Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ROBO KIDS» РОБОТОТЕХНИКА ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

«ROBO KIDS» РОБОТОТЕХНИКА ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Қазіргі кезең – технология мен жасанды интеллектінің қарыштап дамыған заманы. Бүгінде әлем елдері цифрландыру мен инновацияға басымдық беріп, болашақ ұрпақты жаңа дәуір талабына сай тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуде. Осындай игі бастамалардың бірі Шиелі кентінде жүзеге асып, жас буынның ғылым мен техникаға қызығушылығын арттыруға бағытталған «ROBO KIDS» робототехника орталығы өз жұмысын бастады.
Салтанатты шараға аудан тұрғындары, ата-аналар мен жас өнертапқыштар қатысып, жаңа білім ордасының ашылуына куә болды. Ашылу рәсімі ерекше әсерлі көңіл күйде өтіп, орталықтың болашақтағы маңызын айқындай түсті.
Жаңа орталықтың басты мақсаты – балалардың логикалық ойлау қабілетін дамыту, шығармашылық әлеуетін арттыру, бағдарламалау негіздерін меңгерту және ғылым мен техника әлеміне еркін қадам басуына мүмкіндік жасау. Жиында кент әкімінің орынбасары Қайрат Жағыпбарұлы, Қызылорда облыстық сот актілерін орындау бөлімінің басшысы Ақдәулет ­Махамбетов және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлы сөз сөйлеп, орталық жұмысына сәттілік тіледі. Олар өз сөздерінде бүгінгі білім мен технологияның ұштасуы – елдің ертеңгі дамуына негіз болатынын айтып, жас буынның сапалы білім алуына жасалып жатқан мүмкіндіктердің маңызын ерекше атап өтті.
Көпшіліктің ықыласына бөленген сәттің бірі – лента қию рәсімі болды. Шара барысында жас өнертапқыштар өздерінің алғашқы робототехникалық жобаларын таныстырып, роботтардың түрлі қызметтерін көрсетті.
– Бүгінде технологияны меңгеру – заман талабы. Сондықтан орталықтың ашылуы – келешекке салынған инвестиция. Бұл – балалардың тек білім алып қана қоймай, жаңаша ойлайтын, ізденетін, әлемдік бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына жол ашатын маңызды бастама деп ойлаймын, – деді орталықтың негізін қалаушы Нұрай Тәңірбергенқызы.
Шиеліде ашылған жаңа орталықтың есігі білімге құштар барлық балаға ашық. Ал мұнда тәрбиеленетін жас буын ертең еліміздің ғылымы мен технологиясының дамуына үлес қосатын білікті маман болады деген сенім мол.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
15 мамыр 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

№34 (9401).

09 мамыр 2026 ж.

№33 (9400).

05 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031