Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЫРША ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ

ШЫРША ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ

Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Сиыр жылы жұртшылыққа жақсылығын тарту етіп, толағай табыстармен және өзіндік жетістіктерімен тарих қойнауына кете барды. Енді санаулы күндерден кейін көпшілік жыл қайырып, берекелі барыс жылын қарсы алады.
Аудан халқы қазірдің өзінде жаңа жылдық көңіл күймен жүр. Айналаға барлап қарасаңыз, айтулы мерекені қарсы алуға асыққан жандарды байқайсыз. Мұны 25 желтоқсан күні ауданның бас шыршасын жағу рәсіміне жиналған халықтан аңғаруға болады. Иә, шыршаның шырағы жағылады дегенді естіген жұрт кеш қараймай жатып орталық алаңға жинала бастады. Әр адамның жүрегінде жаңа үміт, жүзінде шексіз бақыт бар екені сезіледі. Орталық алаңның қақ ортасында көздің жауын алып, жалт-жұлт еткен шырша тұр. Бұл – жаңа жылдың басты белгісі.
Әне-міне дегенше орталық алаң думанға толды. Сахнаға шыққан өнерпаздар көпшіліктің көңілін көтеріп, биылғы жылдың жетістіктерімен бөлісті. Аудан әкімі Н.Мақұлбеков жыл бойы атқарылған жұмыстарды тарқатып, тұрғындарды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ орталық алаңдағы сәні мен салтанаты жарасқан шыршаның шамын жағып, жиналған көпшілікке жаңа жылдық тілектерін айтып, өңір жұртына жақсылық тіледі.
– Бүкіл ел болып мемлекетіміздің ең ұлы мерекесі Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын атап өттік. Тәуелсіздік – ұлтымыздың маңдайына бұйырған бақ, біздің ең басты құндылығымыз. Тәуелсіз Қазақ елі бүкіл әлем мойындаған, бірлігі бекем, тірлігі түзу, бағыт-бағдары айқын мемлекетке айналды. Аудан халқының еңбегімен біршама қарқынды жұмыстар атқарылды. Қол жеткізген жетістіктер мен атқарылған жұмыстардың барлығы – татулықты ту етіп, ынтымағы жарасқан бірлескен тірліктің арқасы. Алдағы уақытта да тұрғындар өмірінің сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын таба беретін болады, – деді аудан басшысы.
Аудан әкімінің құттықтау сөзінен кейін шырша шамдары жағылып, салтанаттық шара аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Аяз ата мен Ақша қарды ортаға алып, ән шырқап, би билеген ертегі кейіпкерлері жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сымбат СҰЛТАН
28 желтоқсан 2021 ж. 1 020 0