ӨЗІМІЗДІҢ КӘРІСТЕР

Кезінде елдің абыз ақсақалдары Константин Хван мен Алексей Пакпен сұхбаттасу бақыты бұйырып, біраз құнды мағлұматар алып едік. Алғыс айту күніне орай осы естеліктермен бөлісудің реті келіп тұр. Ол кездері Шиелідегі корейлердің ақсақалы Алексей Трофимович Пак еді. Ол 1921 жылы Примор өлкесінің Уссурийск ауданына қарасты То Рон Бо ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Оның әкесі – Трофим Пак, ал анасы – Мария Тен деген кісілер. Алексей Трофимовичтің айтуынша, олар өте қиын жағдайда өмір сүрген, бұл өзге де жерлестерінің барлығына ортақ еді. Ауыл тек корейлерден құралған, корей мектебі жұмыс істеген, тіпті корей тілінде «Нодон симмун» («Жұмысшы газеті») деп аталатын аудандық газет те шыққан. Колхоздар пайда бола бастағанымен, әлі де өздерінің жеке шаруашылығын жүргізетін корей байлары болған, ал кедейлер оларға жалданып жұмыс істейтін. Колхозда жалақының орнына жылына бір рет бидай берілетін. Ал негізгі күнкөріс көзі үй маңындағы шағын жер учаскелері мен балық аулау еді, кейбіреулер шошқа өсіретін. Пак отбасының дастарханында көбінесе балық сорпасы мен ботқа болатын. Алексей Трофимович екі әпкесі Ин Ок пен Ок Сунмен бірге ерте жетім қалды. Олардың ата-анасы 1932-1933 жылдардағы ашаршылықта қайтыс болды. Балаларды әкесінің немере ағасы Тюн Хен тәрбиесіне алады. Өзі коммунист, бригадир болып жұмыс істеген, отбасында жеті баласы болған. Алексей 16 жасқа толғанда Қиыр Шығыстағы корейлердің депортациясы басталды. Оларды Арыс станциясына дейін бір ай бойы пойызбен тасымалдады. Жолда адамдар аштық пен суықтан көз жұмды. Арыста бір эшелон Шиеліге, екіншісі Жосалыға, ал ішінде Алексей болған үшіншісін Жалағашқа жіберіледі. Жалағаш ауданында бес корей колхозы ұйымдастырылды: «Октябрь жолы», «Стахановшы», «Примор партизаны», «1 май» және «Красный Октябрь» (кейіннен Калинин атындағы совхоз) болды. Алексей Пак пен оның туыстары соңғысына орналасты. Жергілікті тұрғындар олармен баспанасын, соңғы нанын бөлісті. Алғашында олар киіз үйде тұрды, кейін он адамнан тұратын отбасына екі бөлмелі үй бөлінді. Тюн Хен бригадир болып жұмыс істеді, ал балалар мектептен кейін ересектерге көмектесті. Жергілікті диқандар корейлер келгенге дейін де күріш өсірген, бірақ оның көлемі аз, өнімділігі төмен болатын. Корейлердің тәжірибесінің арқасында күріш алқаптары кеңейіп, өнімділік артты. Ол кезде күрішті қолмен сеуіп, жинайтын. Тюн Хен жергілікті диқандарға күріштен басқа да ауыл шаруашылық дақылдарын өсірудің агротехникасын үйретті. Кейін бұл шаруашылық Жалағаш ауданындағы ең ірі күріш өсіретін шаруашылықтардың біріне айналды. Мектепті бітірген соң Алексей Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, агроном мамандығын алды. Бірақ ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге үлгермеді. 1940 жылы Шымкенттегі фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) қабылданып, радист мамандығын меңгерді. Ол майданға аттанғысы келді, бірақ белгілі болғандай, корейлер тек еңбек армиясына шақырылды. 1942-1945 жылдары Алексей Жалағаштағы байланыс торабының телеграфисі болып жұмыс істеді. Одан кейін ол Жосалы, Тереңөзек, Қызылорда қалаларында байланыс торабының басшысы болып қызмет атқарды. Тереңөзекте ол Сара Васильевна Лимен танысады, ол банкте бухгалтер болып жұмыс істейтін. 1957 жылы оны Шиелі аудандық байланыс торабының бастығы етіп тағайындады. 1960 жылы Шиелі аудандық коммуналдық шаруашылығының (райкомхоз) басшысы болып, осы қызметті 1986 жылы зейнетке шыққанша атқарды. Алексей Трофимович пен жұбайы бес баланы тәрбиелеп өсірді – үш қызы мен екі ұлы бар. Қазіргі таңда олардың сегіз немересі мен бір шөбересі бар. Өкінішке орай корейлердің қоныстану тарихын жақсы білетін өздерінің басынан талай қым-қуыт қиыншылықтар өткен екі ақсақалымыз да өмірден өтіп кетті. Соңғы кезде бұл кісілердің атына көше есімі берілу мәселесі оқта текте көтеріліп қояды. Бүгінде Шиелідегі корейлер негізінен бау-бақша егумен айналысады. Жастардың көбі ірі қалаларға кетіп, сауда, ақпараттық технологиялар, қоғамдық тамақтану сияқты салаларда жұмыс істеуде. Дегенмен Шиеліде мемлекеттік қызметте, өндірістік кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығында және шағын және орта бизнесте табысты еңбек етіп жүрген корейлер аз емес. Атап айтсақ салық саласының ардагері Нелли Ким, кәсіпкерлер Аида Цой, Владимир Тен, Регина Мун, Светлана Юн, Евгений Кигай, Денис Кигай, Наталья Ким, Казатомөнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс атқаратын Виталий Когай, Сергей Кан, Виталий Цхай, Венера Пак, Оксана Пак, білікті ұстаздар Жанна Мун, Александр Тен бар. Кәріс халқы еңбекқорлығымен ерекшеленеді және қазақтардың қонақжайлығын өздерінің бойына сіңірген. Сондайақ корейлер арасында кедейшілікке төзбейтін психологиялық ұстаным бар: «кедей болу – ұят». Бұл да олардың ұлттық мінезінің ерекшелігі болып табылады.
Дария МАҚСҰТ,
Сурет Алексей Трофимович Пактың жеке архивінен алынды
Сурет Алексей Трофимович Пактың жеке архивінен алынды