Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СОҢҒЫ РЕТ ҚАНДАЙ КІТАП ОҚЫДЫҢЫЗ?

СОҢҒЫ РЕТ ҚАНДАЙ КІТАП ОҚЫДЫҢЫЗ?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында: «Кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады» дегенін тілге тиек етсек, қазіргі қоғамда кітап оқу мәдениеті – рухани дамудың маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Осы орайда аудан тұрғындары арасында «Соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз?» тақырыбында шағын сауалнама жүргізген едік. Сауалнама нәтижесі бойынша көпшіліктің кітапқа деген қызығушылығы әлі де жоғары екенін көрсетті.
Бұл жолғы сауалнамаға қатысушылардың бір бөлігі мемлекеттік қызметшілер. Олардың арасында қазақ классиктерінің шығармаларын оқып жүргендер көп. Мәселен, кейбір респонденттер «Абай жолы» романын қайта оқып шыққанын жеткізсе, енді бірі «Ұшқан ұя» секілді тәрбиелік мәні зор туындыларды таңдаған.

Гүлшат Махан, қоғамдық даму бөлімінің бас маманы:
– Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын бастадым. Бұл – автордың балалық шағы, отбасы тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар туралы жазылған автобиографиялық туынды.
Шығармада жазушы өз өмірінің алғашқы кезеңдерін, ата-әжесінің тәлім-тәрбиесін, ауыл өмірінің ерекшеліктерін шынайы әрі әсерлі суреттейді.
Шығарманың басты идеясы – ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтардың маңызын көрсету. Автор бала тәрбиесінде отбасының рөлі ерекше екенін, ұрпақтың тұлға болып қалыптасуында ата-ана мен үлкендердің ықпалы зор екенін нақты мысалдар арқылы жеткізеді.
«Ұшқан ұя» тек көркем шығарма ғана емес, ол – тәлім-тәрбиеге толы өнегелі еңбек. Онда қазақы болмыс, ұлттық рух, салт-дәстүрге деген құрмет айқын байқалады. Шығарма жас ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке, үлкенді сыйлауға тәрбиелейді.

Гүлбарам Жүзбаева, Ақтоған ауылдық округінің бас маманы:
– Дәл қазір Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының 4 томын өзім сатып алып, оқып жатырмын. 2-томын бітірдім. «Абай жолы» романын қанша рет қайталап оқысаң да артықтық етпейді.
Бұл роман – тек көркем әдебиет емес, тұтас бір дәуірдің айнасы. Онда қазақ халқының тұрмысы, салт-дәстүрі, ой-санасы, рухани әлемі кеңінен суреттеледі. Шығарманы оқыған адам Абайдың тұлғалық қалыптасуын ғана емес, сол кезеңдегі қоғамның болмысын да терең түсіне бастайды.
Роман арқылы адам әділдік, білімге ұмтылу, адамгершілік, ар-ождан сияқты құндылықтардың мәнін жақсырақ ұғынады. Сондықтан оны оқу – уақытты бос өткізу емес, керісінше рухани баюдың бір жолы.

Дәурен Оспанов, Жиделіарық ауылдық округінің бас маманы:
– Жалпы маған кітап оқыған қатты ұнайды. Бірақ уақыттың жетіспеуі мен жұмыстағы қағазбастылықтың әсерінен кей кездері кітап оқуға уақыт тапшы болады. Алайда, осыған қарамастап, соңғы рет оқыған кітаптарым, Дулат Исабековтің «Сүйекші», «Ең бақытты түн» шығармалары. Жалпы Д.Исабековтің шығармаларын ұнатамын. «Сүйекші» әлеуметтік-психологиялық повесть. Бұл шығарма адам тағдыры, қоғамдағы әділетсіздік және жалғыздық тақырыптарын терең қозғайды. Қарапайым өмір арқылы үлкен философиялық ой айтылады.
Кітап – адамды ойлануға, ізденуге, рухани тұрғыда өсуге жетелейтін ең құнды құрал. Қай кезеңде болсын, кітаптың орны бөлек. Сондықтан әр адам өз өмірінде кітап оқуға уақыт бөліп, оны жақсы әдетке айналдырғаны жөн.
Қорытындылай келе, сауалнама нәтижесі көрсеткендей, кітап оқу – әлі де өз маңызын жоймаған құндылық. Ең бастысы – оқуға деген ынта мен ниет. Себебі кітап оқыған адам – ойы озық, көкірегі ояу тұлға. Бір сәт қолымызға кітап алып, зейінімізді ашайық!

Сауалнаманы дайындаған:
Айнұр Назарова
21 сәуір 2026 ж. 33 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№29 (9396)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (9395)

18 сәуір 2026 ж.

№27 (9394)

14 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930