Жыл үздіктері анықталды
«Уақыт кернеуіне бөгет жоқ» демекші, міне, көзді ашып, жұмғанша тағы да бір жыл тарих қойнауына еніп, жаңа жылмен қауышар сәт те келіп жетті. Жаңа тышқан жылының төрімізге озып, доңыз жылы күнтізбесінің аяқталар шағына санаулы күн қалды. Қазақ халқы «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп, өткен жылды саралап, келер жылға үлкен үміт артып, игі тілектер тілейді. Әрбір адам баласы жаңа жылды қарсы алмас бұрын ескі жылдағы еселі істеріне көз жүгіртіп, істеген жұмыстарына баға береді.
Дүйсенбі күні аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде жаңа жылдық мерекелік кеш өтті. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы: «Тәуелсіз елімізге жаңа 2020 жылға қадам басып келедi. Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен ізгі армандар ұялататын ерекше мереке. Елімізде болып жатқан оң өзгерістердің біздің ауданда да көрініс тауып отырғанын мақтанышпен айта аламыз. Тәуелсіздік жылдары ауданда толымды тірліктер жасалып, көптеген түйінді мәселе шешіліп, үздік нәтижелерге қол жеткіздік. Баршаңызды келе жатқан 2020 жыл – Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын!» – деп салтанатты шараны ашып берді.
Расында, бұл жыл ел тарихында елеулі күндерімен есте қалғаны баршамызға мәлім. Доңыз жылы аудан үшін жеңісті де жемісті жыл болды. Қай салада да өсу динамикасы барын байқаймыз. Өңірде аудан тарихында бұрын-соңды болмаған игілікті істер атқарылып, халықтың әл-ауқаты біршама жақсарды деуге негіз бар. Әлеуметтік нысандардың қатары көбейіп, ауылдарда жаңадан келбетті ғимараттар бой көтерді. Жұмыссыздық деңгейінің пайыздық мөлшері төмендеп, шағын және орта бизнеспен айналысушылар саны көбейді. Бүгінгі берекелі ауданның мәдениет пен спорт салаларында да тың серпілістер орын алды. Елді-мекендердің ажары да айшықталып, бірнеше ауылдардың атауы өзгерді. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда «Озат аудан» атанып, Шиелі халқының мәртебесі асқақтады. Сонымен, ауданымыздың жыл бойғы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Ал сол жетістіктердің әрбірі тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденістің арқасында келді. Жыл соңында әр саланың үздіктерін марапаттау жылдағы дәстүр. Сол үрдістен биылда жаңылмаған аудан әкімі Ә.Оразбекұлы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығы бойынша «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» медалімен Қ.Мыханов пен М.Дулатовты марапаттады. Одан әрі Ә.Кенбай ауданның «Құрметті азаматы» атанса, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Құрмет грамотасы» Қ.Бекішов, С.Көшкінбаева, Д.Аманға бұйырды. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Парыз-2019» конкурсының жеңімпаздары Б.Қалиев пен М.Әбдіхамиев те марапат төрінен көрінсе, жыл басынан бергі жетістіктері үшін А.Аманбаева, М.Әшірбеков марапат алды. Сонымен қатар, облыс және аудан әкімінің алғыс хаты да табысталды.
Жыл қорытындысы бойынша У.Алиханов «Ардақты ауыл ағасы-2019», Б.Дихамбаев «Жыл қаржыгері-2019», Қ.Алиакбарұлы «Жыл ветеринары-2019», Р.Иманова «Жыл құрылысшысы-2019», «КНК Кемикал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Өндіріс озаты-2019», Г.Жамансариева «Үздік әлеуметтік қызметкер-2019», М.Палжанов «Үздік кәсіпкер-2019», Б.Көпеев «Жыл қамқоршысы-2019», А.Кузнецов «Үздік инвестор-2019», Н.Айтбаева «Үздік дәрігер -2019», Р.Ержан «Жыл ұстазы-2019» номинациясын иеленді. Сондай-ақ Т.Бөпежанов «Үздік мемлекеттік қызметші-2019», А.Өмірәлі «Үздік ауыл әкімі-2019», Д.Сейдахметов «Үздік әдіскер-2019», Т.Дулатов «Жыл сақшысы-2019», Р.Қалкөзов «Үздік мәдениет саласының қызметкері-2019», Е.Жүсіп «Жыл журналисті-2019», Ғ.Қалқұлов «Үздік энергетик», А.Әліпбаева «Үздік тәрбиеші-2019», А.Үсенғазин «Жас мемлекеттік қызметші-2019», Д.Марданаев «Жаңашыл мемлекеттік қызметші-2019», Ғ.Әділсерікұлы «Жыл спортшысы-2019», Б.Ұлжаев «Руханият жанашыры-2019» номинациясына лайық деп танылды. Жаңа жылға жаңа серпінмен қадам басуға бел байлаған шиеліліктер жыл соңын осылай табысты аяқтады.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ