Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІ – ШЫНАЙЫ ӨСІМ ЖОЛЫНДА

ШИЕЛІ – ШЫНАЙЫ ӨСІМ ЖОЛЫНДА

Еңбектің қадірін біліп, бірліктің дәмін татқан, тіршілігі тиянақты, тұрмысы тұрақты – Шиелі. Бұл өлкенің әр таңында егін басында еңкейген диқанның, шеберханада тер төккен жұмысшының, өз кәсібін дөңгелеткен азаматтың бейнесін көруге болады. Себебі Шиелі халқының басты байлығы – еңбек.

ЖҰМЫС – ТҰРМЫСТЫҢ ТІРЕГІ
Бүгінгі таңда аудандағы жұмыссыздық деңгейі небәрі 5,0 пайыз, яғни 1833 адам. Бұл – ауданның экономикалық белсенділігінің, кәсіп пен еңбек мәдениетінің айқын көрсеткіші. Жалпы халық саны 85 мыңнан асса, соның 36 501-і – еңбекке қабілетті тұрғындар, ал 34 668 адам тұрақты жұмыс істеп жүр. Олардың жартысы жалдамалы қызметкерлер болса, қалған 17 мыңға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтып, адал еңбегімен нәпақасын тауып отыр. Мұндай көрсеткіш кездейсоқ емес. Соңғы жылдары Шиеліде кәсіпкерлікті қолдау мен жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында бірқатар жоба жүзеге асты. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұстаным бұл өңірдің өмір салтына айналған.
ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ – ҚОҒАМ АЙНАСЫ
Шиеліде тек еңбек қана емес, әлеуметтік әділдік те басты құндылық. Мемлекет тарапынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері 216 отбасының 1175 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 79 миллион 293 мың теңге қаржы төленді. Бұл – жай ғана сандар емес. Бұл – әр үйге кірген жылылық, әр баланың күлкісі, әр ананың көзіндегі үміт. Мысалы, көпбалалы ана Нұргүлдің айтуынша, әлеуметтік қолдау арқасында ол үйінде шағын кондитерлік цех ашып, балаларының болашағына сеніммен қарай бастаған. Ал 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін ай сайынғы қосымша төлем де өз жалғасын табуда. Биылдың өзінде 176 отбасының 341 баласына 10 млн 312 мың теңге көлемінде қаржылай көмек беріліпті. Демек, мемлекет қамқорлығы отбасының ең кішкентай мүшесінен бастау алады.
МЕЙІРІМ МЕН ҚАМҚОРЛЫҚ
Шиеліде әлеуметтік саясаттың тағы бір айқын бағыты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау. Олар қоғамнан шет қалмай, өз әлеуетін жүзеге асыра алуы үшін барлық жағдай жасалуда. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 1310 азамат жеке оңалту бағдарламасымен толық қамтылып, қажетті гигиеналық және техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Бұл бағыттағы жұмыстар 100 пайызға орындалған. Бүгінде аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғам өмірінен шет қалмай, түрлі салада белсенділік танытуда. Қоғамның оларға деген көзқарасы өзгеріп, қолдау мәдениеті қалыптасып келеді. Осы көрсеткіштің артында – шынайы қамқорлық, адамға деген құрмет жатыр. «Қоғамның өркениеттілігі – оның әлсіз мүшелеріне көрсеткен қамқорлығынан білінеді» десек, Шиелінің әлеуметтік саясаты осы қағиданы нақты іспен дәлелдеп отыр. Шиелінің бүгінгі жетістігі – қағаздағы ­статистика емес, адам тағдырындағы нақты өзгеріс. Әрбір цифрдың артында бір отбасының қуанышы, бір ананың алғысы, бір жастың мүмкіндігі тұр. Мұнда еңбек те бар, мейірім де бар. Сондықтан киелі мекен – еңбегімен ел дамуына үлес қосқан, әлеуметтік әділеттілікті ту еткен өңір.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ

08 қараша 2025 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№85 (9352)

10 қараша 2025 ж.

№84 (9351)

04 қараша 2025 ж.

№83 (9350)

01 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930