Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл аяз атада сыйлық жоқ

Биыл аяз атада сыйлық жоқ

Әне-міне дегенше санаулы күндерден соң ескі жылды қорытындылап, жаңа жылды қарсы алмақпыз. Мерекені тойлауға дайындық ­басталып та кетті. Алаңға шырша орнатылып, базар іші мен дүкендерде жаңа жылдық сыйлықтар, мерекелік костюмдердің түр-түрі қызу саудаланып жатыр.

Жаңа жылдық мерекені үлкендерден гөрі балалар асыға күтетіні белгілі. Өйткені, тек осы кезде ғана Аяз ата келіп, балаларға сыйлық таратады, шыршаны айналып би билеп, керемет күйге бөленеді. Иә, жыл сайын мектептерде дәстүрлі түрде өтетін жаңа жылдық шырша биыл бұрынғыдан өзгерек тойланғалы тұр. Себебі, ата-аналарға ақша жинап, сыйлық алуға тыйым салынған. Иә, оқушылар жылдағыдай мерекелік костюмдерін киеді, жасыл шыршаның жанында Аяз ата мен Ақша қарға тақпағын айтып, өнерін көрсетеді. Бірақ түрлі тәттілер мен сыйлықтар ала алмайды. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов:
– Қазір нарық заманы. Көптеген ата-аналар жаңа жылдық шырша үшін қыруар қаржы жұмсайтынын, оның отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ салатынын айтады. Жақында ғана бір аудан тұрғыны «Сыйлыққа 2 мың теңгеден жинап жатыр» деп әлеуметтік желіде шағымданды. Бір сыныпта 30 оқушы болса, кемінде оның 2-3-еуінің тұрмыстық жағдайы төмен болып келеді. Сондықтан биылдан бастап аудандағы ешбір мектепте жаңа жылдық безендіруге де, сыйлыққа да ақша жиналмайтын болады, – деді.
Бас ұстаздың бұл шешімін біреулер қолдап жатса, енді бірі «Баламыздың көптен күткен мерекесін сыйлықсыз қалай тойламақпыз?» деп келіспейтінін жеткізіп жатыр.

Айгүл Жұмағұл, ата-ана:
– Биыл мектепте жаңа жылға ақша жиналмайды деп жатыр. Мүмкін бұл дұрыс та шығар. Өйткені, соңғы уақытта, әсіресе, осы жыл басталғалы елімізде қайғылы оқиғалар жиі орын алды. Айналамызда қаншама көмекке мұқтаж жандар бар. Аязды күнде суық жерде ішерге ас-суын таппай отырған жанұялар қаншама. Сондықтан жаңа жылдық сыйлықтың орнына осындай жәрдемге мұқтаж жандарға қол ұшын созып жіберсек, мол сауапқа кенелер едік. Мұны балаларға түсіндіріп, қайырымдылыққа баулысақ, оларға берген тәлім-тәрбиеміздің шыңы болмас па еді?

Мөлдір Дүйсекова, ата-ана:
– Мен көпбалалы анамын. Алдыңғы төртеуі мектепке барады. Балаларымыз жыл бойы жаңа жылдық шыршада Аяз атаның қолынан сыйлық алған сәтті асыға күтеді. Бұл мереке сонысымен де ерекше болатын. Енді сыйлықтар берілмесе, еш қызықсыз өтетін шығар. Өз басым жылына бір келетін шыршада баланың қуанышы үшін сыйлыққа ақша жинаудың әбестігі жоқ деп ойлаймын.

Мәрия Байменова, ата-ана:
– Тұңғышым 2 сыныпта оқиды. Өткен жылғы жаңа жыл мерекесі есінде ерекше сақталған. Биыл маған Аяз ата қандай сыйлық береді деп күн сайын сұрап жүр. Әрине, үйде түрлі сыйлықтар беруге болады. Бірақ мектептегі үлкен шарада сыныптастарымен бірге таласа-тармаса алған бір бөлек қой. Бірақ, естуімше, жаңа жылға ақша жиналмасын деген тапсырма беріліпті. Көпшіліктің пікіріне қосыламыз. Уақыт өте бұған да үйреніп кетерміз.
Міне, аудан тұрғындарының басым бөлігінің пікірі осыған саяды. «Жаңа жылдың ұлттық деңгейде ешбір маңызы жоқ, мүлдем тойланбасын» дейтіндер де жоқ емес. Қалай десек те биыл оқушылар жаңа жылдық шыршаны сыйлықсыз қарсы алады. Бұл үшін біреуге өкпелеп, орынсыз шу шығарып, елді дүрліктірудің қажеті жоқ болар.
Бастысы, ерекше көңіл-күймен өткен жылды қорытындылап, жаңа жылды жақсылықтың жаршысы болғай деген үмітпен қарсы алайық!

Гүлхан ЯХИЯ

24 желтоқсан 2019 ж. 1 153 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930