Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Татулықты ту еткен мереке

Татулықты ту еткен мереке



1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні  мерекесі. «Бірліксіз тірлік болмайды» дейтін қазақ үшін бұл мейрамның жөні бөлек. Бір тудың астында тату-тәтті тірлік кешіп жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі осы күнді ерекше сән-салтанатпен тойлайды. Ұлттық дәстүрін жаңғыртады, салт-жоралғыларды дәріптейді. Соларды ұрпаққа өнеге етеді. Дүйсенбіде дүйім қазақстандық болып атап өтетін бұл күн – еліміздегі ең жарқын да жарасымды мерекелердің бірі.

Қазақстан халықтарының бірлігі күнін шиеліліктер де өз деңгейінде атап өтті. М.Шоқай алаңындағы «Бірлік. Достық. Татулық» атты шарада аудандық тарихи-өлкетану музейі «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» атты көрме ұйымдастырды. Көрмеге музей қорындағы қазақ халқының қолөнер бұйымдары мен тұрмыстық заттары қойылып, аудан тұрғындары мен қонақтарына таныстырылды. Одан бөлек өңірдегі этнос өкілдері өздерінің ұлттық таным-тынысын, өткен тарихы мен бүгінін баяндайтын тың туынды, бұйымдарын мақтана, марқая ұсынды. Көрмеге келген көпшілік орыс,  кәріс, тәжік секілді бірнеше ұлттың мәдениетімен танысып, тамашалуға мүмкіндік алды.

Ал мерекелік концерттің шымылдығы музыкалық-театрландырылған композициямен ашылды. Одан соң аудан әкімі Нұржан Ахатов бұл күннің маңыздылығына тоқталып, жерлестерді мерекемен құттықтады.

Кең байтақ Қазақстанда жүзден астам ұлт бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Елімізде тіліміз, дініміз, басқа да өзіміздің өзгеше әдет-ғұрпымызға қарамастан барлық ұлтқа тең, әділ жағдай жасалған. Қазақстан халқының бірлігі күні – достықты насихаттайтын мереке. Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бейбіт күнде елімізге адал қызмет етейік. Ұлтаралық достығымыз мығым, бір-бірімізге сый-құрметіміз молынан болсын! – деді аудан басшысы.

Одан соң түрлі этнос өкілдері мен сала үздіктерін алғыс хатпен марапаттады. Мерекелік шара аудан өнерпаздарының ән-биімен жалғасын тапты.

Қашаннан қонақжай, бауырмал, «Ырыс алды – ынтымақ», «Бірлік түбі – береке» деп білетін қазақ халқы үшін бұл мерекенің орны бөлек. Әрине, мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқын толық танып-білген, оның дәстүрі мен салтынан, тәлімі мен тағылымынан хабары мол өзге де ұлт өкілдеріне де ынтымақ пен бірліктің бағасы жоғары деп айта аламыз. Олардың бәрі бұл мерекенің мәні мен маңызы айқынырақ, ашығырақ болғанын, оның өз мәнінде тойлануын қалайды. Ынтымағымыз ырысқа ұласып, бірлігіміз берекеге айнала бергей!
05 мамыр 2023 ж. 127 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930