Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ: ТАЗА ҚАЗАҚСТАН ТҰҒЫРЫ

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ: ТАЗА ҚАЗАҚСТАН ТҰҒЫРЫ

Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы көтерген «Таза Қазақстан» бастамасы – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды, мағынасы терең мәселе. Бұл идея уақытша науқанмен немесе әдемі ұранмен шектелмейді. Ол – әр азаматтың күнделікті өмір салтына, ішкі мәдениетіне, туған жерге деген жауапкершілігіне тікелей байланысты ұғым. Президент атап өткендей, тазалық адал ниет пен таза пейілден басталады. Осыны түсінбей, шынайы дамуға қол жеткізу мүмкін емес.
Ардагерлер қауымы үшін тәртіп пен тазалық – ұрпақ тәрбиесінің негізі. Біз кешегі еңбекпен шыңдалған буын ретінде «таза орта – таза сана» қағидасын өмір бойы ұстанып келеміз. Көшенің, ауылдың, ауданның көркі – сол жердің тұрғындарының мәдени деңгейін көрсетеді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Сыр елінің еңбекқорлығы мен ұйымшылдығына берген жоғары бағасы бізді қуантты әрі жігерлендірді. Әрине, мұның артында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың еңбегі жатыр. Әсіресе Нағи Ілиясов, Таң ауылдарының тазалығын бүкіл елге үлгі етіп көрсетуі өңір жұртшылығы үшін зор мәртебе.
Аудандық ардагерлер кеңесі тазалық мәселесін әрдайым күн тәртібінде ұстап келеді. Біз сенбіліктерге белсене қатысып қана қоймай, жастармен кездесулерде, баспасөз беттерінде бұл мәселені тұрақты түрде көтеріп жүрміз. «Өскен өңір» газетінде жарияланған мақалаларымыздың да түпкі мақсаты – қоғамға ой салу, әр тұрғынның туған жер алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Тазалық – тек қоқыс жинау емес, ол қоғамдық тәртіпті сақтау, ортақ мүлікке жанашырлықпен қарау, заң мен ережені құрметтеу деген сөз. Тәртіп бар жерде жауапкершілік күшейеді, ал жауапкершілік бар қоғам ғана алға басады. Сондықтан бұл құндылықтарды ең алдымен жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Балалар мен жастар тазалықты міндет немесе мәжбүрлік емес, табиғи әдетке айналдырғанда ғана «Таза Қазақстан» идеясы толық жүзеге асады.
Алдағы уақытта да ардагерлер қауымы Мемлекет басшысының бастамаларын қолдап, ел ішіндегі татулықты, бірлікті және тазалық мәдениетін нығайтуға өз үлесін қоса береді. Туған жерді қадірлеу, оны таза ұстау – нағыз отаншылдықтың айқын көрінісі. «Таза Қазақстан» – әрқайсымыздың үйімізден, көшемізден, жүрегімізден басталуы тиіс. Сонда ғана біз өркениетті, тәртіпті әрі болашағы берік мемлекет құра аламыз.

Өркен ИСМАИЛ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
21 қаңтар 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№5 (9372)

21 қаңтар 2026 ж.

№4 (9371)

17 қаңтар 2026 ж.

№3 (9370)

13 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031