Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСУ ЖАЛҒАСУДА

ХАЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСУ ЖАЛҒАСУДА

Ел мен жердің тағдыры таразыға түскен тұста қазақ қашанда сөзден бұрын сенімге жүгінген. Өйткені сенім – мемлекеттің де, қоғамның да алтын қазығы. Халық билікке сенсе, ел ілгері жүреді. Басшы халықтың үніне құлақ түрсе, ауылдың да, ауданның да ажары кіре бастайды. Соңғы жылдары ел ішінде жиі айтылатын «халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымы да дәл осы сенімнің тамырын тереңдетуді көздейді. Өткен аптадан басталған аудан әкімі ­Айтбай Жандарбековтің 2026 жылдың І жартыжылдығындағы халықпен кездесулері осы ұстанымның нақты көрінісі.

Аптаның алғашқы жұмыс күнін аудан әкімі іргелес жатқан Иіркөл ауылдық округінен бастады. Сырт көзге бұл ­жоспарлы кездесу ғана секілді көрінуі мүмкін. Алайда ауыл жұртшылығы үшін осы күннің салмағы бөлек еді. Себебі ел алдында жаңа әкім таныстырылып, ауыл өміріндегі жаңа кезеңнің парағы ашылды. Кездесу басталар алдында аудан әкімі жаңадан сайланған ауыл әкімі Қанағат Ербайұлын көпшілікке ресми түрде ­таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Иіркөл ауылдық округінің әкімі Қанағат Ербайұлы – өмір жолын мемлекеттік қызметпен ұштастырған, тәжірибесі мол азамат. Шиелі өңірінде дүниеге келіп, құқық саласында білім алған ол еңбек жолын кеден органдарында бастап, еліміздің түрлі аймағында жауапты қызметтер атқарды. Кедендік бақылау, құқық қорғау, мемлекеттік кірістер жүйесіндегі ұзақ жылғы тәжірибесі – оның кәсіби біліктілігін айқындай түседі. Мемлекет ісінде шыңдалған маманның енді ауыл басқару ісіне келуі – Иіркөл жұртшылығы үшін жаңа серпіннің бастауы болары анық. Баталы елдің бағы қашанда баянды. Кездесудің негізгі бөлігі ауылдық клуб үйінде жалғасып, аудан әкімі Айтбай ­Жандарбеков биылғы жылдың алғашқы жартысында ауданда атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Әр сала бойынша жүзеге асқан жобалар, инфрақұрылымдық жұмыстар, әлеуметтік бағыттағы бастамалар, алдағы жоспар барлығы нақты дерекпен сараланып, тұрғындарға жан-жақты түсіндірілді. Бүгінде халықты жалынды сөзбен таңғалдыру қиын. Қазіргі жұрт нақты нәтижеге қарайды. Қай ауылға су келді? Қай жерде жол салынды? Қай отбасының жағдайы түзелді? Міне, халық үшін маңыздысы – осы. Сондықтан әкімнің әрбір сөзі жұрттың жүрегіндегі таразымен өлшеніп отырды. Иіркөлдегі кездесудің ең ерекше тұсы – халықтың үнсіз ризалығы болды. Әдетте мұндай ­жиындарда тұрғындар түрлі мәселе көтеріп, көкейдегі сауалдарын жаудырып жатады. Бұл – қалыпты құбылыс. Алайда бұл жолы ауыл тұрғындары әкімнің есебін ықыласпен тыңдап, ризашылықпен тарқасты. Шағымнан бұрын шынайы алғыс айтылды. Бұл – ең үлкен баға. Дүйсенбі күні түстен кейінгі кестеге сәйкес аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Бәйтерек ауылдық округіне барып, халықпен тілдесті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, аудандық мәслихат депутаты Мұқанбетжан Салқынбаев, сондай-ақ барлық бөлім басшылары қатысты.

Бәйтерек ауылдық ауылдық округі бүгінде қарқынды даму жолында келе жатқан ауыл. Осыған дейінге кездесуде көтерілген ұсыныстар мен халық өтініштері кезең-кезеңімен орындалып келе жатқаны қуантады. Атап айтар болсақ, Бидайкөл ауылының кіре берісіне арка және ауыл паспортын орнатуға аудандық бюджеттен 13 млн 935 мың қаржы бөлініп тиісті жұмыстар толық аяқталған. Сондай-ақ аудандық бюджеттен 5 млн 255 мың теңге қаржы қаралып, Достық көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 599 мың теңгеге көше бойына аялдама орнатылған. Жергілікті салықтан түскен түсімнен 5 млн 960 мың теңгеге Бидайкөл ауылындағы Раш Жүсіпов, Леонтий Хан, Әбдіқалық Досжанов, Мәлике Басанова көшелеріне көше жарығы және көше жарығының бағаналары орнатылған. Тағы бір атқарылған тірлік аудандық бюджеттен Сартай Маханбетова және Зияда Пірімбетов көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолына 17 млн 920 мың қаржы бөлініп, жұмысы толық аяқталған. Бүгінде тұрғындар игілігін көріп отыр.

АШЫҚ ДИАЛОГ – СЕНІМ КЕПІЛІ
Ауыл тұрғындарымен өткен жиында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков І жартыжылдық бойынша ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат беріп, алдағы міндеттерін ортаға салды. Әрі қарай жиын ауыл тұрғындармен еркін форматта сұрақ-жауапқа ұласты. Осы кездесу сәтін күткен ауыл ардагері кейбір көше бойында орналасқан үйлердің атауы мен нөмірі жоғын жасырмады. «Ауру аяқ асты» демекші, ауырып дәрігер шақырған сәтте жедел жәрдем қызметкерлері үйдің нақты мекен-жайын таба алмайтын айтты. Бұл сауалға аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев ауыл әкіміне келесі сессия отырсында өтінім беруін айтып, тиісті қаражат қаралатынын жеткізді.
ЖЕЛ ТҰРСА – ЖАРЫҚ СӨНЕДІ
Ардагерлер тарапынан қойылған тағы бір сауал – қатты жел тұрса жарықтың да өшіп қалуы. Иә, әрине қазіргі уақытта жарық көзі барлық уақытта қажет. Себебі, қазіргі барлық қолданыстағы жүйе жарық көзінен қуат алып, жүзеге асады. Десек те, бұл мәселе Бидайкөл ауылында жуық арада толық шешімін табады. Ақпарат ретінде айта өтейік, 2024 жылы Бидайкөл ауылында сыртқы эдектрмен қамту желлерінің құрылысы жобасына 2024 жылы Республикалық бюджеттен барлығы 50 млн теңге, 2025 жылғы ҚР Ұлттық қорынан 117 млн 809 мың теңге қаржы бөлінген. 2026 жыл басына облыстық бюджеттен 18 млн 645 мың теңге бөлінген. Жоба бойынша Бидайкөл елді мекеніндегі №16 кварталға, Б.Айдосов, М.Мырзалиев және Ә.Молдағұлов көшелерінде қуаттылығы 160/250 КВА 4 дана трансформатор орнатылып, ұзындығы 2,29 шақырым ВЛ-10 кВ электр желілері және ұзындығы 7,0 шақырым ВЛ-0,4 кВ электр желілері жүргізілген. Жоғарыдағы сауалға тиісті бөлім басшысы қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған ескі трансформаторлар өшіріліп, жаңадан қойған 4 трансформатор мамыр айының соңында толық іске қосылатын айтты. Қосылған жағдайда жарық мәселесі оң нәтиже беретінін жеткізді. Сондай-ақ аудан басшысы А.Насриддинұлы ескі трансформаторларды ауылдың игілігіне жаратып, басқа да аймақтарына қосып беретінін тілге тиек етті.

КӨШЕ ЖӨНДЕЛСЕ ДЕЙМІЗ...

Тұрғындардың тағы бір талабы – Алмабақ көшесі жөндеуден өтсе және аяқсудың тоқтап қалмауы. «Ауруын жасырған – өледі» демекші, ауыл тұрғындары шешімін тапса екен деген ниетте аудан басшысына көкейдегі сауалдарын айтты. Олар Алмабақ көшесі аты әдемі болғанымен, заты қынжылтып тұрғанын жасырмады.Тіпті кейбір таксист жүргізушілері, бұл көшеге баруына жолаушыдан екі есе ақша талап етеді. Өйткені, көше тегіс емес, көлік шаң, жаңбырлы күндері балшық болатынын сылтаурататын көрінеді. Бұл сауалдарға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аяқсу мәселесі тек ауылда ғана емес, еліміз бойынша тапшы болып отырғанын және берілген су лемит мөлшерін мүмкіндігінше үнемдеп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар аталған көше бойынша ауыл әкімі мен аймақтың атынан сайланған мәслихат депутаты екеуі бірлесіп, арнайы техникаларды пайдалана отырып көше бойын тегістеп ретке келтіруді, тұрғындардың талабын ескеруді тапсырды. Жиын соңында аудан әкімі А.Насриддинұлы ауылда атқарылған берекелі іске бірігіп атсалысқан азаматтарға алғысын айтып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаруы үшін әлі де ауқымды жұмыстар жүргізілетін жеткізді. Кездесу соңында ауыл ақсақалдары бата беріп, елдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға толағай табыс тіледі.

М.ИБРАГИМОВ, С.МАДИЯРОВА
19 мамыр 2026 ж. 68 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№37 (9404).

19 мамыр 2026 ж.

№36 (9403).

16 мамыр 2026 ж.

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031