жуырда осынау мақаланың сабақтастығындай болып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты ұлттық мүддеге басымдық бере отырып, тың бағытта, соны ой пікірлер қамтылып, өткенімізді жаңғырту бағытында жазылған рухани-құнды дүниесі халыққа жол тартты. Оны көпшілік қауым қуана, жылы қабылдап, пікірлерін білдіріп, үн қосуда. Тарихымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді жалпылай айтқанда кешегі күнгі халқымыз сүріп өткен өмір жолындағы жасампаз істерді, рухани-материалдық игіліктерді ел жадына қайта салу арқылы отансүйгіштік, патриоттық сезімді қалыптастыруды көздеді. Елбасының осынау мақалалары аясында өзі­міз бір кездері арнайы тоқталған мәселені қайтадан халық назарына ұсынуды жөн санадық.
«Керегеміз – ағаш, Ұранымыз – Алаш» деп өскен көшпелі елдің ұрпағымыз.
Киіз туырлықты, ағаш уықты баспана еткен бабаларымыз заманында қай саладан болсын ешкімге есе жібермеген. Бөріктінің басын идірген. Әлемге әмір де жүргізген. Бұл табиғатпен үндескен Алла Алаштың баласына бұйырған киіз үйдің киесінен дарыған күш болса керек.
«Ағаштан үйін, темірден түйін түйген» халқымыз өмір-салтын табиғатпен үндес ұстады. Жаһанданбады, жойылмады. Өзіндік ерекше мәдениетімен бүгінгі күнге де келіп жетті.
Ұшса құстың қанаты талатын, шапқан аттың тұяғы тозатындай жеріміз кең байтақ. Көшпелі өмір салтын ұстанған бабаларымыз осы атырапта қазақтың киіз үйін баспана етті. Ол көшпелі ел үшін өте ыңғайлы ғана емес, тұнған тарихы мен тағылымы мол дүние. Табалдырықтан бастап төріне, керегесінен шаңырағына дейін мән-мағынаға толы. Ата-бабамыз осы киіз үй құрылымында физикалық, астрономиялық тіпті химиялық жағдайларды ескергенін де бүгінгі ғылым таңдана мойындап отыр.
Тіптен, қазақтың киіз үйі шет елде де үлкен сұранысқа ие болыпты. Бір ғана мысал, Еуропаның ортасында орналасқан Андорра князьдігі қазақтың киіз үйін орталық демалыс орнына тіккізіп, келім-кетім туристерді таң-тамаша қалдырып отырған жайы бар екен. Тіптен, жуырда бір телеарнада Ұлыбританияда киіз үй жасаумен айналысатын шағын цехтың жұмыс жасап тұрғандығы көрсетіліп, таңқалдырғаны жасырын емес. Әлгі цехта кәдімгі ағылшындар жұмыс жасап, киіз үйге сұраныстың көп екендігін айтып жатты. Тұтынушылардың дені ағылшындар. Коттедждерінің алдына орнатып қойған. Оның ішін заманауи технологиямен безендіріп, жанға керекті жайлылықтың барлығын жасап қойған. Егде кісілер шеңбер тәрізді етіп, ағаштан жасалған бұл үйдің денсаулыққа өте пайдалы екендігін айтып, мақтанып жатты. Ал, цех басшысы болса, осынау өнердің отаны Қазақстанға келіп, оның жасалу технологиясымен етене танысқысы келетіндігін білдірген-ді. Ал, біздің өзіміздің киіз үйге деген сұраныстың деңгейі баршамызға белгілі.
Ендеше, осынау қайталанбас қолөнер туындысының бүгінгі таңдағы ахуалы қалай?
Алдыңғыға буын киіз үйдің құрылымын, оның мәдени-әлеуметтік-танымдық қасиеттерін жақсы біледі. Қалай құрып, қалай жығуына дейін, әрине. Тіпті, киіз үйге қатысты ырым- жоралғылар, салт-дәстүрлер де олардың жадында. Ал, қазіргі жастар ше? Тас қорапты көп қабатты үйге таңылып, ата баба ғұмыры байланған киіз үйден алыстап бара жатқан жоқ па? Қазақы қаймағы бұзылмаған біздің өңірімізде киіз үй қаншалықты қолданыста?
Бүгінде жасыратыны жоқ аудан, қала тұрмақ ауылдардың өзінде киіз үй құрып оты­­ратындар азайып кетті. Тіптен, жоқтың қасы. Бар болғанның өзінде көбінің үйі тозып, ескірген не болмаса, сән-салтанатынан айырылған. Осы ретте, мынадай ой туындайды. Бұрынғы үйшілер қайда, үй жөндеушілер неге жоқ? Әлде бұл қызметке ұсыныс аз ба? Қазақ неге өз үйінен өзі безген қалыпта? Неге мұны кәсіп етпеске?
Біздегі киіз үйлерді Қытай, Өзбек жерінен, Қарақалпақтан өте қымбат бағаға әкеліп жатыр. Ол үйлер үлкен шараларда ғана орталық алаңға тігіліп жатады. Демек, киіз үйге сұраныс аз да болса бар. Алайда, бізде үйші жоқ. Бұл сұранып тұрған мамандық емес пе? Неге осы саланы дамытпасқа, жастарды оқытпасқа? Киіз үйдің бау-шуы – оның сәні ғана емес, қандай да бір мәдениетімізді, тарихымызды, әдет ғұрпымызды танытады. Бір ғана бауларындағы оюды талдасақ тереңге кетеміз.
Алайда, бүгінде шикізаттарымыз қолда­нысқа көптеп енбей жатқан секілді. Соның бірі ши тоқу өнері. Кенжелеп қалған, тіпті бүгінде қолданыстан мүлде шығып қалған осы шиді неге заманауй етіп қолданысқа енгізбейміз? Айталық терезе жалюзіне өзіміздің табиғи шиімізді неге бейімдемейміз?
Сонымен қатар, біз шиеліліктер диқан­шылықты кәсіп еткен халықпыз. Күн жылып, көктем шығысымен ауылдардағы азаматтарымыз құрал-сайманын әзірлеп, дала төсіне шығып, қос тігіп, гектарлап қауын-қарбыз тағыда басқа дақылдарды жерге тастап, ала-жаздай егістік басында жатады. Осы кезде бірен-саран диқандарымыздың киіз үй тігіп отырғанын көзіміз шалады. Ал, қалғандары яғни, көпшілігі қамыс кепеде егін біткенше амалдап отырғаны. Әлгі бірен-саран тігіліп тұрған киіз үйдің өзі қырық жамау, көзге қораш, иқы-жиқысы шыққан.
Осы орайда, ой туындайды. Неге сол сәні мен салтанатынан айырылған киіз үйлерді қайтадан жаңғыртып, жаңаламасқа?
Киіз үй жасауды неге кәсіпкерлеріміз қолға алмай жатыр. Мүмкін жоба жоспар беруіміз әлсіздеу болар. Ұлттық бағыттағы құндылықты дәріптеу қолдан келмей жатыр ма? Мәселен, кәсіпкерлер палатасы арқылы қорғалып, тиісті иесіне қаржысы табысталған 10 жоба болса, соның біреуін осындай жоғалып бара жатқан ұлттық бағыттағы кәсіп түрлеріне негіздесе және өтем пайызын мүмкіндігінше барынша төмендетіп, қайтару мерзімін ұзартса. Бұл халқымыздың төл туындысы, қазақтың мәдениетіне жасалған шексіз қамқорлық болар еді. Бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі сезілер еді.
Әйтпесе, арысы Арал берісі Жаңақорған ауданында нақ осы киіз үй жасауды кәсіпке айналдырып отырған адам жоқ бүгінде. Яғни, бұл киіз үй жасау өнері құрдымға кетіп бара жатыр деген сөз.
Көшпелі елдің барлық бітім-болмысы, тұрмыс-салты табиғатпен үндескен киіз үй қазақтың тұрағы, құтты-мекені, киелі қара шаңырағы. Ол тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бір­неше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды. Біздің бұл тақырыпқа қалам тербеудегі мақсатымыз бір кездері халқымыздың байлығы мен сән- салта­натының куәсі болған осынау туынды яғни, мәдениетіміздің баға жетпес мұрасы жойылып кетпесе деген алаңдаушылықтан туындаған ой еді.



Н.Сәдуақасұлы.
24 қараша 2018 ж. 1 221 0