Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІ ШЕБЕРЛЕРІ – РЕКОРДТАР ТАРИХЫНДА

ШИЕЛІ ШЕБЕРЛЕРІ – РЕКОРДТАР ТАРИХЫНДА

Қазақ халқының ежелден келе жатқан құнды мұрасы – құрақ көрпе. Бірнеше буынды жалғап, жарасыммен тігілген бұл өнер туындысы қазір тек тұрмыстық қолданыс емес, ұлттың мәдени коды мен көркем тілінің бір бөлшегі ретінде әлем алдында мойындалып отыр. Соның бір дәлелі – соңғы үш жылда «Аламан Құрақ» жобасы аясында Қазақстан тарихына ғана емес, дүниежүзілік рекордтар кітабына енген ерекше бастамалар.
Бұл жобаның авторы – құрақ құраудың хас шебері, 20 жылдық тәжірибесі бар Нұргүл Абайханқызы. Ол 2022 жылдан бастап еліміздің түкпір-түкпіріндегі құрақшыларды біріктіріп, ұлттық өнерді жаңа деңгейге шығаруға бел шеше кірісті.

2023: Тұңғыш рекорд — «Қазақ Елі» алаңында
Алғашқы рекордтық жоба 2023 жылы 4 маусым күні Астанадағы «Қазақ Елі» алаңында, Рәміздер күніне орай ұйымдастырылды. Бұл күні 200 құрақшы 500 метрге созылған көрпешені біртұтас түспен, үйлесімді өрнекпен жайып, ерекше композиция ұсынды. Бұл іс КИНЭС рекордтар кітабына енді. Осы тарихи сәтке Шиелі ауданынан – Құттыгүл Кенжәліқызы қатысып, өзінің қолтаңбасы бар туындысын ұсынды. Оның есімі де рекорд авторларының қатарында мәңгілікке жазылды.

2024: Көшпенділер ойынында – Гиннес рекорды
2024 жылдың 8 қыркүйегінде, Астанада өткен Бесінші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары аясында, құрақшылар тағы да әлемді таңғалдырды. Бұл жолы 450 шебер бір мезетте 11200 шаршы метр аумаққа көрпе жайып, Гиннес рекордын жаңартты. Бұл көрпешелерге дәстүрлі «Гауһартас», «Аламан», «Сынық мүйіз», «Қошқар мүйіз» секілді ұлттық ою-өрнектер тігілді. Қызылорда облысынан 16 шебер қатысса, Шиеліден Ақбота Ерболатқызы ел намысын қорғап, үлкен жетістікке өз үлесін қосты.

2025: Медеудегі әлемдік рекорд
Жобаның ең ірі жетістігі 2025 жылы Алматы қаласында, әйгілі Медеу мұз айдынында тіркелді. Бұл жолы 660 құрақшы – жасы 6-дан 90-ға дейінгі қатысушылар – 1366 шаршы метр аумаққа бірдей өлшемде тігілген көрпешелерді жайып, ұлттық өнерді жаңа деңгейге көтерді. Бұл көрсеткіш әлемдік рекорд ретінде тіркелді.
Қызылорда облысынан 56 құрақшы қатысып, оларды тәжірибелі ұйымдастырушы Уржамал Әбдібайқызы бастап барды. Осы құрамда Шиелі ауданынан Құттыгүл Кенжәліқызы мен Ақбота Ерболатқызы қатысты. Өздерінің еңбегімен ерекшеленіп, ұлттық өнердің биіктеуіне өз үлестерін қосты.

Өнер – ұлттың рухы
Құрақ көрпе – тек тұрмыстық бұйым емес, ол ананың мейірімі, ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық болмыстың нышаны. «Аламан Құрақ» жобасы арқылы бұл өнер бүгінде тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемге танылып отыр. Әсіресе, осындай ауқымды істе Шиелі шеберлерінің есімі аталып, ел мерейін асырғаны – өңір үшін үлкен мәртебе. Ұлттық мұраны ұлықтаған жандардың еңбегі елеусіз қалмайтыны анық. Ал рекордтар кітабына енген Шиелінің құрақшылары – қазақы болмысымызды дәріптеп, ұлттық өнеріміздің көркі мен рухын биікке шығарған шеберлер.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
18 тамыз 2025 ж. 19 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№62 (9329)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (9328)

16 тамыз 2025 ж.

№60 (9327)

12 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031