Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоныс аудару бағдарламасы: нақты қолдау, айқын мүмкіндік

Қоныс аудару бағдарламасы: нақты қолдау, айқын мүмкіндік

28 сәуір күні «Руханият» орталығында «Жаңа қоныс–2026» өңірлік жәрмеңкесі өтті. Онда тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар аясындағы мүмкіндіктер таныстырылды.
Аталған жиын «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өтті. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарынан арнайы келген жұмыс тобы қатысты. Жиынды аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов ашып, жүргізді.
Кездесуде бағдарламаның негізгі бағыттары мен артықшылықтары жан-жақты түсіндірілді. Бағдарламаның басты мақсаты – жұмыс күші артық оңтүстік өңірлерден еңбек ресурстары тапшы солтүстік аймақтарға азаматтарды ерікті түрде қоныстандыру арқылы ел ішіндегі теңгерімді дамыту. Сонымен қатар қоныс аударушыларға ұсынылатын жұмыс орындары мен әлеуметтік қолдау тетіктері туралы толық ақпарат берілді.
Мамандардың мәліметінше, мемлекет қоныс аударушыларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, көшуге арналған субсидиялар төленіп, әрбір отбасы мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы қаржылай көмек беріледі. Бұдан бөлек, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу үшін ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейін субсидия қарастырылған.
Бағдарлама тек қоныс аударушыларға ғана емес, жұмыс берушілерге де тиімді. Егер жұмыс беруші қоныс аударуға жәрдемдессе, оған 400 АЕК-ке дейін мемлекеттік субсидия төленеді. Бұл өз кезегінде өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бағдарлама қатысушыларына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіліп, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жолдама беріледі. Кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге де қолдау бар. Ал тұрғын үй мәселесін шешу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаттары ұсынылады. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл сертификат көлемі 1 625 АЕК-ке дейін ұлғайтылған.
Ресми деректерге сәйкес, биыл ішкі қоныс аударушыларды қабылдау бойынша ең үлкен квота Солтүстік Қазақстан облысына бөлінген – 2 820 адам. Павлодар облысына – 1 655, Шығыс Қазақстан облысына – 600, Қостанай облысына – 485 адам қабылдау жоспарланған. Сонымен бірге Абай, Ұлытау және Қарағанды облысына да қоныстанушыларға мүмкіндік қарастырылған.
Жиын барысында делегация мүшелері – еңбек мобильділігі орталықтарының өкілдері сөз сөйлеп, өз өңірлеріндегі бос жұмыс орындары, тұрғын үймен қамтамасыз ету шарттары және әлеуметтік жағдайлар туралы нақты мәліметтер берді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ашық форматта пікір алмасты.
Аудан тұрғындары үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі бұл – жаңа жұмыс, жаңа орта, жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін нақты қадам. Ел ішінде еңбек ресурстарын тиімді бөлу арқылы өңірлердің дамуына серпін беретін бұл бағдарлама алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз.
Сонымен қатар делегация мүшелері бұл күні Жуантөбе, Бәйгеқұм, Тартоғай ауылдық округтерінде кездесулер өткізді. Оған аталған ауыл тұрғындарынан бөлек, жақын маңдағы елді мекендерден қоныс аударуға қызығушылық танытқан азаматтар қатысуға мүмкіндік алды. Жалпы, «Жаңа қоныс–2026» жәрмеңкесі шиеліліктерге тың серпін сыйлап, болашаққа деген сенімді арттырған маңызды шаралардың бірі болды.

М.Кеңесұлы,
сурет автордікі
04 мамыр 2026 ж. 33 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9399).

01 мамыр 2026 ж.

№31 (9398).

28 сәуір 2026 ж.

№30 (9397).

25 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031