Өмір жолы – тарих, еңбек жолы – шежіре

Балалық шағы Ұлы Отан соғысы өрті тұтанып тұрған уақытқа сәйкес келген оны соғыстың салқыны мен ауыртпалығы ерте есейтті. Балалықтың бал дәмін татпастан, жұмысқа ерте араласты. Бесіктен белі шықпай жатып өгіз жетектеп, жер айдады. Есектің қыр арқасында отырып, аудан орталығына астық тасыды. Бар болғаны он жасында-ақ егін алқабына араласып, бидай орып, күріш егуге үлес қосты. Бұл оның еңбекке етене жақын, төзімді әрі табанды азамат болып қалыптасуына жол ашты.
Киікбай Смайылұлының бүкіл өмірі Шиелі ауданының өсіп-өркендеуімен тығыз байланыста өрбіді. Ол 1957 жылы Ташкент жер суландыру және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлерін дайындайтын институтты инженер-механик мамандығы бойынша аяқтап келген соң, еңбек жолын «Шиелі механикаландырылған орман-тоғай шаруашылығында» мотор-трактор шеберханасының меңгерушісі болып бастайды. Одан соң сол кездегі Қызыл Ту колхозында (Ы.Жақаев ауылы) 8 жыл бойы бас инженер қызметін абыроймен атқарды. Қандай істі де тындырымды, ұқыпты атқаруымен көзге түскен ол кейін Шиелі РТС мекемесінде 12 жыл аға инженер ретінде қызмет етті. Еңбекке деген адалдығы мен ұйымдастырушылық қабілеті оның 12 жыл бойы Бәйгеқұм совхозын басқаруына жол ашты. Директорлық қызметті мінсіз атқарып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Ол басқарған кезде ауылдың тұрмыс-тіршілігі түзеліп, шаруашылық жетістіктерге қол жеткізді. Зейнет жасына дейінгі соңғы үш жылында сол Бәйгеқұм ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, ел сенімін тағы да ақтады. Ауылдың әлеуметтік мәселелеріне баса назар аударып, халықпен етене жұмыс істей білді. Оның шыншылдығы, әділдігі мен еңбекқорлығы ел есінде. Киікбай көкеміз зейнетке шыққан соң да қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына ықпал жасады.
1970-1978 жылдары Киікбай Смайылұлы «Ауылшаруашылығы техникасы» бірлестігінің басшысы болған тұста елде тың игерудің екінші кезеңі жүріп жатты. Ол кезде Шиелі аупарткомның бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджанов болатын.
– Еңбек жолымдағы үлгі тұтатын адамдарым Ғафур Мұхамеджанов пен Қонысбек Қазантаев болатын. Іскер, еңбекқор, сондай әділ кісілер болатын. Оларды өмірлік ұстазым десем де артық емес, – дейді кейіпкеріміз.
Ұстаздарынан көрген, түйгеніне өзінің өмірлік тәжірибесін ұштастырған Киікбай Смайылұлы бірлестіктің жұмысын ә дегеннен-ақ үйіріп алып кетеді. Қызметіне тәнті болған басшылық оны сол кезде жаңадан құрылған Бәйгеқұм көкөніс-бақша совхозына директор етіп тағайындауға шешім шығарады. «Көкөністі жегенім болмаса, егудің қыр-сырын білмеймін ғой» дегеніне қарамай, «сен екпейсің, ұйымдастырасың» деп басшылық тізгінді қолына береді. Талантты адам қай істе де талантты. Совхозды басқарған 12 жылдың ішінде бүкіл Шиелі ауданынан шығатын қауынның жартысынан көбін Бәйгеқұмнан өндіретін мүмкіндікке жетеді. Мәселен, жыл сайын Қызылорда облысынан экспортталатын 32 мың тонна қауынның 11-12 мың тоннасы Шиеліден жөнелтіледі. Ал сол 11-12 мың тоннаның 6-7 мың тоннасы Бәйгеқұмның қауыны еді. Әр ауылдың тұрғынына берілетін 25 сотық жерден бөлек, совхоздың есебінен 500 гектар аумаққа қауын егілетін. Бәйгеқұмның өзіне тиесілі алқабы болмағандықтан Қарғалыдан бастап Айдарлы совхозына дейінгі аралықтағы дарияның қос бетін жағалай егін даласына айналдырған. Оны күтіп, баптап өсіру бір бөлек, шашау шығармай діттеген жерге өткізіп, диқанның еңбегін өтеу үлкен шаруа. Совхоз құрылған сәттен басы-қасында жүріп, аптап ыстық пен қаһарлы қысқа қарамай еңбек еткен басшының әр сәті күні кешегідей есінде.
Қарияның өз аузынан
– Өмірде түрлі жағдайлар кездеседі ғой, – деп бастады қария әңгімесін. Бәйгеқұм көкөніс-бақша совхозында жұмыс істеп жүрген уақытым. 1975-76 жылдары өзіміз жөндей алмаған техниканы Манкентке жіберетінбіз. Бірде олар да «қосалқы бөлшек жоқ, жөндемейміз» деп қайтарып жіберді. Мамыр айы болатын, оның үстіне алқапта су тапшылығы біліне бастады. Жиырма шақты сорғы бұзылып тұр. «Не істеймін?» деп ойландым. Ол уақытта қосалқы құрылғы шығаратын зауыт Алматыда еді. Аудан басшылығынан рұқсат сұрап, солай қарай жол жүрдім. Барсам зауытта тіршілік қайнап жатыр. Мәселе сол уақыттарда Оңтүстік Азия мен Африкада су болмай, Қазақстандағы барлық сорғыны сол жаққа көмек ретінде жіберіп жатқанында екен. Сонау жерден келген соң құр қол қайтқаным болмас деп, кеңсеге қарай бет алдым. Кірсем мұндағы тіршілік қатал, ешкіммен сөйлесу мүмкін емес. Біраз бақылап тұрғанымда көзіме екі кісі түсті. Не болса да осы екеуі көмек берер деп ойладым. Кеңсе ішінде ешкіммен сөйлесу мүмкін емес. Әлгі екі кісінің шыққанын күтіп, жұмыс уақыты аяқталғанша сыртта отырдым. Абырой болғанда мен тосып отырған қос кісі мекемеден бірге шығып келе жатыр. Соңдарынан ере бердім. Біраз уақыттан соң екеуі жолдың бойындағы бұрылыстан бұрылды. Сол сәтте жандарына барып, жөн сұрасып:

– Маған 20 қозғалтқышқа поршын керек, – деп бірден шаруамды айттым.
– Оны қайтіп алмақсыз? Жағдайды өзіңіз көріп тұрсыз, – деді олар. Мен шаруамды бітірмей кетпейтінімді, елдегі жағдайдың қиындау болып тұрғанын айтып:
– Он бес күндей уақытым бар, зауытты күзетіп отыруға дайынмын. 1-2 данадан болса да алып отырайын, – дедім. Әлгі кісілер менің алған бетімнен қайтпайтынымды білді ме, көмектесуге келісті. Сөйтіп бас-аяғы он шақты күнде 20 қозғалтқыш пен 120 поршынды алып қайттым.
Тағы бір ұмытылмас оқиға 1988 жылы болды. Маусым айында «агропромға» шақырып алып, биылдан бастап бақша өнімдері СЭС-тің тексеру нәтижесі бойынша қабылданатынын айтты. Ол уақытта 500 га жерге қауын егетінбіз. Ешқандай тыңайтқыш бермейміз. Сондықтан сескенбедік. Тамыз айында егін пісе бастаған шақта айтылған тексеру жүргізілді. Арнайы мамандар келіп, бірнеше қауынды алып, сараптама орталығына алып кетті. Біраз күн өткен соң «қауынбазға» телеграмма келді. Онда «Бәйгеқұм совхозынан қауын қабылданбасын, сараптама қорытындысы белгіленген нормадан жоғары шықты» деген сынды жазба жазылыпты. Тез арада шешім шығармасам ала жаздайғы еңбек еш кеткелі тұр. Дереу ұжымды жинап, қауынды совхоздың емес, ауылдағы жеке адамдардың атынан өткізе берулерін тапсырдым да, өзім сараптама орталығына қарай жүріп кеттім. Қолыма өзім егіп баптаған 3-4 қауынымды алып алдым.
СЭС мекемесінің басшысы кәріс кісі екен. Бәйгеқұм совхозынан келіп тұрғанымды айтып:
– Өткен жолғы қауындар совхоздың еншісіндегі, көпшілік еккен өнім. Мүмкін біреулер әлдебір нәрсе сепкен болар. Ал мынау тек өзім ғана баптаған қауын. Бұның таза екеніне сенімдімін, тексеріп көрсеңіздер, – дедім. Қауынды жарғаны сол еді, қызметкерлердің барлығы «не деген керемет иіс? Қай жақтың қауыны?» деп жамырап келіп жатты. Аз уақытта қорытындысы дайын болды. Тағы да теріс нәтиже. Мен мүмкін емеске салып, бәлкім дарияның суы дұрыс емес шығар дедім. СЭС басшысы судан ешқандай күдік жоқ екенін алға тартты.
– Аппаратымыз да су жаңа, – деді сөз арасында.
– Оны қайдан алдыңдар?
– Ташкенттен.
– Онда маған бір адамыңды қосып бер, мен сол аппарат шыққан жерге барайын, – дедім.
Жаныма бір жігітті ертіп жіберді. Екеуміз қауынды алып вокзалға қарай тарттық. Таң ата Ташкенттен түстік. Біз баратын лаборатория ескі шаһарда екен. Діттеген жерімізге жетіп, келген себебімізді айттық. Қауынды кескеннен зертхана қызметкерлері «не деген балдай қауын? Қай жерден келдіңіздер?» деп сұрақтың астына ала бастады. Қызылорда облысынан келіп тұрғанымызды айттық. Әп-сәтте қорытынды дайын болды. Ешбір артық зат анықталмады. Зертхана басшысының қабылдауына кіріп, өзіміздің облыстың қорытындысын көрсетіп, ол жақта теріс нәтиже шыққанын айттық.
– Аппарат қандай? – деп сұрады бізден. Жанымдағы жігіт атын айтып еді.
– Өй, ол жаңа құрал. Түсіндіріп айтқан едік қой, шыққан көрсеткішті екі есеге азайтқанда нәтижесі белгілі болады, – деп, Қызылордадағы зертханаға қоңырау шалып сөйлесті. Біз қайтадан жолға шықтық. Осылайша тағы бір қиындықтан сәтті шыққанымыз бар.
Ардагер осы әрекеті арқылы бүкіл бір ауданның ала жаздайғы еңбегін еш болудан сақтады.
Көштің қамқоры, елдің жанашыры
Тарих бетінде ел үшін еңбек еткен тұлғалардың ізі ғана емес, ісі де қалады. Киікбай Смайылұлы ел басқарған жылдары өзінің тек шаруашылық басшысы ғана емес, нағыз ел ағасы екенін іспен дәлелдеген.
Тарих бетінде ел үшін еңбек еткен тұлғалардың ізі ғана емес, ісі де қалады. Киікбай Смайылұлы ел басқарған жылдары өзінің тек шаруашылық басшысы ғана емес, нағыз ел ағасы екенін іспен дәлелдеген.
Ел ішінде экономикалық қиындықтар күшейіп тұрған кезеңде, Киікбай Смайылұлына Өзбекстанда тұратын қандас ағайынның бірі хабарласып, елге оралу ниетін білдіреді. Бірақ ол жалғыз емес еді. Бір ауылдың халқы – жүзге жуық отбасы түгелдей тарихи Отанына оралғысы келеді.
Бұл ұсынысты Киікбай ағамыз жүрекпен қабылдайды. Алайда нақты шарттарын ашық айтып, келісімін де жігермен білдіреді. Біріншіден, көшіп келген отбасылар кемінде үш жыл Бәйгеқұм ауылында тұрып, совхоздың шаруашылығына үлес қосуы керек. Екіншіден, бірден әрқайсысына жеке баспана беру мүмкін емесін айтып, жаңадан салынып жатқан 30-дан астам үйге бөлініп тұру керектігін түсіндіреді. Жұрағаттар бұл шарттарға келіседі. Артынша, Смайылұлы облыстық көші-қон комитетіне барып, қандастарды көшіруге көмек сұрайды. Комитет қолдау білдіріп, 30 көлік бөлініп, 100 отбасы туған жерге жеткізіледі.
Жаңа ортаға келген ағайынның жағдайы да оңай болмады. Бірақ сол қиындықты жеңілдету үшін ауыл әкімшілігі де, тұрғындар да жұмыла еңбек етті. Киікбай Смайылұлы көшіп келген жұртты үйіне кіргізіп, ас-суын беріп, ауыл тұрғындарының үйіне төсек салып, уақытша жатын орын дайындап берді. Бұл қамқорлық – жүректен шыққан кеңдік еді. Кейіннен сол көшіп келген отбасылар ауыл өміріне бейімделіп, шаруашылыққа араласты. Көпшілігі тұрақтап қалып, ұрпағы өсіп-өніп отыр. Олар бүгінде Киікбай Смайылұлының сол қамқорлығын тебірене айтып, шынайы алғысын білдіріп отырады.
Мұндай оқиғалар – ел есінде сақталар үлкен өнеге. Киікбай Смайылұлының бұл ісі тек азаматтық парыз емес, шынайы адамгершіліктің, ұлтқа деген сүйіспеншіліктің айғағы. Елге еңбегі сіңген, жұрттың алғысына бөленген тұлға ретінде оның аты мәңгі ел жадында қалмақ.
Адал еңбектің дәмі де, сөзі де шын
Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек етіп, талай белесті бағындырған Киікбай Смайылұлының шаңырағына барып, мерейтой қарсаңында ардагермен әңгімелесудің сәті түсті. Көңілі көтеріңкі, шабыты ширақ қария бізді жылы жүзбен қарсы алды.

Сөз арасында ел ағасына:
– Сіздің кезіңіздегі қауындардың дәмі ерекше тәтті еді. Оның сыры неде? – деген сауал тастадық.
Қария бір сәт ойланып барып:
– Қауынның тәтті болуының бір ғана құпиясы бар. Ол – тың жерге егу. Бір жерге 2-3 жыл ғана егуге болады. Одан соң міндетті түрде жерді ауыстырып отыру керек. Сонда ғана топырақ тазарады, өсімдік жақсы нәр алады. Содан дәмі де тіл үйіреді, – деп қысқа ғана, бірақ терең мағынамен жауап берді.
Бұл сөзден-ақ оның өмір бойы Жер-Анамен сырласып, егінмен етене еңбек еткенін, топырақтың тілін, тіршіліктің мәнін жетік білетінін аңғару қиын емес. Ардагердің әрбір сөзі – бүгінгі жастарға үлгі, ертеңгі ұрпаққа аманат.
Әңгіме-сұхбат барысында Киікбай Смайылұлы өзінің еңбек жолында қатар жүріп, ел игілігі үшін аянбай тер төккен замандастары туралы да жылы лебіз білдірді.
– Менің еңбек жолымда мықты ел азаматтарымен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Қорғанбек Қайруллаев, Сайлау Әбішев, Жақай Бодықов, Серік Дүйсенбаев, Бибіжан Жаукебаева, Нәзира Парманқұлова, Әтіркүл Шорабаева – бәрі де өз ісінің шебері, туған жердің нағыз жанашырлары болды. Олармен қызметтес болғанымды әрқашан мақтанышпен айтамын. Сол кісілермен иық тірестіре жүріп, ауылдың дамуына үлес қостық, – дейді ардагер. Бұл – тек құрмет емес, шынайы жолдастықтың, ұрпаққа үлгі боларлық сыйластықтың көрінісі. Аға буынның осындай ықыласы бүгінгі буынға сабақ болса игі.
Еңбегімен өшпес із қалдырған
1994 жылы «Ерекше еңбегі сіңген зейнеткер» ретінде облыстық мәртебеге ие болған Киікбай Смайылұлының ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол – «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы. Сонымен қатар бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған: «Тың және тыңайған жерлерді игерудің 25 жылдығы», «Еңбек ардагері», «Тыңға 50 жыл», Ұлы Жеңістің 65, 70, 75, 80 жылдығына арналған медальдар, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» екі мәрте медаль, Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық, Шиелі ауданының 95 жылдығына арналған мерекелік медальдар – бәрі де оның маңдай терінің, елге сіңірген өлшеусіз қызметінің айғағы.

Киікбай ақсақал қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласып, Шиелі поселкелік, Жөлек, Иіркөл, Бәйгеқұм ауылдық кеңестеріне бірнеше мәрте депутат болып сайланған. Ол ел үшін еңбек етудің нағыз үлгісін көрсетті.
1960 жылы жары Меруерт Әбубәкірқызымен шаңырақ көтерді. 7 ұл-қыз өсіріп, олардан 15 немере, 5 шөбере сүйіп отыр. Тоқсанның төріне шыққан ақсақал – ұрпаққа үлгі, елге тірек, өткеннің куәсі, бүгіннің шежіресі.
Осындай ардақты тұлғалар барда ел еңсесі тіктеліп, тарих жалғасын таба бермек.
Гүлхан ЯХИЯ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі