РУХЫ БИІК, ЕСІМІ МӘҢГІ

Өткен аптада Б.Момышұлына арнап «Тұлғасы тәлім, есімі елге мәлім» атты облыстық ода жазушылар байқауы өтті. «Руханият орталығында» ұйымдастырылған шараға облыстың түкпір-түкпірінен келген 9 ақын бақ сынасты. Қатысушылар екі кезең бойынша өнер көрсетті. Алғашқысында Бауыржан Момышұлына арнауларын оқыса, екінші кезең бойынша «Ұлы Жеңістің 80 жылдығына» арнаған жыр жолдарын паш етті.
Бауыржан Момышұлының есімі батырлық пен даналықтың жарқын үлгісі ретінде тарихта алтын әріптермен жазылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында ол туған жерін қорғауда ерліктің шыңына жетіп, соғыстың қатал сынақтарында қайсарлық пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Оның жауынгерлік стратегиялары мен әскери өнері әлемнің үздік қолбасшылары тарапынан мойындалып, жаһандық деңгейде құрметке ие болды. Бауыржан Момышұлының майдан даласындағы ерлігі бір бөлек, ол мықты стратег, ақын, жазушы, психолог болды. Сонымен бірге халқына деген сүйіспеншілігі, ұлттық құндылықтарды сақтауға қосқан үлесі де ерекше. Бауыржан Момышұлы қазақ тілінің мәртебесін көтеру, халық руханиятын байыту жолында да аянбай еңбек етті. Оның қаламынан туған еңбектері – шынайы патриотизмнің айқын айғағы. Батырдың осындай сан қырын өлеңіне арқау еткен ақындар көрерменнің ыстық қошеметіне ие болды.
Байқауға аудандық Оқушылар үйі директорының орынбасары Рахметулла Жолтаев, «Өскен өңір» газеті редакторының орынбасары Гүлхан Яхия, ақын Бекжан Ержігіт қазылық етті. Сайыс қорытындысы бойынша Жалағаш ауданынан келген қатысушы Серік Жасұлан бас жүлдені жеңіп алса, шиелілік Талғат Күзембаев І орынды иеленді. Ал ІІ орын қызылордалық Ақерке Балмановаға, ІІІ орын қармашылық Тұрар Бекмырзаев пен сырдариялық Айтмағамбет Темірхановқа бұйырды.
Бүгінгі күні Бауыржан Момышұлының ерліктері мен даналық сөздері өскелең ұрпақ үшін рухани темірқазық болып отыр. Оның «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі тәрбие мен білім саласында ғана емес, күнделікті өмірде де өзектілігін жоғалтқан емес.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ