Еселі еңбек, толағай табыс
«Уақыт кернеуіне бөгет жоқ» демекші, міне, көзді ашып, жұмғанша тағы да бір жыл тарих қойнауына еніп, жаңа жылмен қауышар сәт те келіп жетті. Жаңа доңыз жылының төрімізге озып, ит жылы күнтізбесінің аяқталар шағына санаулы күн қалды. Қазақ халқы «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» – деп, өткен жылды саралап, келер жылға үлкен үміт артып, игі тілектер тілейді. Әрбір адам баласы жаңа жылды қарсы алмас бұрын ескі жылдағы еселі істеріне көз жүгіртіп, жасаған жұмыстарына баға береді. Өткен жыл ел тарихында елеулі күндерімен есте қалғаны баршамызға мəлім. Ит жылы ауданымыз үшін жеңісті де жемісті жыл болды. Қай салада да өсу динамикасы бар. Өңірімізде аудан тарихында бұрын-соңды болмаған игілікті істер атқарылып, халықтың әл-ауқаты біршама жақсарды деуге негіз бар. Әлеуметтік нысандардың қатары көбейіп, ауылдарда жаңадан келбетті ғимараттар бой көтерді. Жұмыссыздық деңгейінің пайыздық мөлшері төмендеп, шағын және орта бизнеспен айналысушылар саны көбейді. Бүгінгі берекелі ауданның мәдениет пен спорт салаларында да тың серпілістер орын алды. Елді-мекендердің ажары да айшықталып, ауылдар көркейе түсті. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда «Үздік аудан» атанып, Шиелі халқының мәртебесі асқақтады. Сонымен, ауданымыздың жыл бойғы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. 2018-ші жыл бірлігі бекем, тірлігі төрлеген, табысы өрлеген киелі Шиелі өңірінде қандай жарқын істермен ерекшеленді? Айтулы жаңалықтарды тізбелеп көрелік. Біз бастадық, олай болса.
Сонымен, жыл басында Алғабас ауылынан спорттық кешен пайдалануға беріліп, жақсылықтың жаршысы деп жақсы істердің басына тіздік. Иә, олай болмағанда ше? Әрбір қазақстандық спортты серік етіп, салауатты өмір сүруді мақсат етуі қажет. Өйткені, дені сау адам – адами капиталдың алғы шарты болмақ. Хош. Аталған нысанға тоқталар болсақ, игі бастаманы қолға алған туған өлкесінің гүлденуі өзі секілді жанашыр азаматтардың қолында деп білетін «БЕТА и К» ЖШС басшысы, жергілікті кәсіпкер Ерболат Машрапин осы ауылдың тумасы. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан ғимараттар туралы естіп, өз ауылынан спорт кешенін ашуды жоспарлайды. Әкімшілік қызметкерлерімен келісе отырып алдымен бизнес жоспар жасап, онысы жүзеге асып, ауылдың қуанышы еселенді. Алғабас ауылының ортасында орналасқан спорттық кешеннің жалпы құны 42 млн. теңгені құраған. Ендігі жерде спортқа қызығушылығы артқан ауыл жастары «Көкшоқы» елді мекеніндегі, болмаса аудан орталығындағы спорт мектептеріне бармайды. Ата-анасын да уайымға салмайтын болады. Мұнда бокс, күреспен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Ашылу салтанатында аймақ басшысы Қ.Көшербаев болып, ел қуанышын бөліскен болатын.
Аудан орталығынан 1974 жылы салынған аурухананы заман талабына сай құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа типтегі ғимаратқа ауыстыру ауданымыздың күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі болатын. Бұл мәселе де көп кешікпей шешімін тауып, жобалық құны 7 млрд. 41 млн. теңгені құрайтын ғимаратқа қаражат республикалық бюджеттен қаралған. 150 орындық аурухананың құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты мердігер болып табылатын «СМП – Қызылорда» компаниясына жобаны сапалы орындап, уақытында аяқтау тапсырылды.
Иә, Шиелі өңірі сәт сайын ажары айшықталып, жолдары жөнделіп, орнатылған шамдары самаладай жарқырап, сәні келіскен әсем ғимараттар мен архитектуралық нысандар бой көтеруде. Нақты айтар болсақ, ауданымыздың кіре беріс қақпасынан Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында қойылған кіші макеті аудан халқын жігерлендірді.
Сонымен қатар, жерлестеріміздің көз қуанышына айналып, демалатын әрі серуендейтін орындардың ауданнан бой көтеруі баршаны марқайтты. Аудан әкімдігі кенттің бірнеше жерінен скверлер салуды ойластырып, игі іс жасаймын деушілерге мүмкіндік берген болатын. Осылайша, қоқыс алаңына айналып, қараусыз жатқан жерлер көпшіліктің кәдесіне жарап, скверлер мен шағын парк алаңдары ел игілігіне берілді. Алдағы уақыттарда осы істер бірнеше ауылдық округтерден көрініс таппақ.
Ал, Тәуелсіздік тәжінің бір көрінісіндей саналатын еліміздің Конституциясы күні мерекесіне орай №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназияның жаңа корпусы пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 29 тамыз күні №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында көптен күткен бастауыш сыныптарға арналған қосымша құрылыс аяқталып, ұстаздар мен оқушылардың қуанышында шек болмады. Айта кету керек, аталған ғимаратты салуға облыстық бюджеттен жобалық құны 224 млн. 569 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілген болатын.
Ақмаялықтар үшін де бұл жыл бұрынғы жылдардан өзгерек өрілді. Иә, маңызы да мәні де айрықша. Олай деуіміздің себебі де ауыз толтырып айтарлықтай. Бірнеше ай бойы құрылысы жүргізіліп, ауылдың сәнін келтіре жаңа кейіпке енген ауылдық округі әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа ғимаратқа жергілікті бюджет есебінен жобалық құны 37 млн. 270 мың теңге жұмсалыпты.
Өтіп бара жатқан ит жылының игіліктерінің бірегейіне Төңкеріс ауылдық округі тұсынан өтетін көпір құрылысын жатқызуға болады. Жалпы көпірдің ұзындығы – 27 метр, ені – 15 метр болса, су өтетін биіктігі 3,80 метр, ал, кірме жол 300 метрді құрайды екен. Облыстық бюджеттен құрылысына 105,2 млн. теңге қаражат бөлініп, жұмысты уәделі уақытта сапалы аяқтауды қолға алған бас мердігер «Стандарт ОЙЛ КЗО» ЖШС өз істерінің нәтижесімен облыс әкімі Қ.Көшербаевпен бөліскен болатын.
Бидайкөлде де маңызды нысан лентасын қиып, жұмысын жолға қойды. Ауылдың орталығынан орын алған «Бастау» сауықтыру кешені – қысы-жазы қызмет көрсететін жабық бассейн. Жаңа спорт кешені суды жылытатын және тазартатын ең соңғы заманауи технологиялық құралдармен жабдықталыпты. Аталған орынның жалпы құны – 180,1 млн. теңге. Нысанда 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жыл соңына қарай қуанышты жаңалық Иіркөл ауылдық округі, Жақаев ауылында да орын алды. Айта кету керек, соңғы кездері Шиелі кентінің іші көгілдір отынмен қамтылып, газ кіргізуге тұрғындардан 4 925 өтініш түскен. Оның 4 911-не монтаж жүргізіліп, бүгінгі күні 4 899-ы газ пайдаланып, үйлері жаз, көңілдері мәз. Енді міне, аудан орталығынан тыс елді-мекендерге де газ құбырын тарту жұмыстары қолға алынды. Шиелі ауданында ауылдық елді-мекендерде алғашқы болып, ақ күріштің атасы, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев және Бидайкөл елді-мекендеріне көгілдір отын берілді. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерге газ жүргізу туралы келісімшарт жасалуда. Бүгінгі күні аталған елді-мекендердің 393 тұрғын үй иелерімен келісімшарттар жасалған. Өткен жыл телікөлдіктер үшін де текке кетпеді. Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай, «Ақбұлақ» бағдарламасы Телікөл ауылында таза ауызсу желісі пайдалануға берілді. Ал, аудан орталығында М.Шоқай алаңындағы «Рухани жаңғыру» аллеясының бой көтеруі жұртшылықты рухтандырғаны хақ. «Рухани жаңғыру» аллеясында әуелі «Орхон-Енисей» жазбалары монументі салынып, Қорқыттың көңілге қонымды сөздерімен жалғасқан.
Аудан бойынша жылдың ең елеулі оқиғасына «Гежуба Шиелі Цемент» тампонажды цемент шығару зауытының іске қосылуы десек, ешкімнің таласы бола қоймас. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен индустрияландыру күні аясында «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» телекөпірі барысында өз жұмысын бастаған өндіріс орнының жобалық құны 64 млрд. теңгені құраған. Оның қуаттылығы жылына 1 млн. тонна цемент шығарып, зауыт өнімінің 30 пайызы шетелдерге экспортталады. Нысан іске қосылғаннан кейін 200-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Қытай инвесторларының көмегімен салынып жатқан Орта Азиядағы заманауи технологиялы алғашқы өндіріс орны десек, сөзіміздің артық-кемі бола қоймас. Бұл еліміздегі бірегей цемент зауыты болатыны айдан анық. Сондай-ақ, аудан халқының әлеуметтік жағдайын арттыратыны да сөзсіз. Зауыттың құрылысы басталған кезеңінде 1200 адам жұмыспен қамтылған болатын. Сонымен қатар, «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясы өз қаражаты есебінен аудан тұрғындарының арасынан Қытай Халық Республикасында 46 жас маман қайта даярлау курсынан өтіп, бүгінгі күнге аудандағы цемент зауытына тұрақты жұмысқа орналастыру үшін әрқайсысымен жеке-жеке еңбек шарты жасалуда. Бұған қоса Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде 80 жас маман қайта даярлау курсына қатысуда. Алдағы уақытта, осы азаматтардың барлығы цемент зауытына тұрақты жұмысқа орналасады деп күтілуде.
Міне, жыл ішіндегі айтулы жайттар осылай айшықталды. Біз тоқталып өткен елеулі оқиғалар – тегеурінді тірліктің бір парасы ғана. Жаңадан ашылған әлеуметтік нысандар, заманауи жаңа ғимараттар да еселі еңбектің жемісі, табыстың көрінісі. Айта кетейік, аудан айнасы саналатын «Өскен өңір» тілшілері осынау жарқын істердің басы-қасында жүріп, жыл бойы толымды істердің көзайымы болды. Алдағы доңыз жылы да шиеліліктер үшін серпінге толы, бақ-берекелі жыл болғай!
Дина ЖҮСІПОВА.