Нәтижелі жыл, нық қадам: Жүйелі жұмыс жемісі
Баршаңызды тұғыры биік тәуелсіз елімізге, әр отбасыға қадам басқан жаңа 2026 жылмен шын жүректен құттықтаймын.
Жаңа жыл – жақсылықтың жаршысы. Әрбіріміздің болашаққа бағдар құратын және үлкен міндеттер жүктелетін уақыт.
Үміт пен сенімге толы осы сәтте өткен жылды қорытындылап, алдымызға жаңа мақсат-міндеттерді белгілейміз.
Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналы сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында бүгінгі күні аймақ қарқынды даму үстінде.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалардың жергілікті жерде жүйелі орындалуымен аймағымыздың, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жыл санап артып келеді.
Өткен жыл өңіріміз үшін аса маңызды оқиғаларға толы болды.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген болатын.
Сапар барысында Президент ең алдымен халықаралық стандарттарға сай жаңадан салынған «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының терминалына барды. Бұдан кейін кең әрі заманауи талаптарға сай «Өнер орталығының» ғимаратын, шығармашыл жастарды қолдауға бағытталған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясын аралады. «Астана мен Алматы қалаларында тәулік бойы қызмет көрсететін екі бірдей Президенттік кітапхана салынып жатқанын жеткізді. Болашақта осы секілді үшінші кітапхана Қызылорда қаласында ашылуы мүмкін», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Қызылорда-нан» нан өнімдері цехының жұмысымен, өңірдегі энергетика саласының маңызды нысаны – жаңа жылу электр станциясымен және 11 мың көрерменге арналғанған жаңа футбол стадионымен танысты. Бұдан бөлек, облыстық тарихи-өлкетану музейінің және Үстел теннисі орталығының жұмысын көріп, облысымыздың даму қарқынын жоғары бағалап, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың нәтижелі жұмыстарын ерекше атап өтті.
Президент сапарының қорытындысымен Тәуелсіздік жылдарында алғашқы рет аймағымыздың 14 азаматына мемлекеттік наградалар табысталды.
Бұл – Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне берілген үлкен сенімнің белгісі.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Олжас Абайұлы Бектенов ауданымызға келіп, аграрлық ахуалға ерекше назар аударып, шаруалардың жай-күйімен арнайы танысқан болатын. Егіс алқаптарын аралап, диқандармен кездесті, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, мәселелерін шешу жолдарын қарастырды.
Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, су тапшылығы, инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау тетіктері туралы нақты тапсырмалар беріп, тиісті министрліктер ауқымды жұмыстар атқарды.
Бұл біздің киелі топыраққа Үкімет басшысының үшінші рет ресми сапары болғаны баршаңызға белгілі.
Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылдың сәуір айында аудандағы ірі шаруа құрылымдарының бірі – «Бидайкөл» шаруа қожалығында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен облыстық «Дала күні» семинар-кеңесі ұйымдастырылып, онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту, егін егу технологиялары, су үнемдеу әдістері және ауыл шаруашылығына цифрлық жүйелерді енгізу сынды өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Бұл шара аудандағы агросектордың әлеуетін арттыруға, шаруалар арасындағы кооперацияны дамытуға, заманауи инновацияларды енгізуге зор мүмкіндік берген айтулы шара болды.
Дала академигі, даңқты диқан Ыбырай Жақаев атамыздың қос мәрте Социалистік Еңбек Ері атануы – Шиелінің еңбекке деген құрметі мен ерен еңбектің ел жадында мәңгі сақталуының дәлелі.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы ауданымызда 8 рет іс сапарда болып, барлық құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге 2 рет қабылдау өткізді.
Сонымен қатар ауданның абыройын асырған жыл жаңалықтарына тоқталар болсақ, биылғы басты жетістіктеріміздің бірі Киелі Шиелі ауданы «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауында «Үлгілі аудан» атанды.
«Алтын дән – 2025» мерейтойында агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, «Үздік аудан» номинациясын иелендік.
Тәуелсіздік алғалы Шиелі ауданы «Үздік аудан» номинациясын бесінші рет иеленіп отыр.
Шиелілік еңбеккерлердің бұл жетістіктері – тұтас ауданның мерейін өсіріп, Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетін асқақтатты.
Сонымен қатар өткен жыл ерекше тарихи жыл. Тарихы кемел, тамыры терең Қызылорда қаласының астана болғанына және Қазақ атауының қайтарылғанына 100 жыл толып, аймағымызда кең көлемде аталып өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы да – ел экономикасының тірегі саналатын еңбек адамдарына деген жоғары құрметтің айқын көрінісі болды.
***
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты.
Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауымен облысымыздың бюджеті 851 млрд 300 млн теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті.
Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалуда. Бұл қаражат аймақтың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.
Өткен жылы облыс экономикасына 720 млрд теңгеден астам инвестиция тартылса, алдағы жылдары 2 трлн теңгеден астам қаржыға 90 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Ал ауданымыз да облыс әкімінің ерекше қолдауының нәтижесінде бүгінгі күні аудан бюджеті 17 млрд 200 млн теңге, оның ішінде өз кірістеріміз 7,5 млрд теңгені қамтыды, 2022 жылмен салыстырғанда (2022 жылы 4,5 млрд, 2023 жылы 5,3 млрд, 2024 жылы 6,4 млрд, 2025 жылы 7,5 млрд) өз кірісіміз 3 млрд теңгеге ұлғайған.
Өткен жылдың 11 айында:
1. Өнеркәсіп өнімін өндіру – 71 млрд 39 млн теңгеге жетіп, 100,3 пайызға;
2. Өңдеу өнеркәсібі көлемі – 59 млрд 618 млн теңгеге жетіп, 100,1 пайызға;
3. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 52 млрд 588 млн теңге жетіп, 103,6 пайызға;
4. Инвестициялар тарту көлемі – 73 млрд 741 млн теңгені құрап, 103,3 пайызға;
5. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер жалпы ауданы – 74 870 шаршы метрді құрап, 110,2 пайызға;
6. Құрылыс жұмыстарының көлемі – 19 млрд 572 млн теңге болып, 131,8 пайызға;
7. Бөлшек сауда көлемі – 14 млрд 732 млн теңге болып, 105,1 пайызға артты.
Мен үшін ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуы, қоғамдық саяси ахуалының тұрақтылығы жолында өздеріңізбен бірлесіп, қол жеткізу үшін атқарылатын жұмыстардың әрбір сәті маңызды.
Ауданымызда халық саны 85 615, оның ішінде экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 36,5 мың адамды құрайды.
Киелі Шиелі ауданындағы да жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың саны артып келеді. Жобалық құны 68,2 млрд теңгені құрайтын 9 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар іске қосылғанда 233 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
***
Өңірге шетелдік инвесторларды, озық технологияларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Биыл ғана облысымыз Қытай, Италия, Испания, Голландия, Корея, Өзбекстан, Ресей өкілдерімен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық жобаларды іске асыру туралы бірқатар келісімге келді.
Ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 6 429 субъектіге жетіп, жұмыс істеп тұрғаны 97,1 пайызды құрады.
Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар бойынша жобалық құны 3 млрд 231 млн теңгені құрайтын 307 жоба шағын несие және грант қаражатын алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде, өткен жылы шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған» деп атап өтті.
Киелі Шиелі жері де өз дәстүрін жалғастырып, адал еңбектің қадірін сақтап келеді. Топырағынан текті тұлғалар түлеп ұшқан, есімдері ел тарихына алтын әріппен жазылған 5 ғасыр адамы, 41 Социластік Енбек Ері, 1 «Қазақстанның Еңбек ері» шыққан Шиелі ауданы биыл да берекелі еңбектің үлгісін көрсетіп отыр.
Аудан еңбеккерлері ел ырысын еселеп, қамбаларын астыққа толтырып, бірлік пен татулықтың туын биік ұстап келеді.
Былтыр аудан бойынша 30 192 гектарға (2024 жылы 30 799 га) егін егілді. Негізгі дақыл күріштің үлесі – 12 301 гектар, егілген күріштің әр гектардан 61,3 центнерден өнім алып, жалпы 75 405 тонна астық жиналды.
Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың негізгі индикаторларына сәйкес мал шаруашылығын дамыту бағытында төрт түлік мал санында да өсім бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қолға алынған ауқымды жоба – Қызылорда қаласынан 240 МВт электр энергиясы мен 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығын салу болды. Құны 215 млрд теңге болатын құрылысты Түркияның «Aksa Energy» компаниясы жүргізді.
Аудан тұрғындарын сапалы электр энергиясымен үздіксіз қамту бағытында бірнеше жоба жүзеге асырылуда.
Атап айтсақ, Шиелі кентіндегі Шиелі электр жүйесінің қосалқы станциясы 4 млрд 480 млн теңгеге толықтай жаңғыртылды.
Еңбекші ауылдық округінде құны 11,5 млрд теңге болатын «Тезис» ЖШС-ның «қуаттылығы 40 МВт күн электр станциясы» жобасы жүзеге асырылуда, станция іске қосылғанда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Одан өзге, жоба құны 4 млрд теңге болатын «VIGOR Holding» ЖШС-ның «қуаттылығы 20 МВт күн электр станциясы» салынуда. Іске қосылғанда 5 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалды.
Өткен жылы газдандыру бойынша жыл басында Ортақшыл, 22 бекет елді мекендері газға қосылса, жақында ғана 21 бекет және Жансейіт елді мекендері толықтай көгілдір отынға қол жеткізді.
Осы негізде ауданымызда 1 кент, 17 елді мекендегі тұрғындарының көгілдір отынды тұтыну көрсеткіші 81 пайызға жетіп отыр.
Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ауыз су мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жол карталары мен жоспарлар нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысы жүйелі жүргізілуі керек» деген болатын. Қазіргі таңда елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Аудан бойынша сапалы ауыз сумен 85 615 тұрғын 100 пайыз қамтамасыз етілген.
Баршаңызға белгілі облыс әкімі Н.Нәлібаевтың бастамасымен қанша жылдан бері халқымыз көтерген өзекті мәселе өз шешімін тапты.
Облыс аумағындағы Республикалық маңызы бар жол «Қызылорда-Жезқазған» жолының 216 шақырым жол толық қайта жаңғыртудан өтіп, тиісті жұмыстар аяқталды. Жобаны жүзеге асыруға 84 млрд теңге бөлінді. Республикалық маңызы бар жол «Қызылорда-Жезқазған» жолы өткен айда пайдалануға берілді.
Аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 8 шақырымын қайта құрылымдау» жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ аудан үшін маңызы зор «Шиелі – Тайқоңыр» автомобиль жолының 13 шақырымы «Kazatomprom» компаниясының демеушілігімен күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындар игілігіне берілді.
Сонымен қатар ауданымыздағы Бәйгеқұм, Ә.Тәжібаев, Тартоғай, Ы.Жақаев, Алғабас, Бидайкөл елді мекендерде автомобиль жолдарын қайта құрылымдау, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылды.
Шиелі кенті Жайлыбаев, Д.Смайлов және Ә.Смайлов көшелерінің автомобильдер жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарына 519 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді және 10 көше қайта жаңғыртылды.
Одан өзге, «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» облыстық маңызы бар автомобиль жолы 10 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоба құны 524 млн теңге.
Барлығы 25,8 шақырым болатын 31 көше автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтті.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің, облыс әкімінің қолдауымен ауданымыз қарқынды құрылыс алаңына айналуда.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында құны 326 млн теңгені қамтитын 22 пәтерлі 11 тұрғын үй әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға берілді. Сондай ақ кенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Ендігі кезекте, 30 пәтерлі 15 тұрғын үй – алдағы күндері халық игілігіне берілетін болады.
Аудандық бюджеттен 55,7 млн теңгеге Бестам, Бидайкөл, Байсын, Жөлек, 1 Мамыр елді мекендеріне кіре беріс «Арка» құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Ы.Жақаев ауылдық мәдениет үйдің аумағында орналасқан Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев кесенесінің қоршаулары жаңартылды және кенттегі Ы.Жақаев паркі қайта жаңғыртылды.
Денсаулық саласы бойынша жыл басында аймақ басшысының қатысуымен Ортақшыл, Бестам, Қарғалы, Алмалы, Телікөл ауылдық округтерінде 5 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, тамыз айында ауданымызда мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған құны 2 млрд 323 млн теңге болатын 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесі іске қосылды және аудандық аурухана жанынан 733 млн теңгеге қосымша ғимарат салынып, онда 650 млн теңгенің жаңа МРТ аппараты орнатылуда. Сонымен қатар «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясы толық күрделі жөндеуден өтіп ел игілігіне берілді.
Аймақ басшысының Шиелі ауданына жасаған жұмыс сапары барысында спорт және мәдениет салаларында бірқатар жағымды жаңалық орын алды.
Атап айтқанда, Бестам ауылында құны 429 млн теңге болатын 150 орындық жаңа мәдениет үйі, Шиелі кентінде 363 млн теңгеге салынған заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, аудан тұрғындарына тарту етілді.
Білім саласы бойынша осы жылы күрделі жөндеуден өткен №219 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп (363 млн теңге) жаңа кейіпке енді.
Сыр өңірінде аймақ басшысының қатысуымен өткен облыстық тамыз конференциясында да білім саласының өзекті мәселелері талқыланып, жаңа оқу жылына тың міндеттер айқындалды. Сол жиында аудандағы №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейі «Орта білім беретін үздік ұйым» атанып, 34 млн теңге көлеміндегі қаржылай грантқа ие болды. Бұл мемлекет тарапынан ауданымызға көрсетіліп отырған ерекше қамқорлықтың көрінісі.
Бұдан бөлек, жалпы құны 1 млрд 68 млн теңге болатын 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» аймақ басшысының қатысуымен халық игілігіне берілді.
Өткен жылы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің айрықша қолдауымен, республика көлемінде және облысымыздың барлық темір жол вокзалы мен вокзал маңы аумағын күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізу қолға алынып, 1903 жылы салынып, пайдалануға берілген Шиелі теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жандануда.
Соңғы уақыттарда ауданды абаттандыру мақсатында да біршама жұмыс атқарылды. Халыққа қызмет көрсету орталығының алды толықтай жаңа келбетке енсе, «Руханият орталығы» маңына заманауи субұрқақ орнатылды, Дәулеткерей көшесінің бойы, Ы.Жақаев мен А.Байтұрсынов көшесінің қиылысы, «Шымкент-Самара» трассасы мен И.Әбдікәрімов көшелерінің қиылысы соңғы үлгідегі дизайнмен абаттандырылды, орталық аурухана жанынан «Денсаулық аллеясы» салынды.
Көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін әрлеу жұмыстарына 2025 жылы 88,9 млн теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде тұрғын үйлер жаңарып, шатыры ауысып, көрікті келбетке ие болуда.
***
Өздеріңізге белгілі, 2025 жылы Қызылорда қаласының Астана болғанына 100 жыл толды. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдағы 2026 жылғы кезекті 5-ші Құрылтайды Сыр елінде өткізу жөнінде бастама көтерді.
Бұл – аймақ үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Айтулы дата аясында Қызылорда облысында бірқатар әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандардың құрылысы қолға алынып, ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін халықаралық және республикалық деңгейдегі ауқымды іс-шаралар өтті.
Мұның бәрі – Сыр өңірінің тарихи рөлін жаңғыртуға, рухани мұрасын ұлықтауға және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.
Аймақтың рухани тамырына келсек, аймағымызда құны 3,7 млрд теңгеге 1000 орындық «Өнер орталығы», 1,6 млрд теңгеге «Отбасы орталығы», 3,4 млрд теңгеге «Теннис орталығы», 975 млн теңгеге «Қызылорда автовокзалы» және «Анаға тағзым» орталығы қолданысқа берілді.
Жыраулық дәстүр өкілдерінің Жыраулар үйі ашылды.
2 млрд 300 млн теңгені құрайтын облыстық тарихи-өлкетану музейі салынды.
Облыс әкімінің қолдауымен ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, ардагерлер мен әйелдер кеңесі және жастар орталығы орналасқан құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Руханият орталығы» барлық ауданда бой көтерді.
Шиелі топырағында ұрпақтар сабақтастығы деген ұғымды қалыптастыра отырып, саф алтындай сақталып келе жатқан киелі қазақ тілі, салт-дәстүр, қазақы қалып бар.
Шиелі өңірі – кешегі қиын қыстау заманда өзінің жанкешті еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған ерен ерліктің үлгісін танытып, есімдері тарих бетінде алтын әріптермен жазылып қалған Мұстафа Шоқай, Ыбырай Жақаев, Шахмардан Есенов, Әбділда Тәжібаевтардай тарлан саясаткер, даңғайыр диқан, зерделі ғалым, жезтаңдай әнші мен арқалы ақын тәрбиеленген қасиетті топырақ.
Сондықтан бұл өлкеде қаймағы бұзылмаған бірліктің, берекелі тірліктің, ынтымақтың, ең бастысы – ерлік рухының болуы әбден заңды.
Осы заңдылықты ұштастырған «Алтын күз – 2025» мерекесі аясында ауданымызда да бірқатар республикалық және облыстық деңгейдегі маңызды мәдени, әдеби, рухани іс-шара ұйымдастырылды.
«Жұмысшы мамандықтар жылына» арналған «Адал еңбек. Абырой. Құрмет» атты республикалық ақындар айтысы өткізілді.
Мерекенің ең ауқымды шараларының бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орталық стадионда өткен «Алтын дән, қызыл қырман, ән думан» атты театрландырылған қойылым, еңбек озаттарын марапаттау рәсімі және мерекелік күннің шырайын келтірген Қазақстан эстрада жұлдыздарының гала-концерті жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аудан жұртшылығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Баршаңыздың ұйымшылдықпен атқарған еңбектеріңіздің арқасында «Алтын күз – 2025» мерекесі ауданымызда жоғары деңгейде өтіп, Шиелі ауданының абыройы тағы да асқақтады.
Сонымен қатар Қызылорда қаласында өткен ауыл спортшылары арасында «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» және «Қызылорда қаласының Астана болғанына 100 жыл» мерекелеріне арналған дәстүрлі «Алтын күз – 2025» XXXVIII облыстық спартакиадасында үшінші жыл қатарынан Шиелі ауданы командалық есепте жүлделі 1 орынды иеленді.
Жыл соңында Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауданда жыл көлемінде тазалық акциясына атсалысқан азаматтарымыз марапатталды.
Шараның басты мақсаты қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін арттыру, еңбегін лайықты бағалау және Киелі Шиелі ауданында таза, жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарды құрметтеу болып табылды.
Салтанатты жиында 5 азаматқа Сарыағаш шипажайына жолдама, 27 азаматқа қаржылай сыйақы табысталды.
Сонымен қатар барлық шараға қатысушыларға аудан әкімдігінің атынан жаңа жылдық сыйлықтар таратылды.
Қадірлі Шиеліліктер!
Сіздерге соңғы жылдары атқарылған жұмыстарды қысқаша баяндадым.
Сіздерге соңғы жылдары атқарылған жұмыстарды қысқаша баяндадым.
Биылғы Жылқы жылында бірге жасаған еңбегіміз бен жетістіктеріміз біздің ортақ мақсатымызға жету жолындағы маңызды қадамдар болатыны сөзсіз.
Біз жаңа жобаларды жүзеге асырып, ауданның инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жандандырып, ауданымызды одан әрі гүлдендіруге, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салатын боламыз.
Біздің барлық істі жүзеге асыруымызға толықтай мүмкіндігіміз бар.
Бұл – жеті әулиенің мәңгілік мекен тапқан киелі Шиелі топырағында бірлігі жарасқан халқының ұйысқан ынтымағы, береке-бірігінің нәтижесінде болмақ.
Қымбатты жерлестер!
Жаңа жыл үлкеннің де, кішінің де асыға күтетін айрықша мерекесі. 2026 жыл еліміз жылнамасының жарқын беттеріне алтын әріптермен жазылатын жаңалықтың жаршысы боларына сенемін.
Жаңа жыл үлкеннің де, кішінің де асыға күтетін айрықша мерекесі. 2026 жыл еліміз жылнамасының жарқын беттеріне алтын әріптермен жазылатын жаңалықтың жаршысы боларына сенемін.
Жаңа жыл ауданымыздың, еліміздің барша отбасына бақыт пен қуаныш, молшылық пен сәттілік әкелсін!
Еліміздің ырысы артып, ырыздығы молая түссін.
Айтбай ЖАНДАРБЕКОВ,
Шиелі ауданының әкімі







