Қызылордада "IT-Imaqorda" балалар ресурстық орталығы ашылды
Ресурстық орталықта 3D-сурет салу студиясы, робототехника және 3D-модельдеу секциялары, көпшілік алдында өнер көрсету дағдылары мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған кабинеттер, сондай-ақ "Dvorec TV" балалар телеарнасы бар, деп хабарлады облыстық әкімдіктің ресми сайты.
"IT Imaqorda" технопарк ресурстық орталығы "Нұр Отан" партиясының "Балаларға арналған тегін IT-сыныптар" жобасы аясында оқушылар сарайы ғимаратында ашылды. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ресурстық орталықтың жұмысымен танысып, оқушылармен сұхбаттасты.
"IT Imaqorda" ресурстық орталығы 3D-сурет салу және спорттық робототехника секциясы, lego-конструкцияларды бастапқы техникалық модельдеу және құрастыру секциясы, телесудия, мүсіндеу үйірмесі, 3D-LABIMAQ зертханасы, өзін-өзі тану кабинеті, 3D-модельдеу және құмды анимация үйірмесі сияқты 12 оқу бағытын қамтиды.
Аймақ басшысы балаларға сенсорлық панель сыйға тартты.
Аталмыш үйірмелердің оқушылары республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болуда. Мысалы, Алматы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының "Менің арманымдағы үй" макеттер байқауында бірқатар номинациялар бойынша өнерлі жеткіншектер жеңімпаз болып, 3D-модельдеу секциясының қатысушылары Академия гранттарының иегерлері атанды.
Естеріңізге сала кетейік, IT-технологияларды қолдану арқылы балаларды оқытуда қолжетімділікті арттыру мақсатында аймақта 13 IT-сынып жұмыс істейді, онда 650 бала тегін оқиды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында "IT-Imaqorda" балалар технопаркі ашылды.
Айта кету керек, өңірде мектеп жасындағы балалардың 84 пайызы қосымша оқытумен қамтылған.
bnews.kz