Орталық алаң думанға толды
Әне-міне дегенше, ескі жылмен қоштасып, жаңа жылды қарсы алып та үлгердік. Көптен күткен жыл басы тышқан жылын Шиелі халқы қалай қарсы алды? Көпшілік 31 желтоқсан күні үйінде дастарқан жайып, отбасымен бірге отырса, енді бірі қонаққа барып, жаңа жылды жора-жолдастарымен қарсы алуды құп көреді. Жыл сайын дәл осы күні орталық алаңдағы мерекелік шоуды тамашалап, керемет көңіл-күйге бөленуді жөн санайтындар да бар.
Иә, жаңа жылдың енуіне санаулы сағаттар қалған уақытта аудан тұрғындары М.Шоқай атындағы орталық алаңда орналасқан бас шыршаның жанына жиналды. Ауа райының суығына қарамастан, мәдениет үйі қызметкерлерінің мерекелік концертін тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға тырысқан Аяз ата мен Ақша қар ортаға алдымен кіріп келе жатқан жылдың басты иесі тышқанды шақырды. Ал ескі жылдың иесі қабанды құрмет-қошеметпен шығарып салды. Артынша мерекелік концерт те басталып кетті. Шиелілік өнерпаз жастар әннен шашу шашты. Шараға жиналғандар шыршаны айналып, мәз-мейрам болысты. Мерекенің басты кейіпкерлерімен суретке түсіп, ғажап күйге бөленді.
Биыл орталық алаң жылдағыдан ерекше әрленіп, әсем күйге енген. Тек шырша ғана емес, жалт-жұлт еткен арка мен өзге де әдемі безендірулер мерекенің сәнін одан әрі аша түскендей. Жаңа жылдың тағы бір жаңалығы – бұрынғыдай от шашудың болмауында болды. Иә, тұрғындар 2020 жыл енген алғашқы сәтте азын-аулақ от шашуды тамашалағаны рас. Десе де әр үйдің тұсында гүрс-гүрс еткен дауыс пен кентті жап-жарық қылған қызылды-жасылды жарықты биыл байқамадық. Бұған басты себеп, от шашуды сатуға жаппай қатаң тыйым салынуы еді.
Есіктен енген 2020 жыл құт-берекесімен келсін. Жаңа жылда ауданның абыройын асқақтатар жақсы жаңалықтар көп болсын. Тышқан жылы әр адам үшін табысқа толы, жемісті жылдардың бірі болғай.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ