Жазушымен жүздесу
Досбол датқа ауылдық мәдениет үйінде Сырдария топырағынан шыққан «Құрметті азамат» Қалдыбек Айтбаевпен кездесуге арналған «Аталар жолымен, ағалар ізімен» атты кеш өтті. Әсерлі кешті клубтың меңгерушісі Шолпанай Сариева ұйымдастырды. Иә, кәсібі мен мамандығы әдебиеттен алыс болса да бала күннен қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын оқып өскен Қалдыбек аға бүгін өзі де кітап жазуға ден қойған. Осы кешке «Досбол датқаға» арналған кітабы қалың оқырманға жол тартты. Айта кетейік кейіпкеріміз Қалдыбек Айтбаев Сырдария аудандық ауыл шаруашылық саласында толассыз қызмет етіп, бар саналы ғұмырын комсомол комитетінің өркендеуіне арнаған азаматтың бірі.
Аталған кештің шымылдығы «Биле, биле» би тобы үйірмесінің «Қамажай» биімен ашылды. Одан соң, салтанатты кешті ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дайрабай Сармолдаев ашып беріп, кеш қонағына алғысын айтты.
Аталған кештің шымылдығы «Биле, биле» би тобы үйірмесінің «Қамажай» биімен ашылды. Одан соң, салтанатты кешті ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дайрабай Сармолдаев ашып беріп, кеш қонағына алғысын айтты.
Кеш мәдениет үйінің қызметкерлерінің орындауындағы әсем әнмен, жыр-термемен ажарланды. Одан әрі Қ.Айтбаев оқырмандармен кездесу кешін ұйымдастырған мәдениет үйі ұжымына ризашылығын білдіріп, «Досбол датқа» туралы жаңа кітабын тарту етті.
Сондай-ақ, кеш қонағы «өзге ауданның перзенті болсам да, Шиеліге деген ыстық-ықыласым ерекше. Ал, маған деген Шиелі халқының ілтипаты мен құрметі бір бөлек» дейді.
Қасиетті Сыр топырағынан рухани құндылықтарды бойына сіңірген, саналы ғұмырын туған жердің мәдениеті мен руханиятына арнаған талай айтулы тұлғалар өсіп-өніп мақтанышқа айналды. Солардың ізімен Қалдыбек Айтбайұлы жүріп келеді. Ол 1940 жылдың 15 қаңтарында Қызылорда облысы Сырдария ауданы Айдарлы ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Қазалы ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесін, одан соң Қызылорда совхоз-техникумын үздік дипломмен бітірген. Арнаулы білім алғаннан кейін өзінің туған ауылында трактор, машина жүргізушісі, ауылдық бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, аудандық комсомол комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып 1971 жылға дейін қызмет атқарған.
Сырдария ауданында еселі еңбек еткен Қ.Айтбаев «Досбол датқа» туралы кітапты жазып шықты. Досбол Қорлыбайұлы 1816 жылы Сыр бойының Шиелі ауданына қарасты Жөлек ауылында өмірге келген. Ақыл-парасаты мен даналығының арқасында небәрі 30-ға толар толмас шағында Сыр бойын билеген Қоқан хандығының шешімімен өз руына, аймағына билік жүргізетін датқа лауазымын иеленеді. Досбол датқаның ғұмырнамасын қарайтын болсақ, талайлы тағдыр иесін көресіз.
Досбол би шешен, датқа ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен, ел мен елді бітістіріп, әділдігімен, тапқырлығымен, шешендігімен халық арасында зор беделге ие болған адам. Ол «Бәрінен сөз бастау қиын, тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң, келеке қылады» деп, аталы сөзді бәрінен жоғары қояды. Досбол би ел тынышын кетіріп, қанау-тонау саясатын жүргізген Қоқан бектерін ашық сынап, жолыққанда сөзбен түйреп отырған. Сонда 12 жасынан билікке араласып, Балқожа биден ат мініп, сый-сияпат көрген Досбол датқа тоқсаннан асқан шақта бұл өмірден өткен деген дерек бар. Осылайша, «Досбол датқаның» кітабын жазған Қ.Айтбаевқа Шиелі халқы ізгі тілектерін білдіріп, сый-сияпат көрсетті.
Шапағат ТІЛЕУБАЙ