ҚҰРАҚ ҚҰРАП, РЕКОРД ЖАҢАРТҚАН ШЕБЕР
Қазақ халқының мәдениеті мен рухани болмысын танытатын асыл мұралардың бірі – қолөнер. Соның ішінде құрақ құрау – аналардың мейірімін, ұлттың талғамы мен тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін ерекше өнер. Бүгінде осы ұлттық құндылықты дәріптеп, қазақтың қолөнерін әлемге танытып жүрген шеберлердің бірі – Жиделіарық ауылының тумасы Құттыгүл Әбілқасымова.Көпбалалы отбасында дүниеге келген кейіпкеріміздің өнерге деген қызығушылығы бала күнінен басталған. Оның алғашқы ұстазы – әжесі. Сыртқы киім, көйлек, костюм-шалбар тігіп, тоқыма өнерімен айналысқан әжесінің жанында жүріп, кішкентайынан ісмерліктің қыр-сырын меңгереді. Әжесінің әр қимылын бақылап өскен қыз уақыт өте келе ұлттық қолөнердің жанашырына айналды. – Әжемнің қолынан шыққан дүниелерге қызығып қарайтынмын. Қасында отырып мата қиып, ине ұстап үйрендім. Ол маған тек тігін тігуді емес, еңбекке адал болуды да үйретті, – дейді шебер. Қазақы тәрбиемен өскен қыз бала үшін қолөнер – жай кәсіп емес, үлкен өмір мектебі. Оның бойындағы ұқыптылық пен төзім де осы тәрбиеден қалыптасты. 2019 жылғы карантин кезеңі көпшілікке қиындық әкелгенімен, Құттыгүл үшін жаңа мүмкіндікке жол ашты. Алғашында бетперде тігіп бастаған ол кейін қыз жасауларын, жастықтар мен ойыншықтар тігіп, әлеуметтік желі арқылы сатылымға шығарады. Осылайша сүйікті ісі кәсібіне айналып, еңбегі көпшілікке таныла бастайды. – Бастапқыда уақыт өткізу үшін ғана тігетінмін. Кейін тапсырыс көбейіп, адамдардың қызығушылығы артты. Сол кезде бұл өнердің менің өмірімдегі орнын түсіндім, – дейді ол. Кейін Қызылорда облысының тігіншілер қауымдастығына қосылып, өзге шеберлермен тәжірибе алмасады. Ұлттық нақыштағы бұйымдарға сұраныстың артуы оның шығармашылығына тың серпін береді. Қазақ халқы үшін құрақ – терең мағынаға ие өнер. Әр өрнектің өз мәні мен тарихы бар. «Қошқар мүйіз», «ши құрақ», «тұмарша» сынды оюлар халқымыздың дүниетанымын бейнелейді. Құттыгүл апа үшін де құрақ – жай ғана мата емес, ұлттық рухтың көрінісі. 2023 жылы Астана қаласында Нұргүл Абайхан жетекшілік еткен жобада Қазақстанның түкпіртүкпірінен жиналған 200 құрақшы «қошқар мүйіз» құрағын жайды. Бұл ұлттық өнерді ұлықтаған ерекше шаралардың бірі болды. – Сол күні ерекше толқыныс болды. Бір алаңда жүздеген шебердің бас қосуы – үлкен бірліктің белгісі еді, – деп еске алады ол. Ал 2025 жыл оның өміріндегі тарихи кезеңге айналды. Алматы қаласындағы Медеу мұз айдынында 660 құрақшы бірігіп, ши құрақ көрпешелерін жайды. Бұл жоба этно-рекордтар мәдениеті санаты бойынша әлемдік рекордтар тізіміне енді. Қазақтың ұлттық өнерін әлемге танытқан осы шарада Құттыгүл Global of Best Records ұйымының күміс медалімен марапатталды. Сонымен қатар Қызылорда облысында өткен «Қас шебер» байқауында І орынды иеленіп, туған елдің мерейін асырды. Оның еңбегін бағалайтын жандар аз емес. Әріптестері оның бойынан еңбекқорлық пен ұлттық өнерге деген адалдықты көреді. Бүгінде шеберіміз тек тігін тігіп қана қоймай, жастарға ұлттық өнерді насихаттап жүр. Оның айтуынша, қазіргі жастардың қолөнерге қызығушылығы артып келеді. – Жастар ұлттық өнерден алыстамауы керек. Қолөнер – біздің тарихымыз бен тәрбиеміз, – деді бір сөзінде. Алда да ауқымды жоспарлар бар. 2026 жылдың 15 мамырында Өскемен қаласында 800 құрақшының қатысуымен үлкен шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл жоба да қазақтың қолөнерін әлемге танытатын маңызды қадамдардың бірі болмақ. Қарапайым ауылдан шыққан Құттыгүл Әбілқасымованың өмір жолы – еңбек пен табандылықтың жарқын үлгісі. Әжеден дарыған өнерді жалғап, ұлттық мұраны жаңа деңгейге көтеріп жүрген шебер бүгінде көпшілікке үлгі болып отыр. Құрақтың әр қиығын үйлестіріп, тұтас әсем дүние тудырған шебердей, ол да өз өмірін еңбекпен, сабырмен және ұлттық өнерге деген шынайы сүйіспеншілікпен өріп келеді. Әрбір жасаған бұйымы – тек қолөнер емес, ұлт рухын жалғап тұрған бір өрнек іспетті. Осындай ісіне адал, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген шеберлер барда қазақтың қолөнері ешқашан өшпейді, қайта жаңғырып, жасай береді.
Айнұр ИБРАШЕВА







