ТАРИХПЕН СЫРЛАСҚАН САПАР

Сапардың шымылдығы ардагерлерді құттықтап, ақ тілектерін арнаған азаматтардың сөзімен ашылды. «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Орынбайқызы мен аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Әбілқасымқызы ардагерлерге сәтті сапар тіледі. Олар тарихпен қауышу – жай ғана таным емес, әрбір адамның рухани әлеміне азық болатынын атап өтті. Сонымен қатар қатысушыларды «Еңбек күні», «Қарттар күні», «Алтын күз» мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Бұл сапарға ел үшін еңбегі сіңген, тарихтың қилы кезеңдерін бастан өткерген азаматтар қатысты. Олардың арасында Чернобыль апатының зардабын жоюшы ардагерлер, Ауған соғысының, Семей ядролық сынақ полигонының, Тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының куәгерлері мен Желтоқсан оқиғасының батырлары бар. Қиындықты еңсеріп, тәуелсіздік пен бейбіт өмірдің қадірін арттырған бұл жандар – елдің тірегі, ұрпақтың үлгісі. Саяхат барысында ардагерлер Түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістан қаласына барып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне тағзым етті. Әулиенің мәңгілік мекенінде Құран бағыштап, тарихтың қатпарлы кезеңдерімен танысты. Орта ғасырлық сәулет өнерінің ғажайып туындысын көру – әрбір қатысушыға ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар соңғы жылдары Түркістанда бой көтерген жаңа ғимараттар, мәдени нысандар мен сәулеттік ансамбльдерді аралап, қаланың бүгінгі келбетін тамашалады. Бұл сапар ардагерлерге рухани демалыс қана емес, елдік пен бірліктің, өткенге тағзым мен болашаққа сенімнің нышаны болды. Тарихын таныған адам ғана болашақтың бағасын біледі. Қазақ даласы – тұнып тұрған тарих, ал сол тарихты білу – әрбір азаматтың парызы. Осындай тағылымды шаралар жас ұрпаққа да үлкен өнеге. Себебі елін сүйетін, жерінің тарихын құрметтейтін халықтың ғана болашағы кемел болмақ. Түркістанға жасалған сапар – тек саяхат емес, ол – ұрпаққа рух беретін, жүрекке иман ұялататын, елдікке үндейтін үлкен мектеп.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ