Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 2025: Табысты әрі жемісті жыл

2025: Табысты әрі жемісті жыл

Ел экономикасын еселеген тағы бір тарих қойнауына еніп барады. Санаулы күндерден кейін 2025 жылмен қоштасып, жаңа 2026 жылмен қауышамыз.
Жаңа жыл – халықтың зор қуанышпен асыға күтетін мерейлі мерекесі, үкілі үмітпен, игі тілекпен қарсы алып, толайым табыстармен шығарып салар жарқын сәті. Осы күнде әрбір адам өзіне есеп беріп, алдағы жұмыстарын жоспарлайды.
Биыл аудан үшін толайым табысқа толы, жемісті жыл болды. Мұның барлығы – қажырлы еңбек пен жүйелі жұмыстың арқасы. Ел игілігіне қызмет етіп жүрген әрбір азамат шынайы ризашылық пен құрметке лайық. Жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың легі тым бөлек. Әсілінде, әрбір сала бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, өріс кеңейді. Жоба мен жоспар алға басып, экономикасы өрлеп, өңіріміз өркендеп келе жатқаны барлығымыздың көз алдымызда.
Иә, өткен жылды саралап, келер жылдан үлкен үміт күтетініміз рас. Бір жыл бойы атқарған қызмет пен еселі еңбекті қорытындылап, жыл үздіктерін құрмет төріне шығаратын дәстүрлі жиын биыл да жалғасын тапты. Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өткен мерекелік кешті аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ашты. Жыл қорытындысына арналған салтанатты кеште аудан басшысы жиналған қауымды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ауданда 2025 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
– Жаңа жыл – жақсылықтың жаршысы. Әрбіріміздің болашаққа бағдар құратын және үлкен міндеттер жүктелетін уақыт. Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналы сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз.
Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында бүгінгі күні аймағымыз қарқынды даму үстінде. Өтіп бара жатқан жылан жылы ауданымыздың абыройын асырған жыл жаңалықтарына толы болды. Шиелі ауданы үнемі үздіктер қатарынан табылып, Тәуелсіздік алғалы 5 мәрте «Үздік аудан» номинациясын иеленді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы да – ел экономикасының тірегі саналатын еңбек адамдарына деген жоғары құрметтің айқын көрінісі болды. Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауымен облысымыздың бюджеті 851 млрд 300 млн теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті. Облыс әкімінің ерекше қолдауының нәтижесінде бүгінгі күні аудан бюджеті 17 млрд 200 млн теңге, оның ішінде өз кірістеріміз 7,5 млрд теңгені құрады.
Осы жылдың 11 айындағы көрсеткіш бойынша өнеркәсіп өнімін өндіру 71 млрд 39 млн теңгеге жетіп, 100,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібі көлемі 59 млрд 618 млн теңгеге жетіп, 100,1 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 52 млрд 588 млн теңге жетіп, 103,6 пайызға, инвестициялар тарту көлемі 73 млрд 741 млн теңгені құрап, 103,3 пайызға жетті. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер жалпы ауданы 74 870 шаршы метрді құрап, 110,2 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 19 млрд 572 млн теңге болып, 131,8 пайызға, бөлшек сауда көлемі 14 млрд 732 млн теңге болып, 105,1 пайызға артты.
Аудан тұрғындарын сапалы электр энергиясымен үздіксіз қамту бағытында бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, Шиелі кентіндегі Шиелі электр жүйесінің қосалқы станциясы 4 млрд 300 млн теңгеге толықтай жаңғыртылды. Еңбекші ауылдық округінде құны 11,5 млрд теңге болатын «Тезис» ЖШС-ның «қуаттылығы 40 МВт күн электр станциясы» іске қосылды. Биыл газдандыру бойынша 1 млрд 622 млн теңгеге жыл басында Ортақшыл, 22 бекет елді мекендері газға қосылса, жақында ғана 21 бекет және Жансейіт елді мекендері толықтай «көгілдір отынға» қол жеткізді. Осы негізде ауданымызда 1 кент, 17 елді мекендегі тұрғындарының «көгілдір отынды» тұтыну көрсеткіші 81 пайызға жетіп отыр, – деп аудан басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап шықты.
Мерекелік іс-шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан сала мамандары облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Оған қоса Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен «Барлыбай ИК өндірістік кооперативінің төрағасы Қанат Мұсаев және «Бидайкөл» шаруа қожалығының төрағасының орынбасары Асылбек Оралбаев марапатталды. «Баласы атқа мінсе, анасы тақым қысар» демекші Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Алғыс хатымен «Жаңатұрмыс ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қаржы саласы жөніндегі бас маманы Асылхан Нұржанұлының ата-анасы Нұржан Жоламанұлы мен Жұмагүл Қоғамбекқызы марапатталып, мерейі үстем болды.
Сонымен қатар, жыл бойы еселі еңбек етіп, ерекше жетістіктерімен танылған жыл үздіктері салтанатты шарада құрмет төрінен көрініп, арнайы номинацияларға ие болды. Үздіктер қатарынан қара көрсеткен әріптесіміз Мақсұт Ибрашев сахна төріне көтеріліп, аудан әкімінің арнайы сый-сияпатына бөленді.
Көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлаған салтанатты шараның соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ
31 желтоқсан 2025 ж. 36 0

Қоғам

ҚАЛАМЫНЫҢ ҰШЫНДА ЕЛ ҮНІ БАР
31 желтоқсан 2025 ж. 31

ЗАУЫТТАҒЫ 20 ЖЫЛ

31 желтоқсан 2025 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (9367)

31 желтоқсан 2025 ж.

№99 (9366)

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 (9365)

23 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031