Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

Ісмер

Қолөнер саласы – ата-бабадан мирас болып қалған ұлттық мұра. Бүгінде ауданда аталған сала қарқынды дамып келеді. Өз кәсібінің майталмандары заман талабына сай қайта жаңғырып, тұтынушының көңілінен шығу үшін түрлі дүние ойлап табуда. Қай ананы алсақ та, қызының жат әдеттерден аулақ болып, яғни қол қусырып отырмай, бес саусағынан өнер тамған, жан-жақты, еңбекке бейім болып өскенін қалайды. Сондықтан қолы қалт етсе бұрымдысына ине ұстатып, құрақ құрауды, пішуді, тігуді, кестелеуді үйретеді. Бүгінгі біздің кейіпкерімізді де тігін тігуге өз анасы баулыған.
Айзауре Дүйсенбайқызы – Шиелі ауданы, Бестам елді мекенінің тумасы. Бала кезінен дәрігер болуды армандаған ол, бойжете келе ойы өзгеріп, ісмерлік өнерге жақын болады. Кейіпкеріміз үшін әсемдіктің жиынтығы – тігін тігу. Бала кезінен анасына қолғабыс болып, ине мен жіпті ұстап үйренген. Әу баста үй шаруашылығына қажетті заттарды тігумен бастаған ол, келе-келе тігіншілікке бет бұрады. Кейін тәжірибе жинап, білімін жетілдіру үшін 3 айлық тігін курсын оқып алады.
– Қыз баласы болған соң тұрмыс құрып, бала тәрбиелеу алдыңғы орында тұратыны белгілі ғой. Мен де аналар салған ізбен ұрпақ тәрбиелеудемін. Айтайын дегенім бұл емес, әрине. Балаларым өскен соң мен де тігін курсын оқып алсам деген арманыма қол жеткіздім. Осылайша аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, 3 айлық тегін тігін курсын оқуға жолдама алдым. Соның арқасында көптеген жолдас таптым. Тігіншіліктің қыр-сырын үйрендім әрі сол іске машықтана бастадым. Курс­та тігінші-пішуші мамандығы бойынша білім алдым. Кәсіби маман болмаған соң, пішуді онша білмейтін едім. Бұл маған үйренуге үлкен мүмкіндік туғызды, – дейді ісмер.
Деректерге сүйенсек, ерте кезде құрақ құрау мата қиындысын ысырап етпес үшін жасалған екен. Ал сол құрақтан жасалған көрпе-көрпешелер бүгінде әр шаңырақтың шырайы, көркі. Әдемі дүниені шығару үшін оның ар жағында қажырлы еңбек пен төзім жатқаны айтпаса да түсінікті. Бүгінгі таңда шымылдырық, құрақ көрпе-көрпеше, түрлі төсеніш, перде, жапқыш, қол орамал т.б. дүниелерді тігетін А.Дүйсенбайқызы да ең алғашқы тапсырысын балабақшаға құрақ көрпеше тігуден бастапты.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылымыздағы балабақша құрақ көрпеше тігіп беруімді сұрады. Құрақ құрау аса шыдамдылықты қажет етеді. Бұл жерде түстердің бір-бірімен үйлесім тауып әрі тігісі де өте сауатты тігілуі шарт. Не керек, көз майымды тауысып, бар ынта-жігеріммен өздері қалағандай жасап, 6 түрлі құрақ құрап бердім. Жасаған дүнием көпшіліктің көңілінен шықса болу керек, сол уақыттан бері көрші-қолаң, туған-туыс, құда-жекжат, дос-жаран тапсырыс бере бастады. Осылайша үйде отырып, кішігірім нәпақамды тауып келемін. Жасыратыны жоқ, тігін тігуден тіпті ләззат аламын. Ол менің бойыма шабыт беріп, көңіліме шаттық сыйлайды, – дейді өз ісінің шебері.
Жұмысын жан қалауымен орындайтын тігіншінің арманы да жоқ емес. Оның ойынша әрбір адамның бойында ұлттық өнерге деген жанашырлық болуы керек. Отбасындағы қылықты қыздарына тігін тігудің қыр-сырын үйретіп жүрсе де, өзі тұратын Бестам ауылының мектеп қабырғасында арнайы кабинет ашып, қыз балаларға үлгі-өнеге көрсетсем дейді. Алдағы уақытта біз де шәкірт тәрбиелегісі келген ісмерге сәттілік тілейміз.

Фариза КЕНЖЕШОВА

07 желтоқсан 2019 ж. 1 564 0