Ана жүрегі – мәңгілік мейірім мекені
Мамырдың жайма шуақ күнімен бірге келетін Аналар мерекесі – мейірім мен сағынышқа толы ерекше күн. Себебі адам баласы үшін анадан артық асыл жан жоқ. Ана – өмірдің бастауы, отбасының берекесі, ұрпағына таусылмас жылу сыйлайтын мәңгілік мейірім иесі.Осындай қадірлі жандардың бірі – Зейнеп апа Қалендерова. Ол 1941 жылдың 1 мамыр күні Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Тартоғай ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыс жылдарының ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. Ел басына күн туған шақтағы жоқшылық пен қиындық оны ерте есейтті. Бірақ өмірдің сынағы Зейнеп апаның жігерін мұқалтқан жоқ. Керісінше, оны төзімділікке, еңбекқорлыққа тәрбиеледі.
Жастық шағында аудан орталығындағы наубайханада ұзақ жылдар еңбек етіп, адалдығымен көптің құрметіне бөленді. Таңның атысы мен күннің батысына дейін тынымсыз жұмыс жасау – оның өмірінің бір бөлшегіне айналды. Піскен нанның иісімен араласқан маңдай тері сол жылдардың үнсіз куәсіндей еді.
Өмірлік серігі Әбжан ақсақалмен бірге шаңырақ көтеріп, 4 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Ана үшін баланың амандығынан асқан бақыт жоқ. Зейнеп апа бар мейірімін ұрпағына арнап, балаларына адамгершілік пен еңбекқорлықтың қадірін үйретті. Бүгінде сол тәрбиенің жемісін көріп отырған бақытты әже. Жиырма немере мен жиырма төрт шөберенің ортасында отырған ардақты ананың ғұмыры – тұтас бір өнеге мектебі.
Жылдар өтсе де ананың жүрегіндегі мейірім ешқашан сарқылмайды. Оның әрбір ақ тілегі, әрбір жылы сөзі – отбасының шуағы. Осындай аналардың арқасында ұрпақ сабақтастығы жалғасып, шаңырақтың түтіні түзу ұшады.
Аналар күні – тек мереке ғана емес, ананың алдында тағзым ететін күн. Себебі ана махаббаты – уақытқа бағынбайтын, ешқашан өшпейтін ұлы сезім.
Ж.Баймұратова






