СЫР ЕЛІНЕ САПАР: КӨҢІЛГЕ ШУАҚ, ЖАНҒА ҚУАТ

Таңғы самалмен бірге Шиелі кенті ерекше күйге бөленгендей еді. Аудан әкімдігі ғимаратының алды бүгін әдеттегіден өзгеше. Сағат сегіздер шамасында мұнда ел тыныштығы жолында еңбек еткен ардагерлер жинала бастады. Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Семей ядролық сынақ полигоны мен Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан азаматтар, Ауған соғысының ардагерлері және Желтоқсан оқиғасының куәгерлері – барлығы тағылымды сапарға үлкен толқыныспен аттанғалы тұрды.
Жүздерінен өмірдің талай белесін өткерген байып пен сабыр аңғарылады. Бірі өткен күндерді еске алса, енді бірі бүгінгі елдің жаңарған келбетіне куә болар сәтті тағатсыздана күткендей. Сағат тоғыздар шамасында аудан әкімі аппаратының басшысы Ғалымжан Каримов саяхатшыларға сәт сапар тілеп, ақжарма лебізін білдірді. Айта кетейік, бұл тағылымды шара аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында, «Жалынды жастар» қоғамдық бірлестігі тарапынан ұйымдастырылды. Осылайша ардагерлер мінген автобус Қызылорда қаласына қарай бет алды. Терезеден сырғып өткен кең дала, көктемгі тіршілік пен жаңарған табиғат саяхаттың сәнін келтіріп тұрды.
Жаңғыру жолындағы жарқын бастама
Сапардың алғашқы бағыты – жаңадан ашылған «Құзіреттілік» орталығы болды. Зәулім де заманауи ғимарат саяхатшыларды бірден ерекше әсерге бөледі. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде құзіреттілік орталықтарын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асқан. Екі қабатты, мың орынға арналған ғимарат техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен бизнес өкілдері үшін ортақ алаңға айналмақ. Мұнда жастардың кәсіби дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Заманауи технологиялармен жабдықталған орталық халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына қатысатын мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастардың еңбекке деген қызығушылығын оятуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Ғимарат ішін аралаған ардагерлер жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктерге сүйсініп, елдің ертеңіне сеніммен қарады.
Өнер мен білім тоғысқан мекен
Одан әрі жолымыз «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына жалғасты. Академия табалдырығын аттаған сәттен-ақ өзгеше рух сезіледі. Бір мезетте 500 оқушыны қабылдайтын бұл орталық тәулігіне үш мыңға дейін балаға қосымша білім алуға мүмкіндік береді. Мұнда бассейн, көркем гимнастика және фитнес залдары, үстел теннисі мен жекпе-жек алаңдары орналасқан. Ал шығармашылық бағыттағы кабинеттер тіпті ерекше әсер қалдырды. Кескіндеме, сурет салу, сәндікқолданбалы өнер, робототехника, жасанды интеллект, 3D модельдеу және биотехнология кабинеттері – бәрі болашақтың бейнесіндей көрінді. Ардагерлер жастарға арналған мұндай орталықтардың ел болашағы үшін аса маңызды екенін айтып, ризашылықтарын білдірді.
Бірліктің бесігі – «Достық үйі»
Сапар жалғасы Достық үйі ғимаратында өрбіді. Қала сәулетіне сән қосқан жаңа нысан алыстан менмұндалайды. Мұнда этномәдени бірлестіктерге, ардагерлер кеңесіне, Азаматтық Альянс өкілдеріне толық жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Сондай-ақ 200 орындық концерт залы, 50 орындық акт залы, домбыра, ән, би үйірмелері, медиация орталығы мен музей жұмыс істейді. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының демеушілігімен 3 миллиард 800 миллион теңгеге салынған бұл ғимарат бүгінде татулық пен келісімнің символына айналып келеді. Осы тұста саяхатқа қатысқан ұстаз ардагер, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Бибімария Махамбетова өз әсерімен бөлісті: – Бұл сапар бізге ерекше көңіл-күй сыйлады. Кезінде елдің болашағы үшін алаңдап жүрген күндеріміз еске түсті. Бүгінгі бейбіт елдің көркейіп, жастарға осындай мүмкіндіктер жасалып жатқанын көру – үлкен қуаныш. Әсіресе жаңа орталықтар мен рухани орындар көңілімізге мақтаныш сезімін ұялатты, – деді ол тебіреніспен.
Саябақтағы сәулелі сәт
Түскі астан кейін саяхатшылар Президент саябағы аумағына келді. Жаңғыртылған саябақтың көркі көз тартады. Заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорттық және балалар алаңдары, шахмат пен би аймақтары, футбол және баскетбол алаңдары барлығы үйлесімді орналасқан. Биіктігі елу метрлік шолу дөңгелегі мен жасыл желекке көмкерілген демалыс аймақтары саябаққа ерекше сән беріп тұр. Жалпы аумағы 31 гектар болатын саябаққа мыңдаған ағаш пен сәндік бұталар егілген. Ардагерлер саябақ ішінде серуендеп, естелік суреттерге түсіп, туған елдің жаңарған келбетіне шынайы ризашылықтарын білдірді.
Тарихы терең спорт ордасы
Сапардың соңғы нүктесі Ғани Мұратбаев атындағы стадион болды. 1969 жылы пайдалануға берілген бұл стадион бүгінде Сыр спортының үлкен ордасына айналған. Мұнда футболдан Премьер-лига ойындары, қазақ күресінен «Алтын белбеу» турнирі және көптеген ауқымды шаралар өткізіліп келеді. Қазіргі таңда стадионда жас спортшылар жаттығып, түрлі жарысқа дайындалады. Ардагерлер спорт кешенін аралап, жастардың жетістіктеріне тілектестік білдірді. Күн еңкейіп, сапар соңына таяғанда әр адамның көңілінде ерекше әсер қалды. Бұл жай ғана экскурсия емес, өткен мен бүгінді жалғаған, рухани серпіліс сыйлаған тағылымды сапар болды. Сыр елінің көркейген келбеті ардагерлер жүрегіне қуаныш ұялатып, көңілдеріне шуақ сыйлады.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ







