Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елі үшін туған ер

Елі үшін туған ер

Қазақта ардақ тұтар азаматтар көп-ақ. Солардың бірі – отбасының тірегі, әулетінің тұғыры, саналы ғұмырын Бестам ауылының өсіп-өркендеуіне арнаған арда азамат Жеңісбек Ыбырайұлы болатын.
Жеңісбек Ыбырайұлы 1944 жылы 26 желтоқсанда өмірге келген. Еңбекке ерте араласты. 1963 жылы орта мектепті тәмамдаған соң, кіндік қаны тамған жерде еселі еңбегін бастады. Бестам, бұрынғы Ленин колхозының егіс даласында қолының табы қалды. Жер жыртты, астық септі, оны орып жинады.
Кейін Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумының механика бөлімін бітірген ол трактор бригадасының бригадирі, колхоз комсомол комитетінің, коммунистік партияның бригададағы цехтық ұйымының хатшысы болған. Қоса кеткен жөн, коммунист қатарына да өтті. Зейнетке шыққан соң Бестам ауылының ардагерлер ұйымының төрағасы болып өмірінің соңына дейін қызмет етті. Мұның барлығы Жеңісбек Ыбырайұлының азаматтық парасат-пайымын, саяси түсінігін, таным-білігін өз деңгейінде арттырды. Ауыл өміріндегі нәтижелі еңбек бағалы болып, абырой биігінен көрінді. Мәскеуге Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне барып, еселі еңбегінің арқасында қола медальды кеудесіне тақты. Ал 1970 жылы «Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медаліне ие болды. 1974 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медалімен марапатталған. Бейнетінің зейнетін көрген шақта «Шиелінің – 90 жылдығы», «Шахмардан Есеновтың 90 жылдығы» мерейтойлық медальдарын алған.
Ол ақкөңіл, жұрттың көңілі мен пейілін өз пиғылы мен азаматтық кең жүрегіне сыйғыза білетін. ­Ыбырай баласы Жеңісбектің қанында ұлттық намыс бар-тын. Қандай қызмет атқарса да, менмендік, астамшылық, шолақ белсенділік секілді қасиет-сипаттарды өз бойынан ада ұстайтын. Оның берекелі тірлігі өз жалғасын тауып, 1973 жылы СССР Жоғары Советі Президиумының Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен бағаланды. Аудандық партия комитетінің конференциясына делегат болып та қатысты.
Ойсыз адамды ұнатпайтын, қатыгез адамды жақтамайтын, адамдардың бойынан кіршіксіз сәби көңіл көрмесе, іштей қажып, торығып жүретін жан еді. Осы тұста Жеңісбек Ыбырайұлының «Ол тұс нақ қазіргіден қызық, мәнді сияқты екен-ау өзі» деген сөзі ойға түседі. Туған жерімізді бәріміз де сүйеміз ғой. Бірақ шетсіз, шексіз, ұлы махаббатпен сүюде кейіпкеріміз кейінгі ұрпаққа үлгі болып еді десек, артық айтқандық болмас. Кезінде елдің көбі өз бетінше тірлік істеп жатқанда, Жеңісбек аға отбасымен «Ұланғасыр» шаруа қожалығын құрып, күріш пен жоңышқа еккен.
Қазақта «Орнында бар оңалар» деген сөз бар. Тағы да сол ұлт даналығы мынадай сөз қалдырған – «Өшкен жанды, өлген тірілді». Дөп айтылған сөз. Міне, Жеңісбек Ыбырайұлы көзі тірісінде жары ­Назира ­Абызбаевамен отау құрып, 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығын да оқытып, тәрбиелеп, жоғарғы білімге қол жеткізген әкенің еңбегі текке кетпеді. Қыздары қияға қонып, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырса, ұлдары жауапты қызметтерде жүр. Яғни, олар аталары Ыбырай Жақаевтан, қала берді әкесі Жеңісбек Ыбырайұлынан мирас болып қалған адал еңбекті ту етіп, әулет намысын арттырып келеді.
Өмір – өткен күндер ғана емес, есте қалған күндер. Жеңісбек Ыбырайұлы секілді кіндік қаны тамған жерінің көркеюі үшін аянбай еңбек еткен ерлер қашанда ел жадынан өшпек емес.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
16 қаңтар 2023 ж. 274 0