Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекеге бастайтын бизнес

Берекеге бастайтын бизнес



Бүгінде қолөнер саласы өз маңызын жойған жоқ. Керісінше қоғамның қызығушылығын арттырып, заман талабына сай жаңғыруда.бұйымды Тұтынушының талғамына сай, құйып қойғандай жарасымды, үйлесімді етіп шығару он саусағынан өнер тамған ісмердің ғана қолынан келеді. Шиелі ауданы да өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол, ұшқыр ойлы тігінші мамандардан кенде емес. Солардың бірі, жан қалауымен жұмысын жандандырып отырған Алғабас ауылының тұрғыны – Ләззат Бекмұратова.
Ол жастайынан қолына ине мен жіпті ермек еткен жандардың қатарында. Тігіншілік оған қанмен келген қасиет. Өйткені, оған тігін тігуді, кестелеуді, пішуді, оюды т.б. ешкім үйретпеді. Ісмердің бүгінде тұрмысқа қажетті бұйымдар, оның ішінде қыз жасауы, жапқыш, киім, мектеп формасы, шымылдырық, түрлі төсеніш, перде, қолорамал т.б. дүниелерді тігіп жатқанына 20 жылға жуық уақыт болыпты.
– Әрбір қыз баласы тігін тігуге құмар болады емес пе? Мен де жастайымнан әуес болдым. Мектепте оқып жүргенде-ақ өз киімімді өзім тігіп алатынмын. Өсе келе көрші әжелерге тігіп жүрдім. Ол кезде ақша алмайтынмын. Әжелер тігіншінің дүкені құр болмау керектігін айтып, бес-он теңге ­тастап кететін. Кейін кәмелеттік жасқа толып, мектеп бітірген соң Ташкент қаласында «тігінші-модельер» мамандығы бойынша білім алдым. Одан кейін технология пәнінің мұғалімі мамандығын оқып, 16 жылдан бері осы сала бойынша қызмет етіп келемін, – дейді Л.Шәмшіқызы.
«Сенімділік – табысқа жетуге құлшынысты арттырып, бойға қуат береді» деген екен Бауыржан Момышұлы. Иә, тігінші болу үшін өн бойыңызда өзіңізге деген нық сенім болуы шарт. Өйткені, өз ісіне шорқақ адам тұтынушының көңілінен шыға алмайтыны шындық. Жауапкершілігі мол ісмердің қолынан шыққан бұйымдары едәуір сұранысқа ие болғандықтан, үйдің жанынан бөлме ашып, қосымша кәсібін дөңгелетіп, табыс көзіне айналдырып отыр.
– Машақаты көп жұмыс асқан шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан ба, еңбекті түсініп, халық оң бағасын беріп жатады. Армансыз адам болмайды ғой. Мен болашақта үлкен ателье ашып, кәсібімді одан әрі кеңейтіп, сонымен қатар нәзікжандыларды тігіншілікке баулығым келеді. Осы жолда тынымсыз, адал еңбек ету арқылы жетістікке жететініме сенемін, – дейді тігінші.
Қолөнер – қазақ халқының мәдени құндылығы. Тігінші маман өзін мықтымын деп есептейтін болса, математика мен психологияны терең меңгеруі керек. Себебі, матаны дәлдеу, оны теңестіру тұнып тұрған есеп емес пе? Ал көздің майын тауысатын әр қадамын жіті бақылау асқан төзімділікті талап етеді, одан қалды алдыңызға келген тұтынушымен дұрыс қарым-қатынас жасай білу де білімді қажет етеді. Ата-бабадан қалған мұраны жандандыратын, ұлттық өнерге деген жанашырлық әрбір жанның бойында болса, тігіншілік те, басқасы да одан әрі дами береді.

Фариза
КЕНЖЕШОВА
30 шілде 2019 ж. 1 411 0