Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ әндерін әуелеткен Алла

Қазақ әндерін әуелеткен Алла

Алевтина Лигайды шиеліліктердің барлығы құрметпен «Алла апай» деп атайды. Оның ата-анасының да, өзінің де тағдырын жеңіл деу қиын. Әкесі Владимир Алексейұлы мен анасы Любовь Николайқызы 1936 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылған. 1959 жылға дейін олар Қарағанды облысындағы Майөзек ауылында тұрды. Жергілікті қазақтар Лигайлардың көпбалалы отбасын құшақ жая қарсы алып, баспанасымен де, барымен де бөлісті, тіпті сөздің тура мағынасында соңғы нанын бөліп берген кездері де болды. Осындай жанашырлық корей ­отбасына сол бір ауыр кезеңдерді еңсеруге үлкен көмек көрсетті.
1959 жылы отбасы Шиеліге көшіп келеді. Мұнда оларды анасы жағынан туыстары шақырған еді. Алевтина Владимирқызы Пушкин атындағы №46 орта мектепті тәмамдап, Бәйгеқұм ауылындағы кәсіптік-техникалық училищеде тігінші-моторист мамандығын меңгерді. Жеңіл өнеркәсіп пен сауда салаларында жауапты қызметтер атқарып, адал да мінсіз еңбегі үшін облыстық және республикалық деңгейдегі медальдар мен Құрмет грамоталарына бірнеше рет ие болды.
Алла апай қазақ тілін жетік меңгерген, корей және қазақ халықтарының ұлттық дәстүрлерін бірдей қадірлейді. Ол түрлі шығармашылық байқаудың тұрақты қатысушысы. Оның орындауындағы «Дударай», «Қызылқұмда ауылым», «Ауылың сенің іргелі» сияқты қазақ халық әндері тыңдарманын тәнті етіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
– Балалық шағымдағы құрбыларым Күміскүл мен Рыскүлге алғысым зор. Солардың арқасында қазақ тілін жетік үйрендім. Біз бірге ән айтып, халық билерін билеп өстік, – дейді Алевтина Лигай.
Алла апайдың отбасы – интернационалдық деп айтуға толық негіз бар. Ұлы Александр қазақ қызы Жанна Әлиакбароваға үйленген. Александр №252 Г.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясында ұстаз, ал Жанна теміржолдың әскерилендірілген күзетінде қарауыл бастығы болып еңбек етеді. Алевтина Владимирқызы келінін еркелетіп, «алтын келінім» деп атайды. Алла апайдың Сабина мен Зарина есімді екі немересі бар. Екеуі де жоғарғы білімді мамандар, қазір Алматы қаласында қызмет істейді. Олар қазір қазақ, корей, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Алла апай балалары мен немерелерін, сондай-ақ бәрі туып-өскен қасиетті туған жерін мақтан тұтады.

М.Кеңесұлы,
сурет автордікі
27 қаңтар 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№7 (9374)

27 қаңтар 2026 ж.

№6 (9373)

24 қаңтар 2026 ж.

№5 (9372)

21 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031