Қазақ күресінен қоржынға алтын түсті
Жақында Шымкент қаласында даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, Ұлы Отан соғысының даңқты ардагері, Бауыржан Момышұлы атындағы 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасындағы төртініші Республикалық командалық жарыс өтті.
Жарыстың басты мақсаты – ұлттық спорт қазақ күресін дамыту мен халық арасында қазақ күресін кеңінен насихаттау және балуандардың спорттық шеберлігін шыңдап, алдағы өтетін ірі жарыстарға облыс құрамасын іріктеу. Қазақ күресін халықаралық деңгейде таныту және бұқаралығын арттыру. Ұлтымыздың абыройы, халқымыздың қазынасы, біздің мақтан тұтар байлығымыз қазақ күресі екені айдан анық. Бүгінде қазақ күресінің қадамы уақыт өткен сайын қарыштап дамып келеді. Спортқа ынтасы мен ықыласы бар жас буынға аянбай тер төгіп шыңдалу үшін кешендер мен алаңдарда барлық жағдай жасалынуда. Сондай аудандағы талапқа сай спорттық нысанның бірі – №9 аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі. Бұл аталған мектепте 810 жасөспірім спорттың 13 түрінен машығады. Кешенде жаттыққан спортшылардың жеткен жетістіктері де жетерлік. Күні кеше Шымкент қаласында өткен жарыста біздің балуанның бәсі жоғары болды. Аталған чемпионатқа 13 облыстан, 160-қа жуық жас балуандар өзара бақ сынасты. Шиелінің намысын Диас Маратұлы қорғады. Ол қазіргі таңда № 45 «Ақорда» гимназиясының 8 сынып оқушысы. Диас бес жасынан бастап, күресудің қыр-сырын меңгеріп, өзінің мықтылығын дәлелдеп келеді. Осы жолы республикалық дода 42 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз жеңіс тұғырынан көрініп, аудан мерейін асқақтатты. Өзінің табандылығымен үлкен табыстарға қол жеткізіп келетін Диасты білікті бапкер Бауыржан Мырзалиев жаттықтырады.
– Диас көптеген дүбірлі додаларда міндетті түрде жүлдемен қайтады. Айтқаныңды екі етпей орындап, қарсыласын қалай болғанда да шаң қаптырып кетеді. Күнделікті болатын жаттығуға бойындағы күші мен ынта-жігерін салып, дайындық жасайды. Осы еңбегінің арқасында болар біздің балуан жеңіс тұғырынан көрініп, биік белестерді бағындырып жүр, – дейді балуанның бапкері Б.Мырзалиев.
Ендеше болашағынан зор үміт күттірер балғынға алдағы бәсекелерде бас жүлдеден көрінсін деп тіледік. Ел Тәуелсізідігінің 30 жылдығына табан тіреген шағымызда, жеткен жетісітіктеріміз көп болсын демекпіз!
Шапағат Тілеубаев