Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлік күнін қалай атап өтесіз?

Бірлік күнін қалай атап өтесіз?

1 мамыр – әлемнің түкпір-түкпірінде әртүрлі мереке ретінде тойланады. Ал қазақстандықтар үшін бұл күн – бірлік пен татулық мерекесі. Осы күні бір тудың астында тату-тәтті күн кешіп жатқан 130 ұлттың баласы ұлттық ән-күйлерін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін ортаға салып, тәуелсіз елдің тұрақтылығының артуына хал-қадірінше өз үлестерін қосады. Мереке қарсаңында біз аудан тұрғындарының пікіріне құлақ түргенбіз.
Ұлжан Жүнісова, дәрігер:– Біздің бала күнімізде 1 мамыр ерекше аталып өтілетін. Сол үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Менің ойымша, бұл мереке тек басқа ұлттар мен қазақ халқының ынтымағын ғана емес, отбасы мен ағайын-туыстың да бірлігін, сыйластығын арттырады. Бұл күні еліміздің ірі қалаларында өтетін шерулер мен әр ұлттың дәстүр-салтын дәріптейтін іс-шаралар тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Біз де демалыста жақындарымызбен бас қосып, бала-шағаны қыдыртамыз.
Әлия Асанова, мұғалім: – 1 мамыр – қазақ халқының береке-бірлігі мен ынтымағын танытады. Қазақстан халқы Ассамблеясы өз елімізде өзге ұлттардың өмірімен, салт-дәстүрімен танысуымызға мұрындық болып келе жатыр. Мұның өзі біздің, қазақстандықтардың, қонақжай, кеңпейіл ел екенін тағы бір дәлелдейді. Атаулы мереке қарсаңында біз де мектепте балаларды әр ұлттың ерекшеліктерімен, салт-дәстүрлерімен, ұлттық киімдерімен таныстырамыз. Жас ұрпаққа достық пен татулықты нығайта түсу мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіп, ұстаз ретінде ұлтаралық ынтымақтастықты арттыруға өз үлесімізді қосамыз.
Гүлжан Оспанова, кент тұрғыны: – Мамыр – мереке айы. Бұл мерекелердің қай-қайсысы да өзіндік маңызға ие. «Бірлік болмай, тірлік болмайтынын» дана халқымыз айтып кеткен. Демек, «Бірлік күнінің» тірлігіміздің өніп, еліміздің өркендеуіне қосар үлесі көп. Сондықтан мерекені көппен бірге тойлап, әр ұлт пен ұлыстың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, тіліне құрметпен қараймыз. Бала-шағамызға да соны үйретеміз.

Әзірлеген: Айнұр Назарова
04 мамыр 2026 ж. 23 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9399).

01 мамыр 2026 ж.

№31 (9398).

28 сәуір 2026 ж.

№30 (9397).

25 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031