Шырша шамын жақты
Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Доңыз жылы жұртшылыққа жақсылығын тарту етіп, толағай табыстармен және өзіндік жетістіктерімен тарих қойнауына кете барды. Енді санаулы күндерден кейін көпшілік жыл қайырып, береке, ырыс пен татулықтың белгісі саналған тышқан жылын қарсы алады.
Аудан халқы қазірдің өзінде жаңа жылдық көңіл күймен жүр. Айналаға барлап қарасаңыз, айтулы мерекені қарсы алуға асыққан жандарды байқайсыз. Мұны сейсенбі күні ауданның бас шыршасын жағу рәсіміне жиналған халықтан аңғаруға болады. Иә, шыршаның шырағы жағылады дегенді естіген жұрт кеш қараймай жатып орталық алаңға жинала бастады. Әр адамның жүрегінде жаңа үміт, жүзінде шексіз бақыт бар екені сезіледі. Орталық алаңның қақ ортасында көздің жауын алып, жалт-жұлт еткен шырша тұр. Бұл – жаңа жылдың басты белгісі.
Әне-міне дегенше орталық алаң думанға толды. Сахнаға шыққан өнерпаздар көпшіліктің көңілін көтеріп, биылғы жылдың жетістіктерімен бөлісті. Дүйім жұртқа аян, биылғы жылдың басты ерекшелігі – оның жастарға арналуы. Осы орайда шиелілік жастар да қалыс қалмай, биік белестерді бағындырып, талай асуларды алды. Мәселен, белбеу күресінен Өзбекстан республикасында жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дарын Балтабеков, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының шешімімен командалық көкпардан «Жылдың үздік шабандозы» номинациясының иегері, жаппай көкпар додасында бес автокөлікке ие болып, 40-тан астам ірі қара салымдарын салып жүрген шабандоз Жасұлан Айтбай, панкратионнан еліміздің сегіз дүркін чемпионы Ғани Әділсерікұлы сынды жас спортшылар биыл да ауданның абыройын асқақ етті.
Міне, осы және өзге де жетістіктерге шолу жасалған соң, аудан халқы сахналық қойылымды тамашалады. Жыл кейіпкерлерін сомдаған әртістер жұртшылыққа жылы лебіздерін айтып, келер жылдан күтетін үміттің мол екенін жеткізді. Бұдан кейін аудан әкімі Әшім Оразбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, доңыз жылындағы айтулы оқиғаларға тоқталды.
– Өткен 2019 жыл еліміз үшін, оның ішінде біздің киелі Шиелі үшін де шын мәнінде бірлік пен берекенің, ел тілегі жүзеге асқан, серпінді жобалардың орындалуымен аса құнды жыл болды. Өздеріңізге белгілі, былтырғы жылы шиелілік диқандар облыста чемпион атанып, ақ күріштен тау тұрғызған болатын. Аудан диқандары биыл да мол өнім жинап, Сыр өңірінде ауыл шаруашылық саласы бойынша «Озат аудан» атанды. Аудан диқандары егілген егінді күздің жауын-шашынды маусымына ұрындырмай облыста бірінші болып толық жинап алды, – деді аудан әкімі.
Ақ тілектердің тиегі ағытылғаннан кейін, аудан әкімі мен Нартай өнер мектебінің шәкірті, А.Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысының жүлдегері Айқын Төлеген салтанатты түрде шыршаның шырағын жақты. Мереке қарсаңында отшашу шашылып, әуезді ән айтылды.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА