Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шежірелі елдің ерлері

Шежірелі елдің ерлері


Береке дарыған елдің әрбір күні мерекелі болары даусыз. Сол елдің ішінде сөз тоқтатар қариясы, тыңдар құлағы, көрген-білгенін ел ризығына жұмсай білетін азаматтары болған жердің ырысы тасып, мәртебесі биіктей түсері қақ.
Әр заманның, әр елдің жол көрсетіп, жөн сілтер басшылары, билік иелері, әділдіктің туын тіккен тұлғалары болған. Сонымен қатар тарихы тереңнен бастау алған, атауларында үлкен мән бар елді мекендермен көп нәрсе байланысты. Сондай бір әлі де болса толық зерттеліп болмаған ынтымағы жарасқан ауылда еңбектен бақытын тауып, дара болмысымен танылған азаматтар жайлы бірер сөз айтпақпыз.
Тарихты білу үшін өткен заманға бір сәт кері шегініп көрейік. Қарт Қаратаудың етегінде орналасқан «Бестам» атты ауылдың тарихы әріден басталады. Ауылдың құрылуы жайлы ел аузындағы естеліктерге жүгінетін болсақ, қазіргі Бестам ауылына 10 үй соғылады. Үйді көруге келген сол кездегі ел иелері 5 үйдің іші де, сырты да, ыдыс-аяқтары да алтынмен соғылғанын көріп, қалған бесеуіне кірмей кетеді. Бірақ бұл ауылдың бұрынғы атауы «Гүлбаршын» болған. Ауыл адамдары 5 үйді қалдырады да, көрмеген 5 үйді бұзып тас­тайды. «Бестам» деген ат содан қалған екен. Тағы бір дерек. Филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың естелігінде Бестам 650-670 жылдар шамасында Сыр бойындағы ең үлкен қала болған. Сол кезде қиылған қыш нақыштарының әлі күнге дейін сыры ашылмауда. Қаратаудың етегіндегі бекініс әрі байланыс орталығы болған қала делінген. Жалпы кейінгі деректер бойынша 1929 жылы Артел –10-дық семья болып құрылып, 1930 жылы ТОЗ болып бекітіледі. 1932 жылы Еңбекші колхозы болып ұйымдастырылып, 1937 жылы майда колхоздар (Аққұм, Кеңес, Еңбекші, Дихан) қосылып ірілендіріледі. Колхоз орталығы Тартоғай станциясы болды. Осы жылы колхоз Тартоғайдан Қышқұдыққа қоныс тебеді. Өйткені, елдің қоныстанған жерінде су болмағандықтан құдық қазып Тартоғайдың қышымен шегендеген. Содан барып ол жер Қышқұдық атанып кеткен. Қышқұдықта санаулы үйлер болды. Кейін каналдың тау жағынан түсуіне орай қазіргі Бестам ауылының орнына көшіп келіп қоныстанды. Елді мекенге Тартоғайдан өгіз арбамен қыш тасып, үйлер тұрғызыла бастады. Үйлердің іргетасы орнына қыш өрілген. 1945 жылға дейін 30 үй тұрғызылған. Колхоз 1940 жылдан бастап күріш еге бастады. Мемлекет колхоздан 3 жылға дейін астыққа салық алмады. Бірінші жылы күріш өнімінен еңбек күнге екі килограммнан берді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Осыдан бастап еңбек күніне ештеңе берілмейтін болды. Әскерге алынған кісілердің орнына әйелдер, кәмелетке томаған балалар, қарт кісілер қалды. Еңбекке жарамды ер азаматтардың барлығы соғысқа аттанғаннан кейін трактор тізгініне әйел азаматтар, яғни, А.Дәулетова, М.Абылаева, Д.Қалымбетова, З.Пазылова, Р.Құдайбергеновалар отырды. Колхозды Досбол Рахым басқарып, алғашқы комсомол ұйымына Мария Абылаева жетекшілік жасаған.
1944-1945 жылдары басқарма төрағалары Смайл Оразов, Шайық Қалқаев, бас есепші Әбдіхамит Әшіров болды.1951 жылы СССР-дің үкімет қаулысы бойынша колхоздарды біріктіріп, бір жерге топтастыру басталды. Қызыл диқан, Алғабас, Ленин колхоздары біріктіріліп Ленин атындағы колхоз атанып, орталығы Алғабас болып бекітілді. Осы жылдар ішінде Әзімхан Исмайлов, Мұхамеджан Рахметов, Төлес Аппасов, Сайлау Әбішев, партиумның хатшылары Жағыппар Рсмаонов, Өмірзақ Исханов, Шайзат Қалымбетов, Мұхамедқали Садықовтар қызмет жасады. 1959-1979 жылдары аралығында Ленин бөлімшесінің бригадирі әрі меңгерушісі болып Беркінбай Смайлов, Пәтеш Рспанбетов жетекшілік етті. Бұл кезеңдерде шаруашылық жұмыстары үлкен жетістікке жетті. Ол кезде колхозда 800 жылқы, 8000-дай сиыр, 36000 қой, 600-дей түйе болды. Қоғамның өзгеруіне қарай, ауылдың аты тарихи орналасу жағдайына байланысты 1997 жылдың 27 желтоқсандағы облыс әкімінің шешіміне сәйкес, «Бестам» болып өзгерді. Айта берсе Бестам туралы деректер өте көп. Міне, осындай қойнауы шежіреге толы еңбек десе, еңбектеген бала мен еңкейген қарттарына дейін берілген халқы бар, бестамдықтардың бүгінде қоралары қойға, қамбалары дәнге толы, көшелерінде зәулім-зәулім үйлер бой көтерген. Ауылдың көрінісі көз тартарлықтай. Қиын қыстау кезеңдерде елді тығырықтан алып шығып, ел етіп қалыптастыруда бабаларымыз осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жеткізу үшін қаншама тер төкті. Төккен тер зая кетпеді. Жалғасын тапты. Әр кезеңнің өз жетістігі бар. Бір кездері қолмен орақ орып, кетпенмен жер аударған, батпаққа белшесінен батып, уақытпен санаспай, күндері далада өткен ағаларымыз бен апаларымыз, сушылар Б.Шауқабаева, З.Жүзбаева, С.Төлегенов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Әбекен Тоғызбаев, «Даңқ» орденді Қойлыбай Әбілов, Ыбырай Жақаев, бригадирлер Мұстафа Төлегенов, Жанарбек Бейімбетовтердің еңбектері елеусіз қалған жоқ. Үлкен құрмет көрсетіліп, бүгінде әрқайсысына өздері тұрған көшелердің аттары берілген.
Қай кезде де жақсы істер жалғасын табары сөзсіз. Осындай жандармен үзеңгілес болған, қазір ауылдың ішіндегі бірлікті сақтап, төрелігін беріп жүрген тоқсаннан асқан Жорабек Қайбулдаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Ыбыраев,­1985-1986 жылдары екі дүркін «Социалистік бес жылдықтың озаты» төс белгісінің иегері Қожабек Қыпшақбаев, ауыл молдасы Серібай Досанбаев, Нағмет Досманов, Сәнтай Байдарбеков, Елтай Боранбаев, Тәліп Жақыпов сынды ардагер аға буындар салып берген дара жол жалғасын тауып келе жатқаны кемелді тіршілік болашақтың кепілі іспеттес. Бұл ауыл жыл сайын емес, күн санап өркендеп, өсуін тоқтатпаған ауыл. Сонау заманда айбынынан ат үріккен әкелеріміздің жүріп өткен жолына қазіргі елге қызмет жасап жүрген азаматтардың алған асулары, шыққан биіктерінің кемдігі жоқ. Атын атап, түсін түстей мақтап, мақтауға тұратын жас­тайынынан табандылығымен, ойы, ниеті таза, жан-жақты, білімді ел ағасы болуға, басшылық жасауға лайық «Бестам елі» ұжымының төрағасы Балтабай Қошқаров, биік тұлғалы азаматпен иық теңестіріп, төңірегіндегілерге шарапатты шуағын шашып жүрген көркем мінезді «Алтын Дән» ұжымының төрағасы Қоңырат Рақменов, қасиетті Бестам топырағында өсіп өнген, пайым-парасаты жоғары, жора-жолдас, аға-іні бола білген «Ақниет-2» ұжымының төрағасы Серік Балғабаев. Бұл үш азамат – бір анадан туғандай бірліктің туын жықпаған, ел сеніміне ие болған жандар. «Көргені көп көш бастайды, білгені көп сөз бастайды» деген даналық сөздің куәсі, бірін-бірі тыңдай, бірінің жоғын бірі түгелдей ауылдың мәдениетін, әл-ауқатын көтеруде аянбай тер төгіп жүрген бұл азаматтарға елдің ризашылығы, айтар алғысы шексіз. Қыс бойына техникаға жөндеу жұмысын жүргізіп, көктемгі егіске дайын етіп, алдымен халықтың көкөніс егетін алқаптарын жыртып дайындауда, әрбір шаңырақтың хал жағдайын ескеріп, мал азығы үшін жем-шөппен, қыстай отын-сумен қамтамасыз етуді дағдыға айналдырған. Әрқайсысы 500 гектардан күріш еккен бұлардың межесі де жоғары. Алты ай жаз үй көрмей, күрішті баптаудың бапкерлері, майталман сушылар Әлжан Досманов, Қайықбаев, Ахмет ­Сарыбалаев, Жанат Башаров, Төре Мәліков, Жарқынбек Жүсіповтің әрқайсысы 70-80 гектардан күріш егіп, әр гектарынан 55-60 центнерден өнім алуларына нық сенімді. Қаздай тізілген дала кемелері сары алтынды жапыра жеп, бункерлерін толтыра бірімен бірі жарыса шапқан машиналарға құйып үлгере алмай жатқаны егіс алқабын көріктендіре түскендей.
«Ауылдың ажары азаматынан» дегендей азаматтықтарына шықты да, сынды да жуытпаған, қайнаған еңбектің буын бұрқыратқан, киелі ауылдың өзіндік орны жоғарыда айтылды. Ал тағылымды жүз жылдық тарихы бар Бестам елін торқалы той күтіп тұрған сияқты.

Айжамал Әбдіхамитқызы,
Бестам ауылы

08 қазан 2019 ж. 830 0