Ұстаз ұлағаты – ұрпаққа аманат
Әр адамның өмірінде ерекше орын алатын қасиетті мекен болады. Мен үшін сондай қастерлі орда – Шиелі ауданы, Тартоғай ауылы №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицей. Бұл білім шаңырағы мен үшін тек мектеп қана емес, тұтас әулетіміздің тарихы мен тағдыры тоғысқан киелі мекен.Тақтадағы суреттегі бірінші қатарда тұрған менің атам – Байқоңыр Рахымшаұлы. Ол кісі осы мектептің алғашқы басшылық қызметін атқарып, білім ордасының іргетасының берік қалануына, қалыптасуы мен өркендеуіне зор үлес қосқан ардақты азаматтардың бірі. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған атамның ел игілігі жолындағы еңбегі бүгінгі күні де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Оның білімге деген жанашырлығы, адалдығы мен жауапкершілігі кейінгі буынға үлгі болып келеді.
Ал бесінші қатардағы Сабила Байқоңырқызы – осы мектептің абыройын асқақтатып, сан шәкірттің жүрегіне білім мен тәрбиенің шуағын ұялата білген қадірлі ұстаздардың бірі. Ұстаздық жолдың ауыр жүгін абыроймен көтерген жанның еңбегі талай шәкірттің жетістігі арқылы өлшенеді. Сабила апай секілді ұстаздардың арқасында мектептен қанат қаққан талай түлек елдің әр саласында абыройлы еңбек етіп жүр.
Шын мәнінде, бұл білім ордасында еңбек еткен ұстаздардың әрқайсысы ауылдың ғана емес, тұтас қоғамның дамуына үлес қосты. Олар шәкірттерге тек пәндік білім берумен шектелмей, адамгершілік, адалдық, еңбекқорлық секілді асыл қасиеттерді бойларына сіңірді. Сондықтан да ұстаз еңбегі – уақыт өткен сайын бағасы арта түсетін өлшеусіз қазына.
Мен де осы қасиетті қара шаңырақтан білім алып, 2014 жылы түлеп ұштым. Қазіргі таңда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бас маман қызметін атқарып келемін. Мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүргеніме сегіз жылға жуықтады. Ел игілігі жолындағы еңбегімнің негізінде мектеп қабырғасында алған білімім мен тәрбием, ұстаздарымның берген тәлімі жатыр деп білемін.
Өмірдің ерекше заңдылығы бар: ізгі жол ешқашан үзілмейді. Бүгінде қызымның да атасы мен әулетінің ізі қалған осы қасиетті мектепте білім алып, үздік оқушылар қатарынан көрініп жүргені – мен үшін зор қуаныш әрі үлкен мақтаныш. Оның бойынан білімге деген құштарлықты көрген сайын, мектептің өнегелі тәрбиесі мен ұстаздардың жанашыр еңбегінің жалғасып келе жатқанын сезінемін. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі.
Атам қалыптастырған ізгі дәстүр, ұстаздар көрсеткен өнегелі жол ұрпақпен бірге жасай беретініне сенемін. Өйткені білім мен тәрбиеге негізделген құндылықтар ешқашан ескірмейді. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан қызымның да білімді, тәрбиелі, халқына адал қызмет ететін азаматша болып өсуін тілеймін.
Қай кезеңде де ұстаз еңбегі ерекше құрметке лайық. Себебі олар болашақты тәрбиелейді. Ұстаз алдындағы қарызды сөзбен де, іспен де толық өтеу мүмкін емес. Еңбектеріңіз әрдайым еленіп, шәкірттеріңіздің жетістігі сіздерге қуаныш пен мақтаныш сыйлай берсін! Ұстаз еккен білімнің дәні мәңгі көктеп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.
Гүлнұр Байғоңыр








