Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетістік мол, әрбір ісі жүйелі, облыста үздік аудан Шиелі

Жетістік мол, әрбір ісі жүйелі, облыста үздік аудан Шиелі


Жаңа 2019 жыл есік қаққалы тұр. Өткен жылға өкпе жоқ. Келер жылдан үміт көп. Ит жылы облыс көлемінде және ауданның тыныс-тіршілігінде көптеген маңызды оқиғалармен есте қалды. Саяси іс-шаралар, мәдениет, руханият саласында маңызды жиындар аз болған жоқ. Бәрі де елдігімізді танытты, абырой-беделімізді биіктетті. Рас, әр жылдың өзіндік берер сыйы мен несібесі бар. Сол себептен де, халқымыз өткен уақытқа реніш артпаған. Өткеннен қорытынды шығармай, алға жылжу жоқ екені де мәлім. Міне, осы мақсатпен аудан халқы жұма күні аудандық мәдениет үйінде басқосты.
Себеп те сол – сала саңлақтарының салтанатты марапат сәтіне куә болу, қорытынды кештегі қуанышты көппен бөлісу. Жылыстап бара жатқан 2018 жыл Шиелі ауданы үшін тасқындаған табыстар жылы болды. Бұл жөнінде шараның алғы сөзін алған аудан әкімі Ә.Оразбекұлы аудан халқын жаңа жылмен құттықтап, еселі еңбектің жемісті нәтижесін тілге тиек етті. Өз сөзінде аудан көрсеткіштері мен алдағы уақыттағы міндеттерге тоқталып, 2018 жылы ел көлеміндегі атқарылған жүйелі істерді аудан жаңалықтарымен сабақтастыра айтып өтті.
– Бірлігі бекем, тірлігі түзу азаттықтың туы желбіреген тәуелсіз елімізге жаңа 2019 жыл қадам басып келедi. Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен ізгі армандар ұялататын айрықша мереке. «Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп» дейді дана халқымыз. Тарих қойнауына аттанғалы тұрған жыл еліміз үшін бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың, жасампаздық пен жарқын жеңістердің жылы болды, – деді аудан басшысы. Осылайша, табысты тірліктерді атап:
– Ардақты ағайын! Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күтетін халықпыз. Ортақ шаңырағымыздың жарқын келешегі үшін қызмет атқарып жүрген барша азаматтарға береке мен бірлік, тыныштық, мол жақсылық тілеймін. Жаңа жыл әрбір шаңыраққа молшылық пен ізгілік, денсаулық пен бақыт әкелсін! Тәуелсіз еліміз мәңгі жасай берсін! Жаңа жыл құтты болсын! – деп өз сөзінің соңын ақ тілекпен қорытты.
Әрі қарай аудан әкімі Ә.Оразбекұлы әр салада кәсібін адал атқарып, оң нәтижеге қол жеткізген үздіктерді марапаттады. Айта кету керек, салтанатты кеш барысында, өңіріміздің дамуына ерекше қызмет етіп, елге еңбегімен танылған 12 азаматқа «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атағы тапсырылды. Ауданның құрметті азаматтарының санын толықтырған есімдерді ел білгені жөн деген оймен тізіп шығуды дұрыс санадық біздер. Олар: Сәрсенбек Байжанов, Құрманбек Бәкірұлы, Сейітбек Жақай, Мадияр Асанов, Сәулебай Аймаханов, Мұхаметжан Әлиұлы, Тұрмат Баймағамбет, Есіркеп Шәдібекұлы, Әбдімәулен Тоқтыбаев, Назира Парманқұлова, Қалияш Тұрсынова, Нәйла Палымбет секілді есімдері елге белгілі жандар. Түрлі саланың мекемелері мен мамандарын осылайша салтанатты марапаттау рәсімдері тамаша өлең-жырмен, ән-күймен, көз тартар бимен көмкеріліп отырды. Жергілікті өнерпаздар эстрадалық әндерін арнап, көрермендер қошеметіне бөленді. Марапаттау легі де толастамай, жалғасып жатты. Жыл бойы талмай еңбек еткен, біреулері бірнеше жыл, ал, келесілері тіпті он, жиырма, отыз жыл табан аудармай еңбек қатарында жүріп, үздік шығып жатқандардың мерейлері үстем болды. Еленді, ескерілді. Еңбектің жанып, ескерілуі кейде осындай еленуден көрініп, марапатпен өлшеніп жатады. Маңызды салаға, халқына тигізген пайдасы болғаннан кейін, алғыс арқалау, марапат көру де бір ғанибет қой. Оның да өзінің ғибраты бар.
Өткен жылды қорытындылау салтанатты кеші осындай құрмет көрінісімен өз мәресіне жетті. Жаңа жылға аяқ бастық. 2019 жыл баянды да берекелі жыл болсын! «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, жаңа жылдың қуанышы мен шаттығы өзгеше өрнекпен өріліп, жасанған, жаңарған көңілмен жасай берейік! Қазақстанның, дүйім қазақтың һәм Шиелінің абыройы аспандай берсін!

Дина ЖҮСІПОВА.
Б.БӘЙІМБЕТ (фото).
30 желтоқсан 2018 ж. 1 112 0