Жас талант Момышұлы мұрасын дәріптеді
Кеңес одағының батыры, жазушы және даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуы – қазақ ұлтының тарихындағы маңызды оқиға. Оның әскери ерлігі, жазушылық мұрасы, терең ойлы қанатты сөздері мен өсиеттері қазақ халқының рухын, патриоттық сезімін және отансүйгіштік қасиетін нығайтатын өлшеусіз құндылық болып табылады.Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын қолдау аясында ұйымдастырылған республикалық «Ұлы ерлікке – 115 жыл: Момышұлы мұрасы» шығармашылық байқауы жас ұрпақты ұлттық қаһарманның өмірі мен шығармашылығы арқылы Отанды сүюге, ерлікке, адалдыққа және білімге шақырудың тиімді жолы ретінде бағаланды.
Аталған байқаудың қолөнер бағыты бойынша қараша айында облыстық кезеңнен сүрінбей өткен №49 мектептің 7-сынып оқушысы Нұртас Сапарымбет республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Өткен аптада жетекшісі Бибігүл Сатыбалдиева екеуі Алматы қаласына барып, ақтық кезеңге қатысты. Байқау тақырыбына сай, Нұртас Б.Момышұлының портретін және Ұлы Жеңіс күнін қаламмен бейнелеп, соғыс алаңын ермексаздан жасады. Оның туындысы шеберлік пен шығармашылықтың үйлесімін көрсетті.
Республиканың әр түкпірінен келген қатысушылардың арасында әділ қазылардың жоғары бағасына ие болған Нұртастың еңбегі үздік деп танылып, бірінші орынды қанжығалады. Жас талант байқаудағы жеңісі арқылы ұлттық рух пен патриоттық сезімді дамытудағы үлгі екенін көрсетті.
–Бұл байқау арқылы Бауыржан Момышұлының өмірі мен мұрасын терең түсініп, өзімнің шығармашылығымды көрсетуге мүмкіндік алдым. Алдағы уақытта да өз елімді сүйіп, патриоттық сезімді бойыма сіңіре отырып, осындай іс-шараларға белсенді қатысқым келеді, – деді Нұртас Жолдасұлы.
Байқаудың мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық қаһарманның өмірін, ерлігін және шығармашылығын таныстыру, олардың бойына адалдық, батылдық және Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіру. Осындай іс-шаралар арқылы жастар өз ойларын еркін жеткізіп, шығармашылық әлеуетін дамыта алады. Сонымен қатар, жетекшілер мен ұстаздардың еңбегі де жоғары, себебі олар жас таланттарды бағыттап, ұлттық мұраға құрмет көрсетуді үйретеді.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ








