РОБОТОТЕХНИКА – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдаланып, қабілет-қарымын, ой-өрісін шыңдау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Жастарды ғылымға бейімдеу басты талабымыз. Осы бағытты негізге алған №45 «Ақ Орда» мектеп – гимназиясындағы робототехника үйірмесі. Біз бүгін осы үйрімеге барып, жетекшісі Мадина Тоқсейітовамен танысып қайтқан едік.
Робототехника пәнінен тереңдетілген курс 2019 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Қазіргі заманауи жабдықтармен жабдықталған. Оқушылар аталған курс аясында жаратылыстану-ғылыми бағыттағы математика, физика, информатика және тағы басқа пәндер бойынша робот техникасы, инженерлік дизайн және технология негіздерін зерттейді. Сондай-ақ олар 2 немесе 3 адамнан тұратын топта болып, күрделі роботтарды жинақтайды.
Робототехника пәнінен тереңдетілген курс 2019 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Қазіргі заманауи жабдықтармен жабдықталған. Оқушылар аталған курс аясында жаратылыстану-ғылыми бағыттағы математика, физика, информатика және тағы басқа пәндер бойынша робот техникасы, инженерлік дизайн және технология негіздерін зерттейді. Сондай-ақ олар 2 немесе 3 адамнан тұратын топта болып, күрделі роботтарды жинақтайды.
– Робототехника кабинеті LEGO mindstorms EV 3 жинақтармен жабдықталған. Оның ішіндегі бөлшектер майда детальдары. Балалардың ойлау қабілетін, қолдың моторикасын дамытады. Үйірмеге 14-15 (8-9 сынып) жас аралығында оқушылар қатысады. Мұнда олар роботтардың бастапқысынан, күрделісіне дейін жасап шығады. Құрылымын үйренеді, – дейді информатика пәнінің мұғалімі М.Жорабайқызы.
Жас өрендердің технологияға деген қызығушылығы көңіл қуантты. Шыны керек, техника құрастыру оңай емес. Сырттан қарағанда ойыншық құрастырғандай көрінуі мүмкін. Алайда оның тілі, жүйесі қызық дүние. Оған уақыт, біліктілік, білім, ерік-жігер қажет. Робототехника үйірмесінде қатысушылар математика, физика, геометрия және информатика пәніндегі теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдайды. Сонымен қатар алған білімдерін топтық және жобалық тапсырмалар кезінде қолданады.
Гимназияның оқушылары түрлі деңгейде аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды алып жүр. Атап айтсақ, «Robo Shieli» аудандық іріктеу кезеңінде «Сумо» категориясымен жоғарғы көрсеткіші үшін Самат Бекмырзаев I дәрежелі дипломмен, «Robo Fest-Orda» аудандық фестивалінің «Робо Арқан тартыс» номинациясымен Азамат Мұстафин II орын иеленген. Сонымен қатар «Жас өнертапқыштар» атты инновациялық идеялардың аудандық байқауында «Ауыл шаруашылық техникалар мен жабдықтар саласындағы техникалық құрастыру» бойынша үздік жоба көрсеткен Нұртас Өскенбек пен Саят Шатланбекұлын ерекше айтып өтейік. Екеуіде бірінші, екінші дәрежелі орындармен марапатталып, үлкен жетістікке жеткен.
Әр бала өз қиялындағы еркін тақырыпта роботын қағазға түсіреді. Әрмен қарай оның бөлшектерін құрап, бағдарламасын дайындайды. Арнайы бағыттайтын датчиктері болады. Мысалы, бірі түсті ажыратып, екіншісі кедергіні салыстырса, үшіншісі бөлменің температурасын тексереді. Тек құрастырып қоймайды. Компьютер арқылы бағдарлама жазады. Бұл процестердің барлығы баланы шыдамдылық пен төзімділікке үйретеді.
Түйін: Адамның қолы жетпеген жерге ойы жетеді дегендей, мұның дәлелі – бүгінгі заманауи робот техникалар. Сондықтан жастарымызды осындай жаңашылдыққа үйрету арқылы біз келешектің негізін қалыптастыра аламыз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ