АҚЫН МҰРАСЫН АРҚАУ ЕТТІ

Байқауға 5-8 сынып оқушыларынан 11 үміткер қатысты. Олар Шәкәрімнің шығармаларын насихаттап, ақынның рухани мұрасын дәріптеді. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбуов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Бауыржан Тұрғанбайұлы, аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Сұлушаш Мадиярова қатысушылардың оқу шеберлігіне төрелік етті. «Талап» іріктеу кезеңі бойынша қатысушылар ақын Шәкәрімнің 20 өлеңін жатқа білуі тиіс. Байқаудың нәтижесінде әр қатысушының өнері мұқият тыңдалып, әділ бағаланды. Көркем мәтінді оқу шеберлігі бойынша ерекше өнер көрсеткен №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Тоғжан Қозайдар бас жүлдені иеленді. Ол енді облыстық байқауға қатысып, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын кеңінен насихаттайтын болады. Жүлделі І орынды №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің 7-сынып оқушысы Мерей Сұлтанова мен №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Айқаракөз Мысыр жеңіп алып, өз шеберлігін танытты. №45 «Ақ Орда» мектепгимназиясының 6-сынып оқушысы Ақмерей Хайрулбай мен №148 орта мектебінің 5-сынып оқушысы Айару Қонысбай II орынды иеленсе, №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Шыңғысхан Қарынбай ІІІ орынға лайық деп танылды. Жеңімпаздар байқаудың қорытындысы бойынша дипломдар мен арнайы сыйлықтарға ие болды. Әр жүлдегердің жетекшілеріне олардың оқу-тәрбие жұмысындағы жоғары жетістіктері үшін Алғыс хаттар табысталды. Ал барлық қатысушы марапат ретінде арнайы сертификаттармен марапатталып, өздерінің талпынысы мен өнерін көрсеткені үшін лайықты бағасын алды. Бұл шара тек жеңімпаздарды ғана емес, барлық қатысушыны шабыттандырып, олардың шығармашылық әлеуетін арттыруға оң әсерін тигізді.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ