«КӨГІЛДІР ОТЫН» ЖАҚҚАНДА...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев газдандыруды ел дамуының маңызды стратегиялық бағыты деп бірнеше рет атап көрсеткен болатын. Өйткені табиғи газға қосылу – тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, экологияны сақтап, экономиканы алға сүйрейтін шешуші фактор. Міне, осы бағытта Шиелі ауданы аймақтың көшбасшыларының біріне айналып келеді. Бүгінде Шиеліде 16 елді мекенге табиғи газ жеткізілді. Бұл – мыңдаған отбасының пеш жағып, күл төгіп, отын тасып әуре болмай, бір ғана тетікті бұрап жылу мен ыстық суға қол жеткізуі деген сөз. Ауданда газдандыруға 30 миллиард теңге бөлініп, 330 шақырым газ құбыры тартылып жатыр. Бұл – алып құрылыс қана емес, әр үйге жылу, әр отбасыға қуаныш әкелетін үлкен бастама. Биыл Ортақшыл, Бәйтерек және 22-бекет елді мекендерінің тұрғындары алғаш рет көгілдір отынның жалынын тамашалап, қыстың қақаған аязында пеш жағу әуресінен құтылды. Осылайша аудандағы газбен қамту көрсеткіші 80 пайызға жетті. Бұл – халықтың өмір сапасында жаңа дәуір басталғанының айғағы.
Ауданның газдандыру тарихында М.Шоқай ауылында салынып жатқан автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) – айрықша мәнге ие нысан. Бұл станция іске қосылғаннан кейін Тартоғай, Сұлутөбе, Майлытоғай, 1 Мамыр, Бәйгеқұм, Бала би, Жөлек ауылдарының тұрғындары да табиғи газға қол жеткізеді. Бұл тек тұрмыстық жайлылық емес, ол – жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Газ келген ауылда кәсіп ашуға, жылыжай салуға, тіпті өндірістік цехтар тұрғызуға жағдай туады. Ең бастысы, тұрғындар көмірдің түтінінен құтылып, ауылдардың аспаны көкжиектей ашық болады. Өткен жылы аудан бойынша екі елді мекенге газ тартылып, орамішілік желілер құрылысына 1,1 миллиард теңге бөлінді. Қаражат өз нәтижесін беріп, ауыл тұрғындары алғаш рет көгілдір отынды пайдалана бастады. Ал 2025 жылы бұл жұмыс одан әрі жалғасады. 21-бекет пен Жансейт ауылдары газға қосылып, аудандағы көрсеткіш тағы да артады. Бұл – тек жоспар ғана емес, нақты жүзеге асып жатқан мемлекеттік саясаттың көрінісі. Көгілдір отын ауыл халқы үшін қарапайым тұрмыстық қолайлылықтан әлдеқайда артық. Оның әлеуметтік және экономикалық әсері зор. Біріншіден, газға қосылған үйлерде өмір сапасы едәуір жақсарады. Әсіресе балалар мен қарттар үшін бұл үлкен жеңілдік. Екіншіден, кәсіпкерлікке жаңа серпін береді. Газ келген ауылда наубайхана, жылыжай, цех сияқты нысандар ашу оңай. Үшіншіден, экологияға пайдасы зор. Көмірдің түтіні азайып, ауылдың ауасы тазарады. Бұл – бір сөзбен айтқанда, ауыл өмірінің жаңа бетбұрысы. Шиелі ауданы бүгінде газдандыру қарқыны бойынша облыстағы үлгілі өңірге айналып отыр. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған бұл ауқымды жобалар толық жүзеге асқанда, аудан халқы 100 пайыз табиғи газға қол жеткізеді. Бүгінде көгілдір отын тек пештегі алау емес, ол – халықтың тұрмысын жеңілдетіп, ауылды өркениетке жетелейтін символға айналды. Шиелі жерінде тұтанған осы көгілдір жалын – болашаққа деген сенімнің, даму мен жаңарудың шырағы іспетті. Ауданның әр үйінде маздаған от – тек жылудың емес, жаңа өмірдің, жарқын болашақтың белгісі.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ